26.09.2023, 11:45
Оқылды: 33

Бөкейде кеңестер билігі қалай орнады?

Бөкейде кеңес үкіметін жариялау 1917 жылдың 2 желтоқсанында өткен Бөкей қазақтарының жалпы жиынында айтылған. Жиналған жұртшылық өңірдегі уақытша өкіметті таратып, оның орнына 17 адамнан тұратын Революциялық комитетті сайлады.

жп орда

Оның төрағасы болып С.Генералов, орынбасарлығына Д.Теміралиев, хатшысына П.Варламов, мүшелеріне С.Нұралыханов, И.Саматов, Х.Меңдалиев, Т.Сейтбаев сайланады. Осылайша Бөкей даласының Халық Комиссарлар Кеңесі сайлаған 17 адамнан тұратын Бөкей облыстық Революциялық Комитетін құрды.

Ревком өз кезегінде жергілікті кеңестердің жұмысын ұйымдастыруда комитеттерін төмендегіше белгіледі.

Олар: Халық комиссары - Ақбаев, жер комиссары - Топчевский, денсаулық комиссары - Шомбалов, қаржы комиссары - Капцевич, ағарту ісі комиссары - Меңдешов, жол-почта комиссары - Щербаков, азық-түлік комиссары - Ахметов, сауда комиссары - Князов, Орданы корғау комиссары - Мусин және Жалпы комиссарлар кеңесінің төрағасы болып С. Меңдешов сайланды.

Келесі 1918 жылдың 30 сәуір мен 8 мамыр аралығында Бөкей даласы Кеңестерінің І сиезі өтеді. Сиезге бөкейліктерден 166 адам делегат болып қатысты. Сиездің төрағасы болып Ғ. Мұсағалиев, орынбасарлығына Сахипов пен Топчевский, хатшылығына Маметов пен Зайкин сайланады.

Сиез жергілікті атқару комитеттерінің төрағаларын сайлады.

Оларға І-Теңіз округінен: Измайлов, Мәдиев, 2-Теңіз округінен: Зұлхайров, Шагиев, Қамыс-Самардан: Залиев, Нұрлыханов, Таловкіден: Жақыбалиев, Шарипов, Қалмақ қисымынан: Берғалиев, Тарғынна: Сарыбасов, Махмұтов, Ордадан: Зайкин енді.
Осылайша бөкейліктер Кеңес үкіметін қолдап жергілікті жерлерде ұйымдастыру жұмыстарын бастап кетті.

Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале