1.04.2026, 12:00
Оқылды: 9

Бөкейдің тарихи еңбегін бағалау – ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің бір сипаты

Егер Бөкей көшпесе, жүрер едік біз қайда,

Шекараны өзге жұрт басқа жерден сызбай ма?.. 

Ғайсағали Сейтақ

Әр ұлттың тағдырына әсер ететін тарихи оқиғалар болады. Солардың бірі қазақ халқының тарихына алтын әріппен жазылуы тиіс, бірақ, өкінішке қарай, өзінің тарихи бағасын ала алмай жүрген Еділ мен Жайық өзендері аралығында, қасиетті Нарын даласында құрылған Бөкей ордасының  тарихы  деп  білеміз.

Бокей орда хан сарайы

Осыдан 225 жыл бұрын, нақтылай түссек, 1801 жылғы 11 наурыз күні Ресей императоры Павел І кіші жүз қазақтарына Еділ мен Жайық өзендері аралығын еркін жайлауға рұқсат берген жарлыққа қол қойды. Тура сол күні түнде қазақ халқы үшін тарихи маңызы зор құжатқа қол қойған патша өлтіріледі. 1801 жылдың аяғында Жайық өзені қатқасын жоғарыдағы жарлықты басшылыққа алып, сұлтан Бөкей Нұралыұлы қарамағындағы ел-жұртымен ұлтымыздың атақонысы қасиетті Нарын даласына көшеді. Осы тарихи көштің арқасында мемлекетіміз – бүгін еуразиялық мәртебеге (статусқа) ие. Еліміздің батыс аймағы және Каспий теңізі арқылы қол жеткізіп отырған жетістіктердің негізін қалаған Бөкей сұлтан екені – тарихи  ақиқат.

Нарын өңірінен шыққан талай тұлғаның ұлтымыздың тарихына, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және руханиятына қосқан үлесі орасан зор. Сөйте тұра, Бөкей ордасы тарихының мән-маңызын ұлықтау, меніңше, әлі де кемшін.

Биыл Бөкей хандығының құрылғанына – 225, хандықтың астанасы Хан ордасының іргесі қаланғанына – 200, Жәңгір хан ұйымдастырған ұлттық біліміміздің қара шаңырағы, қазақ даласындағы тұңғыш мектептің ашылғанына 185 жыл толады. Осы мерейлі даталарға әзірлік жұмыстарын ерте бастау жөніндегі ұсыныстарымызды, біздер, сол кездегі «Бөкейліктер» ҚБ басшылығына 2020 жылы жолдадық. Облыс, аудан әкімдеріне бірнеше хат жазылды, мерекелік шараларды өткізудің іс-шаралар жоспарының жобасы ұсынылды. Содан бері зымырап 6 жыл өтіпті. Біздің айтпағымыз, Бөкей ордасының тарихына тікелей қатысты үш мерейтой да мемлекеттік ауқымда, тарихи-тағылымды деңгейде лайықты аталып өтсе екен. Мәселен, Бөкей сұлтанның дүниетанымдық көзқарасын жан-жақты ашатын, тарихи еңбегін паш ететін кәсіби деңгейі жоғары деректі фильм түсірілсе дейміз.

Менің осынау мақаламның мақсаты – Бөкей ордасының тарихын толық қамту емес. Шамам келгенше, бұрын осы мерейлі дата қалай аталып өткеніне шолу жасап, көтеріліп отырған мәселеге билік өкілдері мен зиялы қауымның назарын аудару.

5-2019

1998 жылы 27 маусымда  облыстық «Орал өңірі» газетінде жарық көрген өлкетанушы Т. Шәріпқалиевтің «Бөкей ордасының 100 жылдық мерекесі қалай тойланды?» деп аталған мақаласында Астрахан әскери губернаторы М. А. Газенкампфтің және сол тұстағы Бөкей ордасын басқарған Уақытша кеңес төрағасының Санкт-Петербургтегі Ішкі істер министрінің атына жолдаған қатынас қағаздарында Бөкей ордасының құрылғанына 100 жыл толу мерекесін кеңінен атап өту жөнінде рұқсат сұраған тарихи құжаттар келтіріліпті. Онда «Известие о предстоящей столетней годовщине появилось в Астраханских газетах. Согласитесь, остаться нам равнодушным в такой замечательной для Орды день равносильно нравственному преступлению» деп  ғасырлық тойды тойламау,  адамгершілікке сын деп ашық жазыпты. Осы берілген баға 100 жыл өтсе де, біз  үшін мәнін жойған жоқ деп есептеймін. Сонымен 1901 жылдың 11 наурызында Бөкей Ордасының барлық қисым  орталықтары мен ауылдарында осы елеулі датаны салтанатты түрде түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру арқылы атап өтеді. Әлгіндей бұқаралық-мерейтойлық іс-шаралар халық мешіттерге жиналып, Бөкейдің аруағына бағыштап құран оқуымен түйінделген. Ресейдің үлкен қалаларында оқып жатқан бөкейлік қазақ балаларына Бөкей ханның атындағы стипендиялар тағайындалған. Сондай-ақ осы мерейтойдың құрметіне бір топ бөкейлік азаматтар Санкт-Петербургке жіберілген. Ресей империясының астанасына сапар шеккен делегация құрамында Бақтыгерей Кұлманов, Мұхаметжан Есенбаев, Мұханәлі Шынтеміров, Ибрагим Танашев, Нұрмұханбет Бөкейханов сынды ел ағалары, зиялы қауым өкілдері болған екен. Бөкей Ордасының құрылғанына 100 жылдық мерейтойы сол тұста үлкен саяси және әлеуметтік маңызы бар іс-шара ретінде аталып  өткен.

Құрметті оқырман, 1901 жылы өткен мерейтойлық іс-шаралардан кейін Бөкей ордасының негізін қалаған Бөкей Нұралыұлының еңбегін, ел тарихындағы орнын ел жадынан сызып тастағандай әсер қалдырады. Көп ұзамай билікке келген большевиктер ұстанған идеология хандардың, би-батырлардың еңбегін жоққа шығаруға тырысты. Тек егеменді ел болғасын төл тарихымызды зерттеуге, насихаттауға мүмкіндік   туды.

1996 жылы Орда ауданы әкімінің ұсынысына сай, «Бөкей ордасының құрылуына 200 жыл толу мерейтойына әзірлік шараларын ұйымдастыру туралы» облыс әкімі Қ. Жақыповтың арнайы қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы сәттен бастап 5 жылдан кейін келетін Бөкей ордасының 200 жылдық мерейтойына әзірлік басталып кетті. Тарихшылармен, Бөкей хан, Шығай сұлтан ұрпақтарымен жүйелі байланыс орнатылды. Өлкеміздің 200 жылдық тарихы БАҚ арқылы кеңінен насихатталып, кітаптар жазыла бастады. Мектептерде ашық сабақтар өткізу жұмыстары қолға алынды. Орынбор, Астрахан қалаларындағы архивтердегі қызметкерлермен, тарихшылармен бірлесіп қызмет жасалды. Орда ауылындағы музейдің атауы өзгертіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа тарихи ескерткіштер пайда болды. Жәңгір ханға кесене тұрғызылып, оның ашылуына ҚР Президенті қатынасқаны мәлім.

Соңынан белгілі күйші Дәулеткерей Шығайұлының, ғалым, этнограф Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері бой көтерді. Ал Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі ауыл тұрғындарының жинаған қаржысына тұрғызылғаны – жергілікті жұрттың елжандылығының айқын дәлелі. 1997 жылы қазан айында Орда ауылы маңайында  Бөкей ордасының құрылғанына 200 жыл толу мерейтойына әзірлік есебінде облыс деңгейінде үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Облыстың барлық аудандары үш киіз үйден тігіп, ел қонақтарын қарсылап құрмет көрсетті. Мерейтойлық іс-шаралар тізбегі театрландырылған  көріністерге қоса, ұлттық ойындарға ұласты. Осылайша, өтпелі кезең, өліара шақта, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өте қиын кезеңнің өзінде халықты бір сілкіндіріп, болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталған мерекені ұйымдастырған сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыповтың еңбегін атап өткен дұрыс  деп  есептеймін.

Сол жылдары көршілес Атырау облысы басшылығы және кәсіпкерлерінің ұйымдастыруымен Ресейдің Астрахан облысының аумағындағы Алтынжар ауылында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлына және Айбек ауылы маңында Бөкей Нұралыұлына зәулім кесенелер тұрғызылды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Орда ауданы атауы Бөкей ордасы ауданы болып өзгертілді. Жәңгір ханның есімі өзі ұйымдастырған және қаржыландарған   қазақ даласындағы тұңғыш мектепке берілді. Коммунизм идеологиясына негізделген көшелер мен елді мекендердің атаулары өзгертілді. Облыс орталығы Орал қаласындағы екі мемлекеттік университетке от тілді, орақ ауызды жорық жырауы, жалынды ақын Махамбет пен Жәңгір хан есімі берілді.

Мерейтойды мемлекеттік, тіпті ЮНЕСКО деңгейінде өткізу жөнінде келіссөздер жүргізілді. Сол кездегі мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевпен тұрақты байланыс орнатылды.

Бокей ордасы2

Облыс әкімдері болған Қ.  Жақыпов және Қ. Көшербаев мерейтойға әзірлік жұмыстарын үнемі қадағалап, рухани тұрғыдан да, қаржылай да қолдап отырғаны – бұл азаматтардың ел тарихының нағыз жанашырлары  болғанының  дәлелі.

Сол кезде болашақта өтетін үлкен мерейтойға «Аяз» АҚ-да әр ауданға арнайы қондырғыларымен үш киіз үйден жасап берді. Қысқасы, ел әзірлік жұмыстарына қызу кірісті. Осы жұмыстармен қатар, «Казреставрация» құрылыс мекемесінің мамандары Орда ауылындағы тарихи ғимараттарды жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сақталған эскиздерге сай Хан сарайы, Хан мешіті құрылыстары басталды. Хан бағы қалпына келтірілді. Бөкей ордасы білім беру жүйесі музейі ашылды. Жалпы музей экспонаттары жаңғыртылды. Т. Мақымов бастаған музей ұжымы, ауыл мекемелері, жалпы ауыл тұрғындары мерекеге мықтап әзірленді. Осындай қарқынды әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатқанда, аяқ астынан аудан басшысы басқа қызметке ауыстырылды. Өкінішке орай, ауданға келген жаңа әкім басталған жұмыстарды жалғастыруға ықылас танытпады. Сондықтан болар аудандық бюджетке түскен қомақты қаржы игерілмей, облысқа қайтарылды. Соның салдарынан бұрын жоспарланған

Шіркеу көлін, Казенный құдығын қалпына келтіру, талтеректер егу, мектеп асханасын жөндеу, Ұстаздар қалашығы деп аталатын шағын аудандағы тұрғын үйлерді оның иелерінен коммуналдық меншікке сатып алу сықылды қарайған жұмыс атқарылмай қалды. Осы орайда сол кездері музей мекемесі аудандық мәдениет бөліміне бағынышты болып, аудандық бюджет арқылы қаржыландырылғанын атап өткен  жөн.

2001 жылы күзде Орда ауылында көптен ел болып күткен Бөкей ордасының құрылғанына 200 жылдық мерейтойы аудандық деңгейде ғана ұйымдастырылды. Сөйтіп, оған облыс орталығы мен көрші аудандардан делегация қатысқан жоқ. Осы өткен 25 жыл ішінде музей басшылығының ұсынысымен және республикалық, облыстық  деңгейде қолдаудың нәтижесінде Хан ордасы ауылында қонақүй, визит орталығы, музей кеңсесі ғимараттары және бірнеше тақырыпта музейлер ашылып, бұдан да басқа жұмыс атқарылды. Аудан халқы жаппай көгілдір отынның игілігін көре бастады. Облыс орталығына қатынайтын асфальт жол салынды, бұған қоса Хан ордасы ауылы көшелеріне асфальт төселді. Тіпті 2021 жылы «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен  демеушілер қаржысына Маңғыстаудың ақ тасынан Хан ордасы ауылына кіреберіс қақпа орнатылды. Өкінішке орай, бұл жұмыс ауданда жалғасын таппады. Бүгінгі таңда республика, облыс тарапынан ішкі, яғни, отандық туризмді дамытуға жағдай жасалуда. Бірақ бұл жұмыстар ұлтымыздың тарихында ойып тұрып орын алатын Бөкей хандығы тарихын әспеттеп, елімізге әйгілейтін іс-шараларға ұласып  кете  алмай  тұр.

«Бөкейліктер» ҚБ осы жылдары облыс, аудан басшылығына бірнеше ұсыныстар түсірді. Соның ішінде, ерекше атап өтетіні – Зашаған кентіне Бөкей хан атын беру еді. Оған біреулер қарсы шығып, Алаш атауын беруді ұсынып, аяқасты орынсыз дау-дамай өршіді. Билік құрылымдары барлық деңгейде заңды шешімдер қабылданғанына қарамастан, кентке Бөкей ханның атын беру жөніндегі ұсыныс жүзеге аспады. Сондай-ақ Орал қаласының кіреберісі Ысқырық тауға (Свистун гора) Бөкей ханға ескерткіш орнату, көшелерге белгілі бөкейліктердің атын беру жөніндегі  ұсыныстарымыз  да орындалмады. Күні бүгінге дейін республика, облыс көлемінде бірде-бір оқу орнына, көшеге, ауылдарға Бөкей ханның есімі берілмей-ақ қойды. Ерекше екпін түсіріп айтар және бір жайт, Бөкей хандығына қатысты тарихы зерттеулер, жазылған кітаптар мен мақалалар, түсірілген фильмдер өңірдің тек 20 жылдық жылнамасын қамтитын Жәңгір Бөкейұлы кезеңінен аса алмай  келеді.

Біздің осынау қадап айтқан ұсыныстарымызға қосымша, болашақта Бөкей ордасының тарихын зерттейтін өз алдына орталық   ашу  керек!

Ал осы Орданың негізін қалаған, Ресей императорының, министрлерімен губернаторлардың тілін тауып, Еуропа құрлығының, соның ішінде Каспий теңізінің бір бөлшегін ұлтымыздың еншісі қылып, меншігіне бұйыртқан Бөкей Нұралыұлының өмірі, еңбегі жөнінде ақпарат жоқтын қасы. Ең болмаса, Орал қаласында орналасқан, кезінде Бөкей Нұралыұлын, Жәңгір Бөкейұлын ақ киізге көтеріп хан сайлаған жер – Хан тоғайы тиісті дәрежедегі қаламыздың тарихи орнына   айналмай   келеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, биылғы жыл  – еліміз үшін тарихи мән-маңызы зор мерейтойлар жылы. Яғни, Бөкей ордасының құрылғанына – 225, Хан ордасының іргесі қаланғанына – 200, ал Жәңгір хан мектебінің ашылғанына 185 жыл толады. Осы айтулы даталарды негізге ала отырып, Бөкейдің тарихи еңбегін лайықты бағалап, кеңінен насихаттау – менің ойымша, ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің  нағыз  бір  сипаты.

музей комп

Менің бүгінгі мақаламның көздеген негізгі нысанасы – жоғарыда көтерілген мәселелерге ат үстіндегі азаматтар мен зиялы қауымның назарын аудару, орынсыз назардан тыс қалған жұмыстарды бастау және ел тарихы жанашырларының пікірін  білу.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тарихымызды түгендеп, елдігімізді паш етер  қасиетті де қастерлі Нарын құмына қатысты үш бірдей мерейтойды бір атаның баласындай ұйымшылдықпен жарқырата өткізіп, тарихи тұлғалардың аруағының алдында жүзіміз жарқын болсын,  ағайын!

Лавр Хайретдинов,

«БҚО ауыл шаруашылығы  ардагерлер  ұйымы»

 қоғамдық бірлестігінің  төрағасы

P.S. Мақалада көтерілген мәселелер кезінде Бөкей ордасына қарасты болған Нарын, Қалмақ (Бөкей ордасы ауданы), Тарғын (Жәнібек ауданы), Талов (Казталов ауданы), Қамыс-Самар қисымдары (Жаңақала ауданы) және Атырау облысында орналасқан 1, 2-ші Теңіз округтары басшылығының, зиялы қауымының, жалпы бұрынғы Ішкі орда аумағында тұратын халыққа тікелей қатысы бар екенін  айта  кеткен  жөн.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале