Соңғы кезде елдегі сайлауларда көптеген ерекшелік бар. Елді саяси додаға тартудың да біраз амалы жасалып жүр. Бірі ұжым боп келіп, бірлігін көрсетсе, енді бірі ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, дауыс берушілердің назарын өздеріне аударады. Спортшылар команда болып кеп, таңдауын жасайды.
Бөкей ордасының споршылары да туған жерінде өтіп жатқан сайлауға ерекше нақышта қатысуды ұйғарды. Сайхын ауылындағы ат спорты мектебінің шабандоздары батыр кейпіне еніп, учаскеге салт атпен келді. Кешегінің қазағындай боп келіп, тұлпарларын тоғытқан жігіттер дауыс бере келген көпшілікті сүйсінтті.
- Атқа қонған қазақтың рухы биік болады. Салт атпен келіп, өзімізге назар аударудан аулақпыз. Осы арқылы кешегі көшпенді елдің ат үстінде жүріп, талай жаудың бетін қайтарған ел екенімізді көрсеткіміз келді, - дейді спорт мектебінің әдіскері Мұхтар Жоламанов.
Алғаш рет өтіп жатқан сайлаудан үлкен үміт күтетінін де жасырмаған атбегілер елге жол түсіп, асфальт төселіп жатқанына да разы.
-«Жаңа Қазақстан» құрамыз деп ел ағалары саяси жүйені де өзгертіп жатыр. Аудан әкімі лауазымына сайланған жан елдің дамуы мен игілігіне еңбек етеді деген үміттемін. Өйткені ол елдің сенімі мен үмітін арқалайтын жан, - дейді атбегілер.
Түгелбай Бисен,
Фотоға түсірген Замир Габдрахманов
zhaikpress.kz