Бүгін бокстан ерлер арасында Оралда басталатын Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанғандар алдағы ірі жарыстарда ел намысын қорғайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Олимпиада чемпионы, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан біріншілігінде биылғы әлем чемпионатына қатысқан боксшылар да бақ сынайды.
«Тек әлем чемпиондары мен жүлдегерлері жарыстан босатылды. Биылғы Қазақстан біріншілігінде әділ қазылық жасалып, ең мықтылар ұлттық құрамаға іріктелетін болады. Алдағы жылы алдымен 23 қаңтар – 1 ақпанда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 19-23 жастағылар арасында Азия чемпионаты өтеді. Содан кейінгі ірі дода – Азия ойындары. Сондай-ақ әлем кубогында командалық сайыс болады. Әлем кубогының жүлде қоры 2 млн АҚШ доллары болады деген жорамал бар. Міне, осы үш жарыста биылғы чемпионатта жеңімпаз атанғандар ел намысын қорғайды», - деді Б.Артаев.
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ел чемпионатында 13 салмақ дәрежесінде жеңімпаз-жүлдегерлер анықталатынын, біріншілікті өткізу үшін барлық жағдайдың жасалғанын жеткізді.
«Қазақстан чемпионатына еліміз қалалары мен облыстарынан 211 боксшы қатысып, бақ сынамақшы. Батыс Қазақстан облысының намысын биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбит бастаған 10 спортшы қорғайды», - деді БҚО бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Оралда бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтетінін жазған болатынбыз.