«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден».
Әлихан Бөкейханов
Осынау ұлы даланы мекен еткен киіз туырлықты қазақ халқы егемендік алғанға дейін қаншама зұлмат пен нәубетке толы дүрбелең жылдарды басынан өткерді десеңізші?! Сары даласы қандай дарқан болса, көңілі де соншалық кең, «Дос болғанға құшақ ашық туыспыз, Қас қылғанға қиып түсер қылышпыз» дейтін халқымыздың ең алғаш еңсесін тіктеген елеулі оқиға 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар бас болған Қазақ хандығының құрылуы еді. Араға алты ғасыр салып, 1991 жылы 16 желтоқсанда күллі Алаш халқын бодандықтың бұғауынан бостандықтың биігіне шығарып, шексіз қуанышқа бөлеген, көк байрағын тұғырына қайта қондырған тарихи сәт Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы болатын. Міне, сол бір айтулы оқиғаның орын алғанына биыл отыз жыл толды. Адам отыз жасында орда бұзса, еліміз де ендігі кезекте дамудың жаңа дәуіріне аяқ басқалы тұр. Олай болса, қазіргі таңда барша әлемді жаулаған жаһандану үрдісі кезінде ел келешегінің кемел болуы үшін, өзге алпауыт мемлекеттер арасында ұлттығымызды жоғалтып алмау үшін не істемек керек?
Ең әуелі, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу... Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген келелі ойын негізге алсам, ел іргесінің се-тінемей, берік болуына, басқа мемлекеттермен емін-еркін иық тірестіруіне ықпал ететін маңызды алғышарт – ұлттық сана. Ал сонда ұлттық код, ұлттық сана дегеніміз не? Ол – ұлттың өзге ешбір халықтарда қайталанбайтын ана тілі, ұлттық ділі, салт-дәстүрі мен мәдениеті, құндылықтары мен дүниетанымы секілді ұлттық феномені. Кез келген халықтың жасампаздығының негізгі тірегі туған тілі екені анық. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Алаш зиялысы А. Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгі таңда туған тіліміздің өрісін кеңейту – күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді... Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда... Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс» деп тіліміздің қазіргі кездегі мәртебесі жайында ой қозғаған болатын. Иә, ұлттық тіліміздің тереңге жайылған тамыры ұзақ жыл бойы жанышталып келсе де, бүгінде өркенінің түзу өсіп келе жатқаны және Конституцияда жазылған мемлекеттік тілді әр Қазақстан азаматының білу міндеті турасында қойылып отырған талаптың бары қуантады әрі тіліміздің болашағына деген зор сенім ұялатады. Қазіргідей жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеу үшін ұлттық тілмен қатар ұлттық діл мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап қалудың да маңызы зор. Менің ойымша, мұны ескіліктің сарқыты деп емес, ұлт ретіндегі тарихымыздың таянышы деп түсінген абзал және ұлттық мұраларымызды жаңа заманға сай үндестікте тиімді пайдалана білу қажет. Сондай-ақ қазір ұстараның жүзіндей күнде құбылып тұрған кезеңде, интернеттің адам санасын жаулап, ақпараттар ағыны шектен тыс көбейіп жатқан дәуірде ұлт зиялыларының ойлары мен еңбектерін дамудың стратегиялық идеялары ретінде ұстанған жөн. «Ұлт ұстазы ретінде кімнің идеяларын негізге алмақ керек?» деген кезде, сөзсіз, Ұлы дала даналарының көшін бастаушы хәкім Абайды есімізге аламыз. «Абай қазақтың әрбір ұл-қызының еркі, бостандығы үшін күресті. Оларды халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды» деп абайтанушы, көрнекті жазушы М. Әуезов айтқандай, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүріп, санасы ерте оянған, сол кездің өзінде-ақ халқын білім алуға, өркендеуге, жаңаруға шақырған ұлы Абай еңбектері бүгін де заман тынысымен бірге жасасып, жаңғырмаса, еш маңызын жойған жоқ. Ел Президенті Қ. Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ-стан» атты мақаласында: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек» деген болатын. Демек, ғасырлар бойы Конфуций іліміне жүгініп келе жатқан қытай халқы сияқты біздің де Абай іліміне ден қойғанымыз дұрыс. Сонда жарқын болашаққа апарар дамудың жаңаша сара жолына түсеріміз кәміл.
Келесі кезекте, бүгінгідей мемлекеттер арасындағы рухани-мәдени шекаралар жойылып жатқан заманда білім мен ғылымның алар орны айрықша. Дана Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген болатын. Міне, бүгінде осы ойдың дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз. Дамыған озық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, білім-ғылымын бірінші кезекте өркендеткен ел ғана алдыңғы қатардан орын алмақ. Сонымен қатар осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген түркі дүниесінің ұлы ойшылдары да сол кезде-ақ білімнің мемлекеттің басты тірегі екенін айтып өткен болатын. Солардың бірі де бірегейі Ахмет Иүгінеки «Ақиқат сыйы» еңбегінде елдің алға басуында әр азаматтың білімді болуының маңызы туралы сүбелі ойлар айтқан еді. Мысалы, дастанның «Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны жайында» деген бөліміне үңілсек:
«Білімді білімсіздің мыңын жеңер,
Ол біліп білім ізін, теңін теңер.
Көр байқап, оқы, сына: білім пайда,
Білмесең – басқа не бар, сенің нең ер?» – деген жолдардан «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деген халқымыздың даналық ойымен үндесіп жатқандай. Тәуелсіздік алғалы бері білім мен ғылым саласында бірқатар реформалар орын алған болатын. Сондай игі бастамалардың бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Тарихы отыз жылға таяп қалған бұл бағдарламаның арқасында көптеген ел жастары өркениеті озық мемлекеттерде білім мен тәжірибе алып, ел мүддесі үшін қызмет етуде, ары қарай да жалғасын тауып, болашақта ел тұтқасын ұстайтын жастарға мүмкіндік сыйлай берері сөзсіз. Қазіргі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы да ұлттың иммунитетін қалыптастыратын ұстаз мамандығының еркін дамуына, дәрежесінің өсуіне жол ашты. Сондай-ақ мектеп оқушыларына жаңартылған оқу мазмұнының енгізілуі де – маңызы зор шешім. Себебі оқулықтардың түгелдей жаңартылып, білім мазмұнының да жаңғыруы, әсіресе, оқушылардың сыни ойлау қабілеттерін дамытуға зор үлес қосады. Әрине, оқу жүйесінде болып жатқан өзгерістерге байланысты қателіктер де жоқ емес, «Көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өте бұл олқылықтардың да орны толар. Биылдан бастап 1-сынып оқушыларына «Әліппенің» қайта оралуы да маңызды қадамдардың бірі болды деп ойлаймын. Өйткені мектеп партасына отырған сәттен бастап ана тілінің әліппесіне қанып өскен шәкірттің келешекте еліне жанашыр азамат болып өсері анық. Сонымен қатар биылдан бастап ғалымдарға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл жас ғалымдардың құлшынысын оятып, ғылым саласында нәтижелі еңбек етуіне үлес қосады. Себебі ғалымдар ғана еліміздің білім, медицина, техника, инновация салаларын дамытатын бірден-бір білікті мамандар. Үш жүздің ханы атанған Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген еді. Ендеше, бүгінгідей білімнің ғасырында артта қалмау үшін оның өркендеуі жолындағы осындай жобаларды көбірек іске асырғанымыз абзал.
Үшіншіден, ұлт денсаулығына баса назар аудару керек. «Бірінші байлық – денсаулық» деген халқымыздың даналығын соңғы екі жылдағы әлемде орын алып отырған пандемия тағы бір рет дәлелдеп бергендей. Осындай қиын-қыстау кезеңде ғалымдарымыздың отандық вакцинаны ойлап табуы да Қазақстан медицина саласындағы елеулі жетістіктердің бірі. Дегенмен өзге де аурулармен күрес, емдеу жолдары, дәрі-дәрмек мәселесі тоқтап қалмауы шарт. Осыған байланысты мемлекет тарапынан «Дені сау ұлт» жобасының жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Өйткені дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті, қуатты мемлекет құра алады. Сондай-ақ бұл пандемия тек біздің ғана емес, жалпы, әлемнің көптеген елдерінде экономикалық қиындықтар туындатқаны рас. Әлбетте, ел дамуын нығайтатын айрықша фактордың бірі экономикалық жағдай екенін де ұмытпаған жөн. Алайда пандемиядан кейінгі кезеңде ел экономикасының дамуы тоқтап қалмауы үшін еліміздегі орта бизнеске көбірек көңіл бөлу керек екенін ел Президенті Жолдауында атап өткен болатын. Соған сәйкес «Бизнестің жол картасы» секілді бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Болашақта да мұндай жобалар жалғасын тауып, еліміздің қарқынды түрде дамуына үлес қосатынына сеніміміз зор.
Ойымды қорыта келе, есіме мынадай бір дерек түсіп тұр. Тау етегінде өсетін шырша мен аршаның тамырларын қоректендіріп тұратын арнайы топырақтың құнарлы қабаты болады екен. Егер ол қабат жойылса, қайта қалпына келуі үшін мыңдаған жыл уақыт керек болады. Табиғатты сақтап тұратын оның топырағындағы құнарлы қабаты болса, ал адамзат тіршілігінде оны сақтап тұратын рухани қабат. Иә, тарихымыздағы осыдан үш ғасырға жуық уақыт бұрын халқымыздың мойнына киілген бодандық қамыты ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан алтын көпірді үзіп, рухани, мәдени тарихынан ажыратқан болатын. Ендігі кезекте тәуелсіз елімізде сол үзілген алтын сабақты қайта жалғау – біз секілді жас ұрпақтың еншісінде. Егер бәріміз ұйыса ұлтқа қызмет етсек, ел болашағының жарқын, ғұмырының мәңгілік болары хақ.
Айназ Есекеш,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың І курс студенті