18.04.2022, 9:30
Оқылды: 82

Болат Арыстанәлиев: «ҚазМУ қалашығында менің де жастық шағым қалды...»

Біз Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, бірнеше медальдің иегері Болат Арыстанәлиевпен сұхбаттасып отырмыз. Өзінің 40 жылдан астам құрылысшы болған жылдарында Алматының көркіне көрік қосқан талай ғажайып құрылыстарда бұл азаматтың қолтаңбасы қалған.

казГУград

Солардың ішінде Бөкең Алатаудың алқасындай Алматының сән-салтанатын арттырған, талайлардың көзін суырған жанын да, жанарын да сүйсінткен, әсіресе студенттер үшін шырайлы шағын шаһарға айналған ҚазМУ қалашығын ерекше көреді. Ылғи әңгімелеп отырады. Өйткені Болат Қайыржанұлы – бұл қалашықтың құрылысына қатысып қана қоймаған, оның ең алғашқы іргетасын құйған саңлақтардың бірі. Біз бүгін Алатаудың етегінде алғаш еңсе тіктеген студенттер қалашығының алғашқы іргетасы қалай құйылды, оған кімдер қатысты, әрі қарай құрылыс қалай жалғасты деген сауалдарымызды қойып, қадірменді ағамызды әңгімеге тарттық. Өйткені студент жастардың арман қалашығының алғашқы іргетасы құйылғанына 50 жыл толып отыр ғой. Болат Қайыржанұлы әңгіме тиегін былайша ағытты.

– ҚазМУ қалашығының құрылысын бастаған құрылыс-монтаж басқармасы әу баста «СМУ-34» деп аталды. Кейін бұл сол кездегі ірі құрылыс болғандықтан атына заты сай болсын деп құрылыс-монтаж басқармасы «СМУ-Университетстрой» деп аталды. Өйткені ҚазМУ қалашығының құрылысы сәл кейін республикалық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланды. Оған республика бойынша комсомол жастар шақырылғанын өзің білесің. Сол кезде құрылысқа барамын деген жастарға комсомол ұйымдары арнайы жолдама беріп жатты ғой.

Университет қалашығының алғашқы бетоны 1972 жылы 19 сәуірде құйылды. Ол қай нысан дегенге келсек, биология факультетінің оқу корпусы болатын. Бұл өзі біріктіріле салынған үш корпустан тұрады ғой. Бірден айтайық, университеттің болашақ қалашығының орны енді шіркін-ай, несін айтасыз, керемет жерден таңдалған ғой. Ол үшін сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамызға, қазақтың маңдайына біткен сол кездегі жалғыз университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековке барлық студент болғандардың, қазіргі кезде оқып жүрген жастардың, олардың ата-аналарының рақметі зор болар. Мен өзім солай ойлаймын. Өйткені оқуың да, жатақханаң да, басқа да өз алдына өмір сүруге не қажеттің бәрі де бір жерде шоғырланған ғой. Ол кезде мына жағында ботаникалық бақ, оған жалғас халық ВДНХ атаған көрме павильондары орналасқан. Ал болашақ қалашық бұрынғы алма бағының орнында, ана жағында Алатау тұр асқақтап. Несін айтасың, әдемі жерден салынды ғой. Сол жерден 90 гектар жер бөлініп берілген. Онда оқу корпустары, студенттер тұратын жатақханалар, кафе-асхана, тұрмыстық қамту комбинаты, кинотеатр, театр, стадион, футбол алаңы болуы керек деп жоспарлаған. Былайша айтқанда, шағын қалашықта адамға не керек, соның бәрінің болуын әу бастан ойластырған.

Әлі есімде, қазақ айтқан «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп, Алматыда сәуір айы туып, қаланың құлпырып келе жатқан уақыты. Көктем. Күн де сол күні жарқырап тұрды. Алғашқы іргетас құйылуына Димаш Ахметұлы келіп қалуы мүмкін деген хабар негізі болуын болған. Бірақ ол кісі басқа да жұмыстар килігіп кетті ме екен, келмеді. Алдын ала маған белгілі әңгіме бойынша Димекең, сосын құрылысшылар атынан мен, екеуміз құясыңдар деп айтылған еді. Оған әрине, мені алдын ала дайындағаны, қалай, не істеймін, қалай тұрамын деген мәселелерді түсіндіргенін тізіп жатпайын. Димекең келмейтін болғаннан кейін салтанат бағыты өзгерді. Сөйтіп, бірінші бетонды Калинин (қазір Бостандық) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Чистьяков, құрылысшылардың атынан мен құйдым. Өзің ҚазМУ-дың құрылысында бес жыл құрылысшы болдың ғой, білесің, бетонды қалай құятынын. «Самосваль» машиналар бетонды 3 текше метрлік бадьяға әкеліп аударады. Оны көтергіш кранмен құятын жерге үстінен әкеліп тұрып, бадьяның аузын ашып келіп жібереді ғой. Соны Чистьяков екеуміз қос қолдап тұрып төмен қарай басып келіп қалдық. Бетон алдын ала қойылған қалыпқа сау ете қалды...

- Опалубка дейтін едік қой...

- Иә, орысша опалубка дейді оны, ағашпен жұмыс жасай білетін қолы епсекті жігіттер қояды. Темір опалубка да болады. Дұрыстап, берік етіп қоймаса, бетон сау ете қалғанда, болмаса кейін қатайып қатқанда, бетон қалыпты керіп, қақыратып жібереді. Жайылып кетіп, қатып қалған бетонды лом-сүйменмен, болып жатса, отбойный молотокпен талқандап, қайтадан опалубка қойып, құйғанды өзің көрген шығарсың?..

- Болат аға, айтатыны жоқ, опалубка дұрыс қойылмағанда, сүйменмен жаңағы өзіңіз айтқан бетонды ақ тер, көк тер болып талай ұрғыладық қой... Сіз ол кезде кім болып істейтін едіңіз? Бригадирсіз бе?

- Жо-о-оқ, мен қатардағы құрылысшымын ғой... Клетцель Иосиф Ивановичтің бригадасындағы қатардағы құрылысшымын. Ол кісі бүгінде өмірде жоқ, жатқан жері жарық болсын, Иосиф Иванович бір жақсы адам еді...

Димекең келгенде онымен бірге алғашқы бетонды құюшы мен болады екенмін. Қазақ жігіті деп таңдау маған түсті ме, оншасын білмеймін. Әңгімемнің ең басында айтқан «СМУ-34» «Алматыкультбытстрой» тресіне қарағанын өзің білетін шығарсың. Кейін оның атауын «Алматыцентрстрой» деп ауыстырды. Алғашқы бетон қабылдағанда трест басшысы Исходжанов Рашид Рахимұлы еді. Құрылыс басталғанда құрылысшылардың көбі бұрын шартты түрде сотталған немесе шартты түрде түрмеден босатылып, қалған жазасын еңбекпен өтеуге шыққан азаматтар болатын. Ауыз-екі тілде «зектер» дейді. Олар 70-тей адам болды. Мен бригаданың комсомол ұйымының хатшысы едім. Содан ылғи комсомолдардан тұратын жастарды анау сотталғандардан бөліп алып, ұйымдастырып, өз алдына бригада жасақтадым. Бұл енді дұрыс болды. Сотталған адам комсомол немесе партия мүшесі емес қой.

Гончаров Николай деген жігітті бригадир етіп сайладық. Бойлы, сойлы орыс жігіт еді, комсомол-құрылысшылардың «көсеміне» қатып кетті... Бұл КазГУ-град тарихында құрылған тұңғыш комсомол-жастар бригадасы болатын.

- Сіздер алғашқы бетонды құйып жатқанда, сол маңайда біздің, комсомолдардың штабы орналасқан кеңсе болды ма?

- Жоқ, қайдағы кеңсе, қайдағы штаб? Біздің «СМУ-дың» кеңсесі ол кезде Ташкент көшесінің бойындағы, анау мұсылмандар зираты маңайында, бір тупикте болды ғой. Сондықтан айналамызда алма ағаштары өсіп тұрған бақтан басқа ештеңе болған жоқ. Нақтылай айтқанда, қалашық құрылысына алғашқы әзірліктер 1971 жылы басталды. Ал 1972 жылы 19 сәуірде қалашықтың алғашқы нысаны – биофактің іргетасы құйылып тұр ғой. Ал сен айтып отырған кеңсе бірер жылдан кейін салынды. Кейін электрмен дәнекерлеуші болдым. Жаңағы сен айтып отырған кеңсеміздің, асханамен бірге, құрылысына қатыстым. Биофактың құрылысын әрі қарай Гликиннің бригадасы жүргізді. Одан әрі ТОЦ-тың (торгово-общественный центр) құрылысына қатыстым. Онда Марат Сейдахметов мен бригадир болды. Сосын барып бригадир болдым, прораб болдым, учаске бастығы да болып істедім. Ректораттың іргетасын құюға да қатыстық. Сөйтіп, мен жалпы нобайы КазГУ- градта 18 жыл жұмыс істедім.

- Болат аға, сонда сіз «Дружба» жатақханасының коменданты болып қай кезде жасап жүрсіз? Оны сұрап жатқан себебім - мен сол «Дружбада» тұрдым ғой... Біздер, ең әуелі, ҚазМУ қалашығын салушы комсомолдар сол «Дружбада» тұрдық. Кейін бізді ҚазМУ қалашығына 60 орындық барак-жатақханаға көшірді. Одан жаңадан салынған, сыңғырлап тұрған «Алатау» жатақханасына көштік. «Дружба» жатақханасында тұрғанда көргенмін сізді. 8 наурыз мейрамында қыздарды жатақханаға қонаққа шақырамыз деп басымыз бәлеге қалды. Сіз бізді жатақханадан шығарып жібере жаздадыңыз...

- Иә, есімде, есімде... Жатақхананың тәртібін неге бұзасың, шығарып жіберу керек еді, сені! (Бөкең рақаттанып күліп алды). Иә, комендант болып көп жасаған жоқпын, бірер жыл ма екен?! Айтпақшы, сонда мен сені кабинетіме шақырып алып, қалай деп ұрыстым есіңде ме?

- Есімде аға, айтып берейін бе?

- Ал айтшы?

- 8 наурыз мерекесі болатын. Қыздарды «Дружбадағы» бөлмемізге қонаққа шақырдық. Вахтер апайға көрінбей кіргізіп алдық. Ертеңіне бәрі жария болып қалды... Сіз мені кабинетіңізге шақырып алып ұрыстыңыз. «Алматыға не үшін келдің? Әке-шешең не деп жіберді?» - дедіңіз. Мен: - Әке-шешем оқуға түс деп, өзім де оқуға түсейін деп келдім. Сіз: - Ал сенің мынау не істеп жүргенің? Сен оқуға түсуге келген жоқсың, қыздармен гөлайттауға келгенсің. Сендейлерге, жатақхана тәртібін бұзатындарға бізде орын жоқ! Бар, қайқай! – дедіңіз. Зәрем зәр түбіне кетті. Жатақханадан қуып шықсаңыз, ол кезде тәртіп қатты, жұмыстан да қуатын еді. Бірақ әйтеуір, кешірдіңіз ғой, аға, рақмет! Алайда сол кезде ноқта-жүгенімді түріп, жатақханадан қуып шықсаңыз, Қазақстанның болашақ журналистер қатары бір адамға кем болатын еді. Ең қиыны, осы қазір сізден ешкім сұхбат алмас еді... (ағай осы арада рақаттана күліп алды).

- Болат Қайыржанұлы өзіңіз туралы кеңірек әңгімелеп беріңізші? Туған жеріңіз, қайда оқыдыңыз, ата-анаңыз туралы дегендей...

- Жарық дүниеге 1947 жылы көрініппін. Орал қаласында туып-өстім, сол қалада мектепте оқыдым. Әкем Қайыржан Орал қаласындағы тері-былғары зауытының қарапайым жұмысшысы, Социалистік Еңбек Ері. Ол кезде өндірісте істеп жүрген жұмысшы қазақтардан Еңбек Ері атағын алған тұңғыш қазақ болатын. Қақ-соқпен шаруасы жоқ, нағыз жұмыскер. Айтпақшы, Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин ашқан тұңғыш қазақ мектебін бітірдім. Ол кезде Оралдың орысы ормандай, қазақ аз. Қазақ аз болғасын мектеп те жалғыз болып тұр ғой...

Мектепті бітіргеннен кейін Алматыға тарттым. Ол кезде физкультурный институт деп аталады, соған тапсырдым. Оған әрине, спортпен айналысқандар барады ғой. Ал менің ол кезде үстел теннисінен спорт шеберіне үміткер деген атағым болатын. Орысшалағанда кандидат в мастера спорта. Орал облысының чемпионы деген атағым тағы бар. Сен өзің теннис ойынынан хабарың бар ма? Жылдам, жай оғындай жалт-жұлт, шарт-шұрт соққымен көз аштырмайтын ойын ғой. Сол жылдамдыққа орай бокстан да құралақан емеспін. Футбол, волейбол, жүгіру ол өз алдына, «Сонда анау институтқа мен түспегенде, кім түседі?» деген жастық кеуде бар. Қойып кетпеймін бе? Бірақ медосмотры қатты екен, содан өте алмадым. Басым салбырап, Оралыма қайттым. «Мен ештеңеге жарамайды екенмін...» деген ой жегідей жеп, кәдімгідей басылып қалғаным рас. Басылып қалғаным сондай қой бағып кеттім...

Қалаға жақын Зеленов ауданында. Сөйтіп, бір жыл қой бақтым. Бір жылдан кейін әскерге шақырылдым. Қызықты қара, службаға Северный флотқа түстім! Моряк! Ол кезде теңіз флотында 4 жыл служить етеді. Сол төрт жылды өтеп, Оралыма оралдым. Айтпақшы, ол кезде теңіз флотынан келген адамды келген бойда карантинге, госпитальға жатқызады. Армиядан ауырып келді демесін дейтін шығар. Госпитальда бірнеше күн жатқызып қойып, қара тырнағыңа дейін тексереді. Мені қараған полковник медицинской службы «Здоров как бык!» деп арқамнан қағып, шығарып салды. Полковникпен қоштасарда қалтамда физкультурный институтының 286 үлгідегі анықтамасы жүретін, соны оған көрсетіп: - Жолдас полковник, 1965 жылы институтқа түсерде мені аурусың деп, емтиханға жібермеді, - дедім. Ол бетіме барлай қарап тұрып: - Балам, денсаулығың мықты. Егер қаласаң, мен сені космонавтар отрядына жіберер едім, – деді.

Оралдың механикалық зауытына жұмысқа тұрдым. Сөйтіп жүргенімде, сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне «ҚазМУ қалашығы салынғалы жатыр, соған комсомол-жастарды шақырамыз» деген хабарландыру шықты. Көп ұзамай Алматыға аттандым. Сөйтіп, комсомолдық жолдамамен ҚазМУ қалашығының құрылысына тап болдым. Жоғарыда айттым ғой, онда 18 жыл жұмыс істедім. Тағы бір қызықты айтайын, сол ҚазМУ қалашығында жүргенде мені құрылыс саласынан Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ұсыныпты. Бірақ жеме-жемге келгенде сызылып қалыппын...

- Неге?

- Мені қатардағы құрылысшы болып жүргенде ұсынған. Бірақ ол кейін ысырылып қала берген. Енді берейік дегенде, мен прораб болып істеп жүр едім. Жоғары жақ, «Жоқ, қатардағы жұмысшы-құрылысшы болмаса, берілмейді» деген. Содан біздің трестегілер жанұшырып «Арыстанәлиевті құрылысшылыққа қайтадан жіберейік» деп шешіп, менің келісімімді алуға келді. Мен қатты ашуланып: «Сонда бұл атақ Арыстанәлиевке беріле ме, әлде жұмысшыға беріле ме?» деп келіспедім. Еңбек Қызыл Ту орденіне де ұсынылып, ол да бұйырмады, бұл ағаңа. Ол кезде де сол төңіректе бармақ басты, көз қысты болған сияқты. Бірақ еш өкінбеймін! Бұйырғанын алдық қой, қанағат керек адамға.

- Жанұяңыз жайлы да хабардар болып отырайық, аға.

- 1973 жылы үйлендім. Жеңгең екеуміз бір ұл, екі қыз сүйдік. Олардан тоғыз немерем бар. Перзенттерімнің екеуі өзімнің Алматымда, кенже қызым астанада тұрады. Бәрі де оқыған, мамандықтары бар, жұмыс істеп жатыр.

- Аға, оқуға түсемін деп, ҚазМУ-дың құрылысын салғандардың далада қалғаны жоқ. Оларға басқа талапкерлермен конкурста қатар келіп қалса, сәл-пәл басымдық берілетінін өзіміз басымыздан кешіп, университеттің журфагына оқуға түстік. Сіз 18 жыл жұмыс жасағанда ҚазМУ-ге оқуға түсуге талаптанып көрмегеніңіз қалай?

- Орынды сұрақ. Он сегіз жыл жұмыс жасағанда әуелі, комсорг ретінде талай комсомол-құрылысшыға университетке барарында мінездеме бердік, жолдамасына қол қойдық. Парторг (қоғамдық негізде) болғанымда да солай болды. Анау қолдарымды университет ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков көріп жүреді ғой. Қалашық құрылысына жиі келеді. Бір күні, «Болат, сен неге бізге оқуға келмейсің? Ең болмаса, сырттай түсіп алмайсың ба?» деді. Ол кезде жас кезіміз ғой, «Аға, дегенім есімде. - Бәріміз юрист, журналист болып кетсек, мына қалашықты кім салады?» Сонда ол кісі сәл-пәл ойланып тұрды да: «Бұл айтып тұрғаның да дұрыс» деді.

Осы күндерде ҚазМУ қалашығына жиі барып тұрамын. Бәрі еске түседі. Анау алақандарымыздың табы қалған ғимараттардың бәрін асықпай аралаймын. Бәрі ыстық, бәрі мен үшін аяулы. Сендер сияқты менің де онда жастығым, комсомол кезім өтті ғой. Ал ондай шағыңа қатыстының бәрі саған ыстық, қымбат...

Әңгімеге мұқият құлақ түрген

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале