25.01.2024, 17:00
Оқылды: 67

Болмысы бөлек адам еді...

Ұстаздардың да ұстазы атанған Гүлнәр Сырымқызының мезгілсіз қазасы ұжымды күңірентіп кетті. Ол таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай, «Қайткенде қоғамға бір пайдамды тигіземін, қайтіп айналамды гүлдендіремін» деп шыр-пыр болып жүретін. 50 жасқа жетер-жетпесте татар дәмі таусылғаны өкінішті. Иә, өткен жылдың  қараша айында ұлтым деп соққан ұлы жүрек мәңгілікке тоқтады. Қаралы хабарды естіп, төбесінен жай түскендей болған туыс-туған, колледж ұжымы, басқа да әріптестеріміз көз жасына ерік беріп, асылын жоқтап жылады. Жылай жүріп бас көтеріп, аяулы ұстазға арналған еске алу шараларын өткізді.

IMG-20240123-WA0074

Өткен жылғы желтоқсанның 23-інде Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде ұстазды еске алу кеші ұйымдастырылды. Бұл күні Гүлнәр Сырымқызы арамызда болғанда  50 жасқа толар еді... Сол күні Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде педагогика пәнінің оқытушысы, кафедра меңгерушісі, республикалық ТжКБ бойынша «Білім» бейіні ОӘБ төрағасының орынбасары, «Talap» КЕАҚ штаттан тыс тренері, колледж директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған Гүлнәр Сырымқызына арнайы бұрыш ашылды. Ол жерге ұлағатты ұстаздың  қысқаша өмірбаяны мен оқу, ғылыми-әдістемелік құралдары, әр жылдары мемлекеттен алған марапаттары, естелік суреттері қойылды.

Біртуар жақсының жақсылығы жадымыздан өшпейді. Ол кісінің өз ісіне деген, жалпы, колледжге деген сүйіспеншілігінен бастап, осы салада атқарған ізгі істері, азаматтығы мен биік парасаты, достыққа деген адалдығы, әріптестеріне, шәкірттері мен олардың ата-аналарына деген шексіз құрметі, сондай-ақ екінің бірінде бола бермейтін сан қырлы асыл қасиеттері сөз етілді. Осыншама игі істердің басы-қасында болып, көпшіліктің жүрегінен өшпестей орын алған, жүріп өткен өмір жолы кімге болса да үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ал сондай өмірінің ең сәулелі, ең мәуелі шағында шорт үзілгені – жүрегі бар жандарды жылатпай қоймаған еді. Ол болмысы бөлек адам еді...

Гүлнәр Сырымқызы 1973 жылы 23 желтоқсанда Жаңақала ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін үздік аттестатпен бітірген соң, 1988 жылы сол кездегі Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны  1992 жылы үздік дипломмен аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Ұстаз болып қалыптасуы Жаңақала ауданы Ю. Гагарин атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі лауазымынан басталған. Алғашқы күндерден бастап білімімен дараланған жас педагог қызмет бабында өсіп, үнемі білімін толықтырып, Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің тарих пәнінің мұғалімі, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің педагогика және психология факультетін тәмамдаған.

Әріптесіміз саналы ғұмырын, білімі мен білігін,  бар күш-жігерін  БҚО техникалық және кәсіптік білім беру саласына арнады. Гүлнәр Сырымқызы еңбегін арнаған саланы дамытуға сіңірген белсенді қызметі мен озық ойлайтын кемел қабілетіне тәнті етпей қоймады. Еңбек жолында белсенді болып, кез келген ұжымда үлкен беделге ие болды. Түлеп ұшқан оқу орнының  абыройы мен беделінің асқақ болуына өлшеусіз үлес қосты. Шығармашыл, жаңашыл педагог ретінде Гүлнәр Сырымқызының жетекшілігімен колледж студенттері облыстық, республикалық конкурстардың жүлдегерлері атанды. Ол техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтары бойынша кәсіби стандарттарды, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын, оқулықтарды заман талабына сай  қайта жасақтауға атсалысты.

«Білім» бейіні ОӘБ ТжКБ саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатындағы ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау бойынша салалық министрлік жанындағы жұмыс топтарымен бірге нормативтік-құқықтық құжаттарды талдауға қатысып, мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуге белсенді қатысты. «Шағын жинақталған мектептегі математика», «Бастауыш білім берудегі педагогикалық технологиялар» оқулықтарының авторы болды.

Гүлнәр Сырымқызы  білімділігін, біліктілігін және адами қасиеттерін орайлы ұштастыра отырып, алдымен шәкірт, содан соң маман даярлау ісіне өз үлесін аянбай қоса білген нағыз педагог бола білді. Парасат-пайымы терең, мінезге бай, ойласа – ойдың төрінен, сөйлесе – сөздің өрінен көрінетін ұстаз еді. Оның тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті кызметте ерекше  байқалып тұратын. Олай дейтінім, ол кісінің ұжымға басшылық ету стилінің өзі өзгелерге мүлдем ұқсамайтын. Ол  қоластындағы ұстаздармен де, оқушылармен және олардың ата-аналарымен де, тіпті қаладағы, облыстағы, республикадағы басқа білім ұяларымен де оңай тіл табысып, өте тығыз байланыста, қоян-қолтық араласып жұмыс істейтін. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жан еді. Ол уақытпен санаспайтын, ерте келіп, кеш батқанда шығатыны бәріміздің есімізде.

Гүлнәр Сырымқызының ұзақ жыл  бойы еткен еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысхаты (2013 ж.), ҚР БжҒ министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының алғысхаты (2019 ж.), БҚО білім басқармасының Құрмет грамотасы (2020 ж.), Тараз, Атырау облысы білім басқармалары әдістемелік орталығының алғысхаттарымен марапатталды. Оның нағыз ұстаздығы бір төбе, ал  адамгершілігі, рухани жан дүниесінің тазалығы, адамға деген мейірімділігі, періштедей ақ көңілі одан да биік шың  десем қателеспеймін. Мұғалімдерге, ағайын-туысқа, барлық жанға, тек өзінің ақыл-кеңесін беріп, қамқорлығын көрсетіп  өткен жан.

Өмірден озбас бұрын колледждің 110 жылдығына орай «Үлгі тұтар ұстаздар» айдарымен колледжге еңбегі сіңірген, талай жасты маман, адам етіп қалыптастыруға қызмет еткен өз ұстаздары туралы ой толғауға шақырды. Өзі алғашқылардың бірі болып ұстазы Нұржамал Ислямқызы Мусина туралы әлеуметтік желіде көлемді мақала жариялады.

Озық ойлы ұстазбен педагогикалық колледжде әріптес болдық, ғылыми-әдістемелік, тәрбие жұмыстарын бірігіп атқардық. Зейнет жасына жетіп, ұжымнан кетсем де, Гүлнәр Сырымқызымен сыйластығымыз бір де бір рет үзілмеп еді. Колледжге барғанда жарқылдап, «Ұстазымыз, сіздерден тәрбие, үлгі алғанымызды мақтан етеміз» деп алдымыздан  шығатын  еді.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, тәжірибелі ұстаз шәкірттерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында жемісті еңбек етті. Соның айғағы, қазіргі уақытта білім саласында ерен еңбектерімен көзге түсіп жүрген Диана Қосдәулетова, Жұлдыз Төреғалиева, Жаннат Дайынова, Мейрамгүл Дүйсенғали, Мархабат Сейтқали және т. б. шәкірттері бар. Біреуге өмірді ұзақ берсе, енді біріне өлшеп береді. Өкініштісі, аяулы ұстазды сұм ажал ерте алып кетті. Ұлағатты ұстаз шәкірттерінің, әріптестерінің, тума-туыстарының жүрегінде ұмытылмастай із қалдырды. Колледж ұжымы, шәкірттері Гүлнәр Сырымқызының бастаған істерін жалғап, ұстаздық бейнесін жадында ұстайтындығына  сенімім мол.

Райса Ильясова,

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық

колледждің ардагер ұстазы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале