7.08.2025, 11:30
Оқылды: 411

Болсайшы отандастың бәрі осындай!

Юрий Казанин, байдарка мен каноэ есуден Батыс Қазақстан облыстық федерациясының төрағасы:

«Өз елінің гимнін жұрттың бәрі білуі тиіс»

...Әлқисса, педагогика саласының ардагері, бүгіндері пайғамбар жасындағы Орал қаласының байырғы тұрғыны, Орал қалалық мәслихатының депутаты Юрий Казанинмен менің тонның ішкі бауындай араластығым жоқ. Бар болғаны ара-тұра қызмет бабындағы жиналыстар мен спорттық жарыстарда жанкүйер һәм көрермен ретінде ұшырасып қалатынымыз бар. Айтпақшы, Виктордың Юрийі – біз секілді жай ғана жанкүйер әрі қатардағы көп көрерменнің бірі емес. Ол – біраз жылдан бері байдарка мен каноэ есуден Батыс Қазақстан облыстық федерациясының төрағасы.  Өзімнен үш жас үлкен, жылы жүзді, бидай өңді, славян нәсілді осы азаматтың қазақша тым жақсы сөйлейтіндігін ұмытып кетіп, кейде орысша амандасып қалсам, берген сәлемімді алмастан, «Ассалаумағалейкүм, Бауке!» деп тас төбемнен «қойып қалатыны» бар.

WhatsApp Image 2025-06-03 at 16.15.33

– Менің қазақ тілін үйренуіме 1900 жылы жарық дүниеге көрінген марқұм әжем Антонина Денисқызы ерекше әсер етті. Әжем жарықтық қазақ, татар тілдерін жақсы білетін еді. Оған қоса, біздің бала кезімізде әкешешеміз Құрмет аға, Зоя апа деген көршілерімізбен етене араласты. Осы көршілеріміздің Болат, Марат, Сәуле деген ұл-қыздарымен мен де, менің бауырларым да бірге ойнап өстік. Сондай-ақ әкемнің Мақсот аға деген керемет досы болды. Мақсот ағайдың балаларымен де бірге ойнайтынбыз. Олар бізге қазақша, ал біз оларға орысша үйрететінбіз. Мектепте, студент кезімде қазақ достарым көп болды. Енді үйленіп, үй болған кезімізде қазақ достарымыз қонаққа шақырғанда әуелкіде жұбайым Ольга қазақы әңгіме-дүкеннен түк түсінбей, дағдарып отыратын. Қазір оның да қазақшасы әжептәуір.

Менің Ғайса Қапақов, Аман Ермекқалиев, Серік Мерғалиев, Табылғали Сапаров, Қайдар Қосжанов, Ерлан Шомбалов секілді көптеген қазақ тамырларым бар. Бұл азаматтардың қай-қайсысы да Жайық жұртына, Оралдың орыс-қазағына танымал азаматтар, – деп бір демін алды Юрий Викторұлы.

Төрт перзенті түгел қазақ мектебіне!

Мені ерекше тәнті еткені –  Юрий Викторұлының төрт қызын да қазақ мектебіне бергені. Екі үлкені Виолетта мен Антонина мектептен кейін жоғары білім алып, бүгіндері өмірден өз жолдарын тапты. Былтыр алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қанаттанған Екатерина – бұл күндері студент. Ал кенже қызы Василиса – Орал қаласындағы №19 мектептің 2 сынып оқушысы. Қазақ тілінде білім алып, қатарының алды болып жүрген балдырғанның болашағы жарқын болғай!

Өзара әңгіме барысында әзіл-шыны аралас, «Юрий Викторұлы, бойжеткен қыздарыңыздың біреуіне болмаса, біреуіне қазақтар құда түсе келсе, қайтесіз?» – деп сұрап едім, «Е-е-е, онда тұрған не бар? Қайта керемет емес пе!» – деп күлімсіреді Казанин  мырза.

5339408c-f8db-4768-824b-0008757083a1 (1)

Бірлікті бекемдейді, берекені еселейді

Сөзімнің басында Юрий Казанинмен жұмыс барысындағы жиналыстар мен әртүрлі спорттық жарыстардың төңірегінде жолығып қалатынымызды айтқанмын. Байдарка мен каноэ есуден Батыс Қазақстан облыстық федерациясының төрағасы Ю.Казанин 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аталмыш спорт түрлерінен халықаралық жарысты биыл оныншы рет ұйымдастырды. Осы жолы жарысқа жылдағыдай өз еліміздің өлке-өңірлері мен Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның командаларына қоса, Тәжікстанның өрендері де келді. Жарыстың ашылу салтанатында спорт саласының басшы-қосшылары мен ұйымдастырушылар құттықтау сөз сөйлеп, жасөспірім-көкөрім спортшыларға сәттілік тіледі. Содан кейін спорттық сайысты өткізуші елдің гимні ойналды. Осы сәтте Ю. Казанин оң қолын жүрек тұсына қойып, Отанымыздың Әнұранын дауыстап шырқап тұрды.

– Менің өмірлік ұстанымым – қазақ елінде тұрғаннан кейін қай ұлттың өкілі де мемлекеттік тілді меңгеруі, білуі шарт. Сонымен қатар өз елінің гимнін ұлт-ұлысына, түр-тіліне, дін-діліне қарамай, үлкен-кіші, яғни жұрттың бәрі білуі тиіс. Мұндай ұғым-түсінік ұлтаралық жарасымды нығайтып, бірлікті бекемдеп, берекені еселейді, – дейді Юрий Викторұлы.

WhatsApp Image 2025-06-03 at 16.13.47

Ғайса Қапақов, мемлекеттік қызметтің ардагері, «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облысы өңірлік филиалының аппарат басшысы:

– Өнегелі отбасының отағасы Юрий Казанин – Қазақстанның нағыз патриоты. Бұл замандасымыз қоғамдық тұрақтылықты нығайтар, Жайық жұртының ынтымағын арттырар іс-шараларға әрдайым шынайы ынта-ықыласымен атсалысып, азаматтық белсенділік танытып, іргелі іс-шаралардың үнемі бел ортасында жүреді. Біздің өңірде байдарка мен каноэ спортының дамуына да Юрий Викторұлы ерен еңбек сіңіріп келеді. Кезінде өзі каноэмен жылдар бойы айналысып, тым жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, КСРО спорт шеберінің талабын орындап барып, ескегін шегеге ілген болатын. Ал менің Юрий тамырымның екінші перзенті Антонина қызымыз 2018 жылы Өзбекстанда байдаркадан өткен Азия шемпионатында  екі қашықтық бойынша күміс және қола жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан Республикасының спорт шебері талабын орындады. Мұны азсынсаңыз, Юра досымның үшінші перзенті, ҚР спорт шебері Екатерина Казанина байдаркадан 2022 жылғы ел шемпионатында әртүрлі қашықтықтар бойынша жеті медальді (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) бір өзі еншіледі. Қазақстанның бұл рекордын жаңарту, әрине, оңай емес!

 

 

Бауыржан Ғұбайдуллин,

"Орал өңірі"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале