6.11.2023, 15:45
Оқылды: 47

Бөлшек сауда салығы төмендей ме?

«Тату» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының бастамасымен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде бөлшек сауда салығының пайыздық мөлшерлемесін төмендету мәселесі талқыланды. Оған облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, кәсіпкерлер қатысты.

Кәсіпкерлер салық жиын

Биылғы наурыз айында Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен кәсіпкерлік қызметтің 190 түріне қолданылатын арнайы салық режімі енгізілді. Мұндай жаңа режім қосымша құн салығының 69 миллион теңге шегінде ғана қолданылады. Осылайша тауарды сатқан кезде жеке тұлға 4%, заңды тұлға 8% бөлшек сауда салығын төлейді. Қазір жергілікті атқарушы құрылымдарға салықтың пайыздық мөлшерлемесін 50%-ға дейін азайту құқығы берілді. Кейбір Астана қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарының әкімдіктері бизнес-қауымдастықтың өтінішін мақұлдап, бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға төмендетті.

Жиын барысында билік өкілдері салықты азайту жергілікті бюджетке түсетін кірістерді азайтады деген пікірлерін ашық айтты. Мемлекеттік кірістер құрылымдары өкілдерінің болжамына сүйенсек, екі пайыздық мөлшерлеме белгіленсе, қала бюджетінің тапшылығы 1,5 миллиард теңгеге жуықтайды. Қала әкімі Миржан Сатқанов та бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға төмендетудің келеңсіз салдары туралы ойымен бөлісті. Ол пайыздық мөлшерлеменің 50%-ға төмендеуі корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдердің жоғалуына соқтыруы ықтимал екендігін алға тартты. Бірақ кәсіпкерлер бөлшек сауда салығы мөлшерін азайтуды жақтап, өз уәждерін ортаға салды. Облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Мерғалиев бөлшек сауда салығы мөлшерлемесі төмендесе, көптеген кәсіпорын ашылатынын, кәсіпкерлер қалыпты жұмысқа көшетінін жеткізді. Оның айтуынша, көп кәсіпорын бөлшектеніп, ірі кәсіпкерлер ҚҚС шегінен асқанды қаламай, кірістерін жасырып жүр. Сонымен қатар, кәсіпкер-депутаттың айтуынша, сауда саласында жұмысшылар бейресми жұмыс істейді, олар жалақыны «конвертпен» алады. Бөлшек сауда салығы шағын бизнес үшін қолайлы мөлшерде белгіленсе, онда кәсіпкерлер «көлеңкеден» шығарады.

- Осылайша мемлекеттік құрылымдарға қанша тұрғынның  жұмыспен қамтылғаны белгілі болады, – деді Асқар Мерғалиев.

 Ал қалалық мәслихат депутаты Асланбек Әминов жергілікті атқарушы құрылымдар бөлшек сауда салығын төмендетпеген жағдайда, кәсіпкерлік субъектілері басқа өңірлерге көшіетін үрдіске ұласатынына назар аудартты.

- Қазір Қарағанды облысына алматылық кәсіпкерлердің көші-қоны жүруде, қоғамдық тамақтандыру желісін құрып, табысты дамып келе жатқан біздің кәсіпкерлер де қоныс аударуды ойластыруда. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы 10-15-ке жуық кәсіпкермен сөйлестім, олар өздерінің осындай ниеттері барын айтты, – деді Асланбек Әминов.

Ал «Taту» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының төрайымы Гүлбану Әубекерова отандық микро және шағын бизнестің жойылу алдында тұрғанын, кейбір кәсіпкерлік субъектіснің табыс табудың басқа баламасы жоқтығынан «шықпа, жаным, шықпа» деп кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерін мысалға келтірді.

Қала әкімі депутаттардың кәсіпкерлік нысандарында жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақыны ресми түрде алып, сол арқылы әлеуметтік және сақтандыру төлемдерін алатынына қатысты айтқан болжамдарымен келісті. «Адамдардың тағдырымен ойнап, зейнетақысынан айыруға болмайды», – деп сөзін түйіндеген облыс орталығының басшысы шағын және шағын бизнес үшін бөлшек сауда салығын 2 емес, 3% көлемінде белгілеуге келісімін берді.

Мұндай шешімді қабылдауға халық қалаулыларының бөлшек салықтың қолайлы пайыздық мөлшерлемесі болған жағдайда бизнестің бытыраңқылығын болдырмауға болады деп сендіргендері де себеп болды.

Басқосу соңында кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев уәкілетті құрылым – Орал қаласының кәсіпкерлік бөлімінен қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібін жеделдетуді сұрады. Өйткені Орал қалалық мәслихатының бөлшек сауда салығын 3% мөлшерінде бекіту туралы шешімі 1 желтоқсанға дейін қабылдануы керек. Сонда микро, шағын бизнес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы салық режіміне ауысады.

 Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале