Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданында болды. Переметныйда аудандық прокуратура ұжымымен кездесіп, аудан әкімдігінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қ. Аманжолов атындағы орта мектепте оқушылармен және ата-аналармен, Белес ауылдық округінде орналасқан «Батыс Пауэр» кәсіпорнының қызметкерлерімен жүздесті.

Облыс прокуроры мен аудан әкімі Марат Тоқжановтың қабылдауына келген тұрғындар алимент өндіру, баспана, жер дауы және несиелік міндеттемелер бойынша мәселелерін айтты. Жеке және әлеуметтік сипаттағы мәліметтер болғандықтан, азаматтардың жеке деректері мен аты-жөндері көрсетілмеді. Мәселен, мүгедектігі бар азаматша аудан әкімінен мүмкіндігі шектеулі ұлына жеңіл жұмыс қарастыруды сұрады. Ұлы арнайы мектеп-интернатта білім алған, аула сыпыру, ғимараттардың алдын күтіп ұстау секілді жұмысты атқара алады. Әкім Марат Тоқжанов мәселені назарға алып, жұмыспен қамту орталығы арқылы заң шеңберінде қолайлы жұмыс түрін ұсынуға ықпалдасатынын айтты.
Переметный орта мектебінің мұғалімі Салтанат Қайыржанова былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өтініш бергендерге не себепті әлі күнге дейін жауап жоқ екенін сұрады. «Өткен жылы еліміздің бірнеше облысында су тасқыны болды. Олардың қатарында біздің облыс та бар. Қаражат көктемгі апаттың салдарын жоюға бағытталды. Қазір бағдарлама уақытша тоқтап тұр. Қаржы бөлінген бойда кезекте тұрғандардың барлығы жеке шақырылады», – деп бағдарламаның республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын түсіндіріп өтті Марат Лұқпанұлы.
Адвокат Әйгерім Қажиева өз қорғауындағы азаматтың жер теліміне қатысты сот дауын баяндады. Оның айтуынша, заңды актілері болғанына қарамастан, екінші тұлға жерге меншік құқығын талап етіп, мәселе медиация арқылы шешілген. Алайда азамат ақшалай өтемақы төлегенімен, екінші тараптың талап-тілегінің өзгеруіне байланысты келісімнің шарттары толық орындалмаған. Аудан әкімі мәселені нақтылау үшін тараптар арасындағы қолхаттар мен құжаттардың заңдылығын тексеру қажеттігін айтты. Облыс прокуроры істі бақылауға алып, қылмыстық құрамның бар-жоғын анықтауды тапсырды.
Бәйтерек ауданында қоныстанған теректілік тұрғын көрші аудандағы апатты жағдайда тұрғын үйге байланысты шағымын, қыстың көзі қырауда баспанасыз қалып қоямын ба деген қорқынышын жеткізді. Аудан әкімі азаматтың тұрғын үйсіз қалмайтынын айтып, жаңа баспана берілгеннен кейін ғана ескі үйден бас тарту қажеттігін түсіндірді. Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы тұрғынға жазбаша өтініш қалдыруды және істің орындалу барысын бақылауды аудандағы әріптестеріне жүктеді. Тағы бір тұрғын жары қайтыс болғаннан кейін несиелік борыштың өзіне жүктелгенін, алайда үш баламен қалған оған несиені өтеу қиынға соғатынын айтып, көмек сұрады. Прокурор сот шешімдері негізінде мәселені заң шеңберінде шешу жолдарын қарастыруға уәде етті.
Кейін облыс прокуроры Қ. Аманжолов атындағы орта мектепке барып, оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесті. Онда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тәрбие мен жауапкершілік мәселелері сөз болды. Кездесуде Нұрбек Ұласбекұлы өңірдегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың статистикасына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Жолдауында заң мен тәртіп үстемдігіне ерекше мән берді. Облыс бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны былтырмен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Яғни, 78-ден 89 дерекке дейін көбейген. Оның ішінде Бәйтерек ауданында 2-ден 7 дерекке өскен. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі түрлері ұрлық, тонау және бопсалау болып отыр. Осыған байланысты облыс прокуратурасы бірнеше бағытта іс-шаралар өткізуде. Олардың қатарында «Цветной маршрут», «Көмек: Stop Bullying» және «Балаларды бірге қорғайық» секілді жобалар бар. Мәселен, «Цветной маршрут» жобасы жасанды интеллект негізінде анкеталық сауалнама жүргізуді көздейді. Ол балалардың мінез-құлқындағы тәуекел факторларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал «Көмек: Stop Bullying» жобасы оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған. Бұл бастама алғаш рет Батыс Қазақстан облысында қолға алынып, тиімділігін көрсетуде, – деді облыстың бас прокуроры. Сонымен бірге ол мектеп пен қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект технологиясы енгізіліп жатқанын айтты. Бұл буллингтің немесе тәртіп бұзушылықтың алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Кездесуде вандализм, кибербуллинг, есірткі таратушылар, дропперлер (басқа банктік шотқа ақша аудару) және интернет-алаяқтық тақырыптары да қозғалды. Облыс прокурорының айтуынша, соңғы жылы өңірде интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар 23 пайызға артқан. Сондай-ақ ҚР «Білім туралы» заңының 47-бабына сәйкес, мектепте оқушыларға сабақ уақытында ұялы телефон қолдануға тыйым салынатынын еске салды. Бұл ережені бұзғанға да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Облыс прокурорының сапары «Батыс Пауэр» кәсіпорнында жалғасты.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы