3.04.2025, 10:45
Оқылды: 169

Бордақылау кешені ет өңдеуге бет бұрмақ

Аймақтағы агроөнеркәсіп нысандармен танысып, жүзеге асып жатқан жобалардың жайын көру үшін облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылындағы «Терра Ақжайық» мал бордақылау кешенінде болды.

DSC04241

Былтыр қараша айында жұмысын бастаған кешен толық іске қосылса, 15 мың бас бордақыға дейін ала алады.

Қазіргі таңда кешен мал бордақылайтын шаруашылықтардан бұқашықтарды қабылдауда. Өткен жылы қаңтарда кешенге Аустралиядан келген сарапшылардың ұсыныстары негізінде шаруашылықты қалпына келтіру және бордақыға қойылатын мал басын көбейту бойынша жұмыстар жүргізген. Сонымен қатар алдағы жылдары «Терра Ақжайық» ет өңдеу кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.

– Әлеуеті мықты болғанымен, Янайкиндегі мал бордақылау кешені бірнеше жыл бойы тұралап қалды. Былтыр «Терра» ЖШС сатып алып, жөндеп, іске қосты. Біраз жергілікті тұрғынға жұмыс орнын ұсына алатын кәсіпорынның жұмысымен танысып, кешенді әрі қарай дамыту ісіне қандай қолдау керек болатынын білмек оймен осы жерге келдік, – деді вице-министр.

Қазіргі таңда кешен жұмысы біртіндеп жолға қойылғанын айтқан «Терра Ақжайық» ЖШС-ның басшысы Қайыржан Наурызғалиев алдағы уақытта мал бордақылау ісін одан әрі дамытуға күш салатынын жеткізді.

Жаңа нысанның жұмысымен танысқан вице-министр ведомство мал шаруашылығын дамытуға және өңірде жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін атап өтті.

552aa608-9eb5-443c-8a0e-f1472403eade

Сондай-ақ министрдің орынбасары кешен басында жергілікті шаруалармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Аманғали Бисенбайұлы ел үкіметі ет өндіруші шаруаларға 2,5 пайызбен  7 жылға несие беріп жатқанын айтты. Агроқұрылым аяққа тұрып кеткенше, яғни екі жыл несиелік демалыс беріледі. Мұндағы мақсат ет экспортының әлеуетін көтеру екенін де атап өтті.

Шаруалар ет экспорттауға дайын. Бірақ мал сатып алу үшін қолдарында қаражат жоқ. Сол қолбайлау болып отыр. Министрдің орынбасары ол мәселені шешу үшін 2,5%-бен несие беру ісін қолға алып жатқанын айтты. Сонымен қатар Аманғали Бердалин ет өңдеушілердің айналым капиталы үшін  48 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Ет комбинаттары мен цех иелеріне 5% жылдық мөлшерлемемен 2,5 миллиард теңгеге дейінгі несие қаражаты 15 айға беріледі.

DSC04237

– Мұндай несие берудегі мақсат – мал иелері мен бордақылау кешенінің және ет комбинаттары арасындағы байланысты нығайту. Сол жұмысты іске асыру үшін бір келі ет құнын 200 теңгеден 300 теңгеге дейін көтердік. Бұл дегеніміз мал иелері шаруашылыққа әкеліп тапсыратын етті көтерме бағамен өткізе алады деген сөз. Бұл несие сәуірдің аяғында беріле бастайды, – деді Аманғали Бисенбайұлы.

Кездесу барысында шаруалар етті жақын көрші елдерге өткізу мәселесі шешілсе деген сауалын қойды. Оған жауап берген министрдің орынбасары қазіргі таңда Өзбекстан, Ресей сияқты елдерге ет тасымалдау жағы шешілгенін, алдағы уақытта Грузия мен Түркияға ет экспорттау жайы реттелетінін атап өтті.

Одан бөлек кездесу барысында мал еттерін шекарадан өткізу, жаңа ашылған шаруашылықтарға тіркеу нөмірін беру жайын жеңілдету сияқты сауалдарға жауап берілді.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале