Биыл өңірдегі тозығы жеткен 22 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу үшін 1 миллиард 733 миллион теңге бөлінді. Жөнделетін 22 нысанның алтауы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында іске асты. Қазіргі таңда 18 емдеу мекемесінің жөндеуі аяқталды.
Осыдан біраз уақыт бұрын жөндеуге жабылған Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылындағы дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.
Белі ауырып, балтыры сыздаған ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, аурудың алдын алатын және кең профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға арналған емдеу мекемесінің салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысты.
Түгел ауылды қуанышқа бөлеп, көптің көкейіндегі мәселенің шешілгеніне бөрлілік ағайын ризашылығын білдірді.
- Биыл өңірдің денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 92 миллиард теңге бөлінді. Оның 5,5 миллиарды медициналық жабдық сатып алуға жұмсалды. Қазіргі таңда 204 бірлік медициналық жабдық алынды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 81 бірлік жедел жәрдем көлігін сатып алу үшін 1,7 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылды. Соның барлығы облыс халқының игілігі үшін жасалып жатыр. Енді ауыл тұрғындары қажетті анализдерді алысқа шықпай-ақ тапсырып, қорытындысын ала алады, - деді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Одан соң Тілепберген Ерсайынұлы Бөрлі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барлық алғашқы көмек көрсету құрылғыларымен жабдықталған жаңа "Газель соболь" маркалы жедел жәрдем көлігінің кілтін тарту етті.
Төрт мыңнан астам тұрғыны бар Бөрлі ауылындағы дәрігерлік амбулатория дәрігер, стоматолог кабинеті, оқшаулағыш, емдеу кабинеті, егу, физиотерапия, дені сау баланың бөлмесі және акушер-гинеколог кабинеті, зертхана, дәріханамен жабдықталған. Сондай-ақ күндізгі стационарға арналған 10 төсек орны тағы бар. Емдеу мекемесі 16 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Түгелбай Бисен,
Фотоға түсірген: Мария Пирог
zhaikpress.kz