Былтырғы спорт маусымын қорытындылаған кезде Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов волейболдан ашық қалалық лиганы қолға алатын жігіттер болса, әуе допты дамытуға барынша қолдау білдіретінін айтқан еді.

Көп ұзамай өңір волейболшылары бас қосып, жарысты бастады. Көктемде бастау алған волейболшылар лигасы мәресіне жетті. 100-ден астам әуесқой әуедопшылардың басы қосылған додаға Орал қаласы мен алыс-жақын аудандардан келген командалар қатысты.
Нәтижесінде үшінші орын Бәйтерек, екінші орын Қаратөбе аудандарының командаларына бұйырса, бірінші орынды Бөрлі волейболшылдары қанжығалады. Сондай-ақ командасын алға сүйреп, үздік ойын өрнегін көрсеткен қаратөбелік Оралбай Берікұлы, бәйтеректік Қайырғали Рахымбек, Теректі ауданының комадасын алға сүйреген Алпамыс Өтешев пен бөрлілік Әсет Хайруллин жарыстың үздік ойыншылары атанды. Жеңімпаз және жүлдегерлер атанған ұжымдар арнайы диплом және ұйымдастыру алқасының атынан кубок, медальдармен марапатталды.

- Өңірде алғаш рет өткізілген жарыс болғандықтан қатысушылар саны көп болмады. Десе де үздік волейболшылардың басын қосып, деңгейімізді біраз өсірдік. Адағы уақытта бастаманы одан әрі дамыту жолында еңбектенетін боламыз, – дейді жарыс ұйымдастырушысы Жігер Сатқанов.
Түгелбай Бисен,