Былтырғыдан қалған және биылғы жылдың 5 айында салынған айыппұлдарды өндіру мақсатында Орал қаласы бойынша өткізілген «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасына 39 күштік құрылым өкілдері тартылды.

Алдымен, осы жылдың еншісіндегі 7369 әкімшілік іс бойынша өндірілуі тиіс айыппұлға келсек, оның көлемі – 133 млн 734 мың 317 теңге. Содан қазір Орал қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің көмегімен 7 млн 037 мың 612 теңге қайтарылып отыр.
Айта кетелік, өңірімізде жеке сот орындаушыларымен бірлесіп атқарылған бұл жұмыс барысында құқықбұзушыға бір аптада айыппұлдың елу пайызын төлеу мүмкіндігі қарастырылғаны туралы түсінік берілді. Бұл мерзімге сыймаған жағдайда толық сомаға қаулы шығарылып, оған 30 күн белгіленетіндігі жеткізілді. Ерікті түрдегі бұл талап та орындалмаса, әрі қарай жеке сот орындаушылары арқылы борышкерлердің банктегі есепшоттары бұғатталып, аутокөліктері ақылы автотұрақтарға қойылмақ.
Сондай-ақ Орал қаласында орналасқан бейнебақылау камераларының көмегімен жылдамдықты шамадан тыс асырып, алды 500 мыңға жуық айыппұл арқалаған 6 автокөлік иесі анықталды. Қазір олардың көліктеріне «тұсау» салынды. Бұдан бөлек өткен маусым айында бір өзі 61 рет жол қозғалысы ережесін бұзып, 1 млн 173 мың теңге «косякқа» кірген С. есімді азаматтың РФ-да тіркелген «ВАЗ – 2110» автокөлігі де «жылы орнына» жайғасты.
БҚО ПД баспасөз қызметі