2.07.2024, 10:45
Оқылды: 178

Бүгін – Дипломатиялық қызмет күні

Елшілер ел мүддесін көздейді

2009 жылы 2 шілдеДипломатиялық қызмет күні болып бекітілді. Не себепті бұл күн таңдалды десеңіз, 1992 жылы дәл осы күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құрылып, «ҚазақстанРеспубликасының Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелер бекітілген еді.

808A71DD-A90D-4205-AD35-EA1EBDD997BD

Сурет: istockphoto.com

Kazembassy.kz сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн ҚР Сыртқы iстер министрлiгi  басқарады. Мемлекеттің барлық сыртқы саяси қатынастар саласы дипломатиялық қызмет болып есептеледі.

Сыртқы саясаттың стратегиясын пысықтау, мемлекеттің мүддесін, азаматтардың құқығын қорғау, өзге мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды жүзеге асыру, келіссөздер жүргізу, жаһандық  мәселелерді шешуге атсалысудипломатиялық қызметтің негізгі  жұмыс бағыттары.

Қазақстан Республикасының Президенті, әлемдік деңгейдегі дипломат тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» еңбегінде: «Дипломатия халықаралық сахнада Қазақстанның саяси танылуын қамтамасыз ету міндетін жемістіжүзеге асырды. Енді сапалық тұрғыдан өзгеше мақсатқа қол жеткізуге – ел экономикасының дамуына жәрдемдесуге бейімделуге міндетті» деп тұжырым  жасаған  болатын.

Мемлекет басшысы 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. Ал 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралған. 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберіледі. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет атқарды. Оның халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітабы жарыққа шыққан.

Осы арада біздің Ақ Жайық  өңірінде қызмет атқарып, кейін дипломатиялық салада  аянбай тер төккен азаматтар жөнінде де айта кеткен абзал. Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиев осы салада жемісті еңбек етті. Нәжімеден Ықсанұлы 1966 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Сол жылдан бастап 1994 жылға дейін ол түрлі қызметті абыройлы атқарды. Оның 1978-1980 жылдары Мәскеудегі халық шаруашылығы академиясының тыңдаушысы болғанын айта кеткен жөн. Дипломаттың 1992-1993 жылдары Орал облысының әкімі, 1993-1994 жылдары Көкшетау облысының әкімі болғанын да жұртшылық жақсы біледі. Ол 1994-1999 жылдары дипломаттық қызметте, яғни  Қазақстанның Өзбекстандағыжәне Украинадағы елшісі болды. Одан кейін ТМД елдері атқару комитетіндегі Қазақстанның уәкілі ретінде  жұмыс  істеді.  

Бүгінгі таңда қазақстандық дипломаттар ұлттық мүдделерді қорғау, басқа елдермен ынтымақтастықты дамыту, халықаралық жәнеаймақтық қауіпсіздікті нығайту бағытында тиімді жұмыстар атқарып келеді. Солардың санатына белгілі саясаткер, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Ноғаев та енді. Нұрлан Асқарұлы қазіргітаңда Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі. Ол бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімі, Энергетика министрі лауазымдарын атқарды.

Айта кетейік, 2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысын басқарған Алтай Көлгінов 2024 жылдың 27 наурызында Эстония елшісі болып  тағайындалды.

Марлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале