Биылғы жылдың тақырыбы - "Жабайы табиғатты қорғау мақсатындағы ынтымақтастық".
Бұл ұран жойылу қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенциянының (CITES) қабылдануының 50 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Аталмыш мерекенің мақсаты – жұртшылықтың назарын жабайы табиғаттың әсемдігі мен алуан түрлілігіне аудару, сонымен қатар оған ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салу.
Қазіргі таңда CITES тараптары 183 мемлекет болып табылады, оның ішінде Қазақстан да бар. Конвенцияның қорғауында жануарлардың шамамен 5,8 мың және өсімдіктердің 30 мың түрі бар.
Еліміз биоресурстардың алуан түрлілігі бойынша Орталық Азияда жетекші орын алады. Қазақстанның өсімдіктер әлемі ағаш-бұта және шөптесін өсімдіктердің 6 мыңнан астам түрін қамтиды. Оның 390-ға жуығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар, омыртқалы жануарлардың 835, омыртқасыздардың 100 мың түрі бар. Біріншілердің 128-і, екіншілердің 96-сы Қызыл кітапқа енген.