Бүгін, 12 қазанда футзалдан Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді. Оған барлығы 11 команда қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сурет: Қазақстан футзал қауымдастығы
Жаңа маусымда ««»Астана», «Атырау», «Аят» (Рудный), «Байтерек» (Орал), «Жетісу» (Талдықорған), «Қайрат» (Алматы), «Каспий» (Ақтау), «Ақтөбе», «Ордабасы» (Шымкент), «Семей», «Тұлпар» (Қарағанды) командалары ойнайды.
Алғашқы турда 12 қазанда «Атырау» мен «Ордабасы», «Аят» пен «Каспий», «Жетісу» мен «Байтерек», 17 қазанда «Тұлпар» мен «Қайрат», «Ақтөбе» мен «Астана» шеберлік байқасады.
Алғашқы тур Өзбекстанда өткен әлеv чемпионатына байланысты жылдағы мерзімінен кеш басталғалы отыр.
Ережеге сәйкес плей-офф сатысына 8 команда жолдама алады. Ширек финал бір команданың екі жеңісіне дейін жалғасады. Жартылай финалда ол үш жеңіске дейін белгіленген. Ал, 3-орын үшін командалар екі жеңіске дейін бәсекеге түссе, финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайрат» футзалдан 2024 жылғы Қазақстан суперкубогының иегері атанды.
Суперкубокта алматылық «Қайрат» Абай облысының «Семей» клубын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Алматылық клуб сапынан Алиссон Невес 2 гол соқса, Кайо Руиз 1 мәрте көзге түсті. Оған «Семей» сапынан Кайо Торрес бір голмен жауап қайырды.