17.12.2021, 12:20
Оқылды: 30

Бүгін Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні

Бүгін Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар, аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-сі Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

21E89D93-8864-48E1-8AF2-996D5F6796F3

Сондай-ақ осы күн Желтоқсан құрбандарын еске алу күні де. 1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда қазақ жастарының КСРО билігінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары орын алды. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Желтоқсанның 17-і күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін ереуілшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ олардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, оларды тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің № 0385 бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Желтоқсанның 18-і күні алаңға қайта жиналмақ болған жастарға қарсы әскер күші қолданылды. Олардың қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер желтоқсанның 19-ы күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты, ұстап қамады. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде, барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды қазақ жастары бар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале