4.06.2024, 9:00
Оқылды: 120

Бүгін – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні

Ту – тынысың, Елтаңба – ырысың

Ел азаматтары, сондай-ақ республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. 2007 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Заңнама 6 тараудан және 16 баптан тұрады. Күні бүгінге дейін заңға 10 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Бұл заңда рәміздерді пайдалану тәртібі көрсетілген.

2020 жылға дейін елімізде туды балкондар мен ғимараттардың қасбеттеріне ілуге тыйым салынып келді. Тіпті астаналық бір азаматқа үйінің балконына туды ілгені үшін 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Алайда бұл норма 2020 жылдың қарашасында жойылды. Себебі ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен ҚР мемлекеттік Туын, мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және басқа үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда іліп, пайдалана алады. Осылайша тұрғындар патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіріп, елдің, азаматтардың жетістіктеріне қолдау білдіреді.

Рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұл жаза «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 458-бабында («ҚР мемлекеттік Туын, ҚР мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану, сондай-ақ ҚР мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу») көзделген. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мемлекеттік Туды, мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік Гимнді заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау 50 айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ал мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбаса, лауазымды адамдарға 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза  қолданылғаннан кейін заң бұзу дерегі бір жыл ішінде қайталанса, 100 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға тура келеді.

Былтыр қаңтар айында мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жаза күшейтілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына («Мемлекеттік рәміздерді қорлау») өзгеріс енгізіліп, айыппұл көлемі артты. Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды (бұған дейінгі айыппұл сомасы – 2 мың АЕК). Ал қоғамдық жұмыстарға тарту мерзімі 900 сағатқа дейін арттырылды (бұрын – 600 сағатқа дейін). Осы ретте рәміздерді қорлағандарды екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да көзделгенін айта кеткен жөн.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале