8.12.2024, 11:58
Оқылды: 181

Бүгін өңірде бос орындарға мәслихат депутаттары сайланбақ

Бүгін Орал қаласында қалалық мәслихаттың №11, 16 және 23 бірмандаттық сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұл саяси шара қалалық мәслихаттың қызметін үздіксіз жалғастыруды қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.

1Суреттерді түсірген: Мәди Салық

Сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сайлаушылар өздерінің азаматтық борышын өтеу үшін тиісті учаскелерге келіп, дауыс беруде. Әрбір учаскеде дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін сайлау комиссиялары белсенді жұмыс істеп жатыр.

Каримуллин 2/1А мекенжайында орналасқан №521 сайлау учаскесі өз жұмысын дәстүрлі түрде таңғы сағат 7:00-де бастап кеткен. Біз барған уақытта сайлаушылар ағымы бәсеңдеу екені байқалды.

Айша

- №521 сайлау учаскесінде 2597 сайлаушы тіркелген. Оның 3-еуі үй-жайдан дауыс беруге өтініш білдірді. №23 бірмандаттық округ бойынша 3 үміткер тіркелсе, оның екеуі өзін-өзі ұсыну тәртібімен, біреуі «Ақ жол» Қазақстанның демографиялық партиясы» ҚБ атынан ұсынылды. Қазіргі уақытта келушілер саны өте аз, белсенділік төмен деуге де болады. Сайлау комиссиялары барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуде, - деді сайлау комиссиясының төрайымы Айша Махметова.

2

Самал, 74 мекенжайындағы эстетикалық бағыттағы гимназияда №241, №455, №517 сайлау учаскелері орналасқан. Бұл учаскелерде дауыс берушілердің ағыны бірқалыпты. Жергілікті тұрғындар учаскенің ұйымдастыру деңгейін оң бағалауда. Комиссия мүшелері сайлаушыларға толық ақпарат беріп, барынша қолайлы жағдай жасаған.

Эльмира

- Жұлдыз шағынауданының тұрғындарына арналған №455 сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі бірқалыпты деңгейде жүргізілуде. Комиссия мүшелері санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуде. №16 бірмандаттық округ бойынша да 3 үміткер тіркелді. 2-еуі өзін-өзі ұсыну тәртібімен, 1-еуі «Amanat» партиясы атынан ұсынылды. Сайлау учаскесі бойынша 1831 сайлаушы бар. 11 адам үйден дауыс беруге ниет білдірді. Таңғы сағат 7:00-де алғашқы сайлаушыларымыз келіп таңдауын жасап, оларға арнайы сыйлықтар табысталды, - деді сайлау учаскесінің төрайымы Эльмира Алпамысова.

Аружан Аманжол
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале