Бүгін сағат 18.00-де Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында республикалық конкурстардың лауреаты, жыршы-термеші Фархат Оразовтың «Бабадан қалған жауһар жыр» атты жеке шығармашылық концерті өтеді.
Жерлесіміз Фархат Оразов жыршы-термешілердің республикалық байқауларында үздік өнер көрсетіп, жүлдегер болып келеді. Мәселен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен «Текті сөздің төресі - терме» республикалық байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Былтыр Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен бүкілресейлік жыршылар (сэсэндер) фестивалінің күміс жүлдегері атанса, Оралда болған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық термешілер байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Жыршының бүгінгі жеке концертінде «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, ҚР еңбек сіңірген артисі Сәуле Таудаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкім және Асхат Ораз, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Ақмарал Кемелханова, Жақсылық Исламғалиев, Армат Исламғалиев, Артур Сисенов, Қоныс Юсуповтар өнер көрсететін болады.
Нұрлыбек Нұрланұлы
www.zhaikpress.kz