27.08.2024, 11:30
Оқылды: 162

Бүгін – Халықаралық бокс күні

2021 жылы Халықаралық бокс ассоциациясының (AIBA) шешімімен тамыздың 27-сі Халықаралық бокс күні болып бекітілді. Себебі дәл осы күні тарихта алғаш рет әлем біріншілігі ұйымдастырылған.

D76B6AC4-B271-4B20-BB1A-A929CEBBFAC2

Бұл спорт түрі біздің елде де ерекше орын алады. Мәселен, тәуелсіздік алған жылдардан бері спортшылар Олимпиада ойындарында алтын жүлденің көбін осы бокстан алған. Күні бүгінге дейін төрт жылда бір өтетін әлемдік додада боксшылардан алтын күтетініміз жасырын емес. Сосын батысқазақстандық былғары қолғап шеберлерінің де Олимп шыңын бағындырғанын қалаймыз.

Айтулы күн қарсаңында «Облыс боксының жағдайы нешік?» деген сұрақпен «БҚО бокс федерациясы» қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне бас сұққан едік. Бізді бірлестік мүшесі, хатшысы Мәншүк Баданова қарсы алып, федерацияның жұмысымен таныстырды. Бүгінде он аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде (БЖСМ) 21 жаттықтырушы 528 баланы боксқа баулып жүр. Ал Орал қаласының өзінде 20 бапкер бар. «Олимп», «Арена» және «Алмазбек» сынды спорт клубтарында да боксшылар жаттығады.

– Жалпы бокс пен күрес қазаққа тән, табиғатымызға жақын спорт түрлері десем, артық айтқаным емес. Ал біреулер футболды №1 спорт түрі санайды. Енді бірі боксты бәрінен жоғары қояды. Әрине, мен бұл үшін дауласпаймын. Бірақ екінің бірі күреспен, екінің бірі бокспен айналысатыны жасырын емес. Бір қуантатын жайт, облыста жеке бокс клубтары ашылып жатыр. Бұл бокспен айналысқысы келетіндердің көп екенін, сұраныстағы спорт түрі екенін көрсетеді. Федерация мұндай клубтармен тығыз байланыс орнатты. Себебі олар – бәсекелестер. Ал бәсекелестік бар жерде өрлеу болады. Жеке мектептер болса да спорттың дамуына серпін береді. Бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімовтің іскерлігінің арқасында аудан-ауылдардағы, қаладағы БЖСМ басшыларымен және бапкерлерімен, боксқа баулитын басқа да мекемелермен жүйелі жұмыс жолға қойылды. Яғни федерация олардың жұмысын үйлестіріп отырады. Жас ерекшеліктеріне қарай қай топтың қандай жарысқа, қашан қатысатынын белгілейді. Ауыл-аймақта бокстың қалай дамып жатқанын назардан тыс қалдырмайды, – деген Мәншүк Сайлауқызы боксшылардың жетістіктеріне тоқталды.

E9A928F9-AE3B-4132-A167-D937D5383C52

Мәселен, биыл кіші жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында Әлібек Рамазан (40 келі) ІІІ орын алған. Маманның бағалауынша, бұл – орташа нәтиже. Алдағы күндері сала мамандарының басын қосатын жиында мұның себебі талқыланбақ.

«Себебі 500-ден астам баланың арасынан бір ғана баланың жүлде алуы ойлантады. Жалпы облыс бойынша бапкерлер жеткілікті, материалдық әлеует толық жабдықталған. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді» - деді маман.

Федерация басшылығы қыркүйек айында Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 26-шы «Достық-Дружба» халықаралық кубогінің өтуіне ықпал етпек. Соның барысында өңірдегі барлық бокс бапкерінің басын қосып, семинар өткізуді жоспарлап отыр. Биыл 71 келі салмақтағы Өнер Сейілхан (бапкері Б. Жарылғасын) Хорватияда жастар арасында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алған. Өнер Сейілхан жастар арасында ұйымдастырылған Азия чемпионатында І орын алса, ел чемпионатында 86 келі салмақта бақ сынаған Имран Днишев (бапкері Н. Есімғалиев) ІІ орын иеленді. Екеуі де болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар.

Ал 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында 71 келі салмақта Сабыржан Ақхалықов (бапкері Е. Кәрімов) жеңімпаз атанды. Ересектер арасында халықаралық турнирлердің жеңімпазы Даниял Сәбит (51 келі) көш бастап тұр. Жыл соңында өтетін ел чемпионатына Даниял мен Сабыржан қатыспақ. Әйелдер арасында Ақнар Ищанова (бапкері Б. Ищанов) биыл Астанада өткен Азия чемпионатында бірінші орын алды. Жақында облыстық бокс федерациясы Азия шемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлерді ақшалай сыйақымен және алғысхатпен марапаттады.

Мәншүк Сайлауқызы айтып өткендей, мұның өзі – мотивация. Яғни кім өзін шыңдаса, жетістікке жетсе, еңбегі бағаланады деген сөз. Мұны көрген бала да терін текке төкпей, жақсы нәтиже көрсетуге тырысады.

049DC74C-6A9E-46A7-9059-6972DF590393

Айта кету керек, облыстың ересектер арасында аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғали болса, жастар арасында аға жаттықтырушы Ержан Кәрімов, әйелдер арасында аға жаттықтырушы Бейбіт Ищанов, жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушы Ержан Киндихов, кіші жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушы Тимур Ихсанғалиев қызмет етеді. Сонымен бірге облыста халықаралық дәрежедегі 2 жұлдызды IBA төрешісі Нұрсұлтан Қонарбаев бар.  

– БҚО бокс федерациясы аудан-ауылдардағы, қаладағы бокспен айналысатын кішкентай балалардың спорттан қол үзіп қалмауын қадағалайды. Себебі олармен қазірден бастап жұмыстанбасақ, 4-5 жылдан кейін жастар, ересектер арасында боксшы болмауы мүмкін. Тіпті бапкерлерден де тапшылық көруіміз кәдік. Біз боксқа икемді балаларды спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатқа шақырамыз. Сол жерде спорт колледжі де бар. Биыл бұл мектепті төрт бала бітірді. Енді біз бапкерлерден бұл балаларды да далада қалдырмауды сұраймыз. Олар атақты спортшы болмаса да, бапкер бола алады. Жалпы ешбір баланы «жоғалтып» алғымыз келмейді. Шыны керек, көп адам федерацияны демеушілік көрсететін мекеме деп біледі. Алайда олай емес. Федерацияның міндеті – облыста боксты дамыту, жарыстар ұйымдастыру, БҚО құрама командасын сапалы даярлау және жоғары дәрежеде өнер көрсетуге жағдай жасау. Семинарлар өткізу, медицина саласындағы жаңашылдықтарды үйрету, алғашқы медкөмек көрсетуді пысықтау секілді өзге де іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бір ғана әттеген-айы төрт-бес жыл бұрын облыстағы балалар-жасөспірімдер бокс мектебі жабылып қалды. Бұған не себеп болғанын ешкім білмейді. Қазір балалар тарыдай шашылып, әр жерде жаттығып жүр. Күні кеше Олимпиада аяқталды. Онда қазақстандық спортшылар түрлі спорттан бақ сынады. Алайда, әсіресе, бокстың айналасында әңгіме көп айтылды. Бұл, бәлкім, №1 спорт түрі болған соң да шығар? Жалпы бүгінде спортшылардың жағдайы жаман емес. Кейде «баяғыда...» деп басталатын әңгіме айтамыз ғой. Мысалы, мен спортпен шұғылданып жүрген кезде «Динамо» залында бір ғана жуынатын душ болған еді. Жаттығудан кейін 50-60 адам кезекке тұратын. Сол ерлердің арасындағы жалғыз қызбала мен болдым. Сондағысы бір-екі минут қана шайынғанымызға риза болатынбыз. Қазір спортшылардың тамақтары тоқ, көйлектері көк. Кейде осындай тоқшылықтың өзі кедергі келтіретін шығар деп ойлаймын. Ең бірінші, тәртіп керек. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Егер спортшы «Төрт жылдан кейін алтын аламын» деп мақсат қойса, тәртіппен жүріп-тұрады. Ол кешкі сағат 22.00-де ұйқыға жатып, таңертең сағат 5.00-де тұрмаса, күнделікті жаттығуын жоспарламаса, ішкен тамағының құнары болмаса, онда алтын алуы мүмкін емес. Яғни тәртіп, білім және денсаулық керек. Егер ол үш күн бойы ұйқыға сағат 1.00-де жататын болса, алтын алуға үш күнге кешігеді. Олимпиадаға бір жыл қалғанда жанталасып дайындалудың қажеті жоқ. Қазір менің қарным ашты немесе киімім жоқ деп қай спортшы айтады? Қаражат жоқ деп те айтпайды. Себебі спортпен айналысуға барлық жағдай жасалуда. Бұл жерде мәселенің бәріне бас бапкер жауапты емес. Мәселе тереңде жатыр. Спортшыда патриоттық сезім болуы тиіс. Егер спортшы Отанын, ұлтын сүймесе, биік белестерден көріне алмайды.

Өзі тұратын көшенің лас екеніне жүрегі ауырмаса, соны тазалау үшін бір әрекет жасамаса, алтын алуы қиын болады. Спортшы – Отанның абыройын асқақтататын тұлға. Ал мұндай қасиетті тек жаттықтырушы бере алмайды. Бұл спортшының санасында болуы шарт. Әйтпесе, таңнан кешке дейін жаттыға беру жеткіліксіз. Біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Шыны керек, Бауыржан Кәрімов басқаратын облыстық бокс федерациясының командасы мықты. Федерация президенті жаңа сипаттағы жүйелі жұмыс жоспарын құрды. Оған бірлігі мығым бапкерлер де қолдау білдіруде, – деді федерация өкілі.  

Мәншүк Сайлауқызы 2028 жылы өтетін Олимпиадада үш медаль алуды көздеп отырғандарын айтты. Спортшылар дайындықты бастап кеткен. Қазір бокстан ұлттық құрама қатарында 6 батысқазақстандық спортшы – жастар арасында Азия шемпионы Өнер Сейілхан (71), 22 жасқа дейінгі жастар арасында Азия шемпионы Сабыржан Ақхалықов (71 келі), 22 жасқа дейінгі әйелдер арасында Азия чемпионы Ақнар Ищанова (66 келі), жастар арасында ҚР шемпионатының жүлдегері Имран Динишев (86 келі), халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Назым Ищанова (57 келі) мен Даниял Сәбит (51 келі) бар. Мамандар бұл жоғары көрсеткіш деп бағалап отыр. Айта кету керек, облыста алғаш рет 2021 жылы бокстан ерлер арасында ҚР чемпионаты өтті. Былтыр жастар арасында ел чемпионаты ұйымдастырылды.

B3295B21-EFDC-4A65-A028-FC3E14D8FC14

Өңірдегі бокс туралы айтқанда, Оралдағы оқушылар сарайындағы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы еске түседі. Мұнда қазір боксшылар алдағы жарыстарға қызу дайындалуда. Олардың арасында халықаралық додалардың жеңімпаз-жүлдегері Даниял Сәбит те жүр.

«Жақында Олимпиада ойындары аяқталғаны белгілі. Алайда бокстың нәтижесі нашар болды. Соған байланысты ерлер және әйелдер арасындағы ұлттық құрама бапкерлері ауысты. Қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысына оқу-жаттығу жиынына барамыз. Шымкентте Азия шемпионатына іріктейтін жарысқа дайындаламыз. Өзім сол жарыстан соң Азия чемпионатына қатысып, көк Туымызды желбіреткім келеді. Одан кейін өтетін ересектер арасындағы ел чемпионатында жеңімпаз атансам деймін», – деді Даниял.

Осы ретте БҚО бокстан ересектер арасындағы аға жаттықтырушы, Данияр Елеусінов атындағы бокс мектебінің спорт бөлімінің меңгерушісі Саттар Сұлтанғалиды (суретте) сөзге тарттық.  24 жылдан бері боксшыларды тәрбиелеп жүрген бапкердің айтуынша, 2020 жылдан бері ересектер арасындағы бокс жақсы дамып келеді. Сол жылы өзінің шәкірті Даниял Сәбит Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз болды. Одан кейін 2021 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Бұл облыс тарихында көптен болмаған жетістік еді. Биылғы жақсы көрсеткіш – ересектер арасында Сабыржан Ақхалықов, жастар арасында Өнер Сейілхан, 22 жасқа дейінгі әйелдер арасында Ақнар Ищанова Азия чемпионы атанды.

«Арық айтып, семіз шық» дегендей, бәрінен зор үміт күтеміз. Қазір желтоқсан айында Астанада ересектер арасында өтетін ел чемпионатына, оның алдында өтетін Азия шемпионатына дайындалып жатырмыз. Биыл қыркүйектің 16-сында Оңтүстік Қазақстан облысындағы спорт базасында жиналамыз. Жиырма тоғызы Шымкентте Азия чемпионатына іріктейтін жарыс басталады. Ал қарашада Азия чемпионаты өтеді. Қазір облыста ересектер санатында 18-22 жас аралығындағы тоғыз боксшымыз жаттығып жүр. Олардың қатары тағы да толығады. Бұлар – түрлі додаларда облыстың намысын қорғайтын, қаршадайынан спорт мектебінде оқып, шынығып шыңдалған жас жігіттер. Олардан бөлек тек өздері үшін жаттығып жүрген, яғни жарысқа қатыспайтын 40 шақты бала бар.

Меніңше, бокспен 9-10 жастан бастап айналысу керек. Бірақ ата-аналар 7 жастағы балаларын жаттығуға әкеле береді. Спортпен дұрыс айналысқан адам күшін жинақтап, денсаулығын шыңдайды әрі түрлі жарыста өзінің туған жерінің намысын қорғайды. Бокста жылдамдық, тез ойлау, күш, қорғаныс жинақталған. Боксты төбелес санайтындар бар. Алайда бокс – өнер. Бокспен өте ақылды балалар айналысуы тиіс. Өйткені тек қара күшпен алысқа шаппайды. Ақыл мен күші сайма-сай, мінезі өжет және еңбекқор болса, сонда ғана үлкен жетістікке жетеді. Бүгінде облыста бокстан Азия чемпиондары бар. Бұл әлемдік додаларға бастайтын баспалдақ іспетті. Мысалы, мен Даниял Сәбиттің жеке бапкерімін. Қазір Даниял, Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай және Дамир Әбдіқадыр арасында бәсеке өте жоғары. Бақ шаба ма, бап шаба ма, білмейсің. Ұлттық құрама командасының қатарында 6 боксшымыз бар. 2020 жылға дейін оның қатарында бір спортшымыз да болған жоқ», – деді бас бапкер.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале