Бүгін, 12 тамызда Қазақстанда Халықаралық жастар күні атап өтіледі. 2024 жылдың басында республика жастарының саны – 5 759 781 адам. Бұл 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар.
Жыл басынан бері 20 мыңнан астам жастар кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды, 130 мыңнан астамы жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттары бойынша консультациялық көмек алды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Сурет: Тілек Махметов
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін ағымдағы жылғы наурыз айында Отбасы банкімен бірлесіп, аудиториясының 60% - ы жастарды қамтыған «9-20-25/Отау» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. 1 мамырдағы жағдай бойынша жас отбасылардан 16 747 өтініш берілді.
Сонымен қатар 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 10% және 25 жылға дейінгі мерзімі берілген жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда.
«Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Қағидада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жыл сайынғы жинақтау шегін енгізу көзделеді.
Шығармашылық және белсенді жастарды қолдауға қатысты «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының қағидаларына толықтырулар енгізілді. Біріншіден, сыйлықақы мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, «Қоғамдық қызмет» жаңа номинациясы қосылды.
Жастар саясатының негізгі бағыттары: жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешу, бизнес-бастамаларды қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру.
«Zhas project» жобасы аясында биыл ауыл жастары арасында 280 грант бөлініп, бизнес-жобаларын іске асыру үшін NEET санаты іске асырылуда.
Жастардың бизнес-бастамаларын қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру жалғасуда. 2024 жылы 3 млн теңге көлемінде 30 грант бөлу көзделген. Волонтерлік саланы қолдау мақсатында қосымша «Волонтерлік» бағыты қарастырылған.