7.10.2021, 11:55
Оқылды: 276

Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба

Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба  (БСГҚ) –  ағзаның әлсіреуімен, қызба, геморрагиялық синдроммен және бүйректің зақымдануымен сипатталатын табиғи-ошақты ауру. Аурудың қоздырғышы адамның қатысуынсыз ашық табиғатта тышқан тәріздес кеміргіштерде үнемі айналыста жүреді. БСГҚ-ның табиғи ошақтары Ресейдің біздің облысымызға шекаралас жатқан Оренбург, Самара, Саратов облыстарымен шектескен аудандарда кездеседі.

97DCCB5D-EEA0-4B91-917E-BCD6A6590285

Батыс Қазақстан облысында БСГҚ ауруы алғашқы рет 2000 жылдан бастап тіркеле бастады. 2013 жылы БСГҚ-ның 2 оқиғасы, 2014 жылы -12, 2015 жылы  - 3, 2016ж – 4, 2017ж -12, 2018ж - 6, 2019 жылы – 2, 2020 жылы 1 оқиға тіркелді. Ағымдағы жылы 8 ай қорытындысы бойынша облыс аймағында бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруы тіркелген жоқ. Негізінде аурушаңдық күз-қыс мезгілдерінде Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау, Теректі аудандары мен Орал қаласында тіркеледі.

Табиғатта ауру көзі және вирустың резервуары болып тышқан тәріздес егеуқұйрықтар (жирен өріс тышқаны, далалық тышқан, сұр және қара тышқандар мен әртүрлі сұр өріс тышқандарының түрлері) болып табылады.

Егеуқұйрықтардан адамдарға ең басты таралу жолы – ауа-шаң арқылы (егеуқұйрықтардың зақымдалған бөлінділерін шаң арқылы жұту, шөп, бидай, ағаш дайындау, балық аулау, жеміс жидек және саңырауқұлақ теру кезінде); тағам немесе алиментарлық (егеуқұйрықтардың бөлінділерімен зақымдалған тағамдарды қолдану мен лас қол арқылы), қарым-қатынас (ауру жануармен тікелей қатынаста болу, тістеу, егеуқұйрықтарды бөлшектеу мен ашық жарақаттарға бөлінділер түскен кезде) жұқтырады.

Инкубациялық кезеңі 7 күннен 46 күнге дейін, жиі 21-25 күнге дейін созылады.

Ең басты симптомдары – жедел басталып, дене қызуының 39-400С-қа дейін көтерілуі, қалтырау, бас ауру, бет пен терінің кілегей қабықтарының  қызаруы. 3-4 күннен соң дене қызуының төмендеуіне байланысты, бел, іш аймағында ауырсыну, денеде бөртпе, бүйректің зақымдалу (зәр мөлшерінің азаюы) белгілері байқалады. Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде шұғыл түрде дәрігерге қаралу қажет.

БСГҚ  қарсы профилактикалық егулер жоқ.

Бұл ауру облыс аумағында әрдайым болуы мүмкін. Осыған байланысты жеке алдын алу шараларын үйрену және балаларды жеке бас гигиенасын сақтауға үйрету маңызды.

БСГҚ алдын алу бойынша негізгі іс-шаралар, эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешенінде спецификалық емес профилактика негізгі болып саналады:

1. Халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын өткізу, аурудың табиғи ошағында жеке гигиена ережелерін сақтау.

2. Егеуқұйрықтардың қолы жетпейтін ыдыстарға тағам өнімдерін сақтау қажет;

3. Егеуқұйрықтардың көздерін жою,

4. Тышқандармен қатынаста болуы мүмкін деген тағам өнімдерін міндетті түрде жылулық өңдеуден өткізгеннен соң тағамға қолдану;

5. Шөп, бидай, бидай өнімдерімен жұмыс істеген кезде шаңды бөлмеде және ескі ғимараттарды бұзу кезінде аузыңызды, мұрныңызды орамалмен немесе дәкелі маска, респиратормен жабу қажет;

6. Бөлмені жинастырғанда міндетті түрде сумен ылғалдау қажет;

7. Қажет болмаған жағдайда тоғайға бармаған жөн;

8. Жұмыс істеп болғаннан соң, міндетті түрде қолды сабынмен жуу қажет.

9. Кеміргіштердің өсу орындарына қолайлы, яғни ескі құрылыс ғимараттарға түгендеу жүргізіп, оларды тазалау қажет.

10. Елді мекендерге тосқауылды және жаппай дератизациялауды жүйелі жүргізу.

Батыс Қазақстан облысында 2021 жылы 12 қазаннан бастап БҚО дезинфекция қызметінің мамандарымен БСГҚ бойынша қолайсыз елді мекендерде тосқауылдық дератизация жүргізіледі деп жоспарлануда.

 Г.Кажушева,

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезді эпидемиологиялық бақылау бөлімі басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале