20.06.2022, 10:00
Оқылды: 44

«Бұл өңірде кім білмейді, Лаврды?!»

63  жас! Мынау қысқа ғұмырдың айтулы бір белесі ғой бұл. Осы аптаның бел ортасында Құрмет орденінің иегері, Бөкей ордасы  мен Жаңақала аудандарының құрметті азаматы, ҚР АШМ  облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр  Хайретдинов зейнеткерлік жасқа жетіп, көптің көңілін  серпілткен ізгі іс-шара өтті. Ақ Жайық өңірінің не бір  жақсылары мен жайсаңдары тоғысқан жиынның тізгінін облыс әкімінің  бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ұстап, әп дегеннен  ақжарма тілектер ақтарылмасы бар ма?! Әрі жиын «шымылдығы» ашыла бере, бас қаламыздың төрінен ҚР АШМ  Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марстың жетуі де бұл басқосудың «бояуын» қалыңдата түскені айқын.

лавр

-Ардақты ағайын, қымбатты жерлестер! Бүгінгі жүздесуіміздің жәй-жапсарын жақсы біліп отырсыздар. Ал мынау залға иін тіресе осынша адамның жиналуы – Лавр Рәшидұлының көпшілік арасындағы биік беделінің шынайы көрінісі болса керек. Ол дұрыс та! Өйткені  өзі де әр кез осындай үлкенді-кішілі іс-шараның басы-қасынан табылып, қолдау-көмегін көрсетуден аянған емес. Мұндайда атам қазақ «Сыйға – сый, сыраға – бал» демеуші ме еді?! Бұл кісінің елшілдігі, жершілдігі, адамгершілігі өз алдына бөлек әңгіме. Оның бір парасын қатарлас-қанаттас жүрген әріптестері айта жатар, мен сөзімді қысқа қайырайын, – дей келе Арман Кәрімұлы өңір басшысы Ғали Есқалиевтің құттықтауын жеткізіп, қазақы салтпен мерейтой иесіне шапан кигізді. Сонымен бірге әр жылдары облысымызды басқарып, қазір бас қала тұрғынына айналған бірқатар ел ағасы мен Парламент депутаттары жолдаған құттықтаухатты қоса тапсырды.

Одан кейін құрметті мейман һәм тікелей басшысы Алмабек Марсұлы сөз алып, алдымен Лавр Рәшидұлының іскерлігі мен талапшылдығы арқасында өңір инспекциясы соңғы екі-үш жылда республикада көш бастап келе жатқандығын айтты.

Әрі Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің атынан құттықтаухат тапсырып, өңіріне «Еңбек ардагері» медалін тақты. Өзге де сый-сияпаттар көрсетілді.

Иә, бұл күнгі жиын мінбесінен сөз алғандардың, яғни атпал азаматтың адресіне қарата айтылған ақжарма тілек иелерінің аты-жөндерін тізіп кетсек, бір құлаш тізім шығар еді. Мұның бәрі Лавр Хайретдиновтің әлгінде айтқан  халық алдында жүзі жарқын ғұмыр кешіп, құрметті демалысқа атан түйеге жүк боларлық абырой арқалап жеткендігінің тағы бір дәлелі. Өз кезегінде облыстық мәслихат, салалық кәсіподақ ұйымдары, облыстық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес пен бірлестіктер, қайсыбірін айтайық, бәрі-бәрі өзіндік сый-құрметін көрсетіп жатты. Жекелеген облыстық басқарма басшылары мен кейбір аудан әкімдіктерінің өкілдері де аталған шараның нақ төрінен табылды. Бұл қатарда бөлімше басқарушысынан аудан әкіміне дейінгі жолды сүрінбей өтуіне өз қолдау-көмектерін көрсеткен  бөкейордалық жерлестері де бар. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев бастаған топ атамекенінің ыстық сәлеміне қоса, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Алты жылдай айшықты ізі қалған Жаңақала өңірінен ат артып жеткен ағайынның да Лавр Рәшидұлына деген сый-құрметтері ерекше екенін аңғардық. Олар осы аралықта ауданда атқарылған жұмыстармен қатар, оның адами қадір-қасиеттерін де ұмыт қалдырмай, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасын берік ұстанғандығын жеткізді. 95-тің төріне озған Ақ Жайықтың абызы Жайсаң аға (Ақбаев) болса: «Сендей ерді өсірген елден айналайын! Әсіресе, тарихи тұлғалар мен өнер адамдарын дәріптеудегі еңбегің ерен, ісің өшпес өнеге. Ендеше, тілек-тартуым да өзгелерден өзгеше, Жаратқан ие саған менің жасымды берсін» деп аталық сөзін айтты.

Есімі еліне елеулі, халқына қалаулы тұлғаға деген ақжарма көңіл-ниеттер мұнымен шектелмей, көненің көзі боп қалған Нұрлан Ізтелеуов, бөкейлік Нұрлыбек Бірманов, өзі оқыған СХИ-дың атынан (Жәңгір хан атындағы университет) ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов және сыйлас та сырлас ғұмыр кешіп келе жатқан Табылғали Сапаров секілді ардақты ағалары да ізетті ініге деген өз құрметтерін көрсетті. Өнегелі өмір иесінің ғұмыр-дариясы енді бір сәт жиналған жұртшылықтың жүрегіне жыр боп ұялап, көңіл сарайын тіптен жадыратып әкетті. Нақтырақ айтсақ, сонау қияндағы хан Жәңгірдің мектебінен бірге түлеп ұшқан сыныптасы, бүгінде жалпақ елге аты мәшһүр белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ пен Ақ Жайықтың аққолтық ақберені һәм «қырық күндік кемдігі бар» (өз сөзі) жездесі Сағынтай Бисенғалиев жырдан шашу шашты. Алғашқысы:

Екі бірдей ауданның   әкімісің,

Мақтануға бүгінде  хақылысың.

Бөкейорда ойыңнан  кетпес дәйім,

Жаңақалада жарқырап жатыр ісің, – деп тебіренсе, қыр баласы Сәкең:

Жұмысына алымды да,  қарымды,

Бұл өңірде кім білмейді,  Лаврды?!

Жүрген жерін жайнатумен  келеді,

Жақсы ісі көп жадыратар жаныңды, - деп балдызына бір «жағынып» алды.

Жалпы деймін-ау, «Қарапайымдылық – кісілік келбеті» деп жатады ғой. Лавр Рәшидұлының бойына қанмен сіңген осынау асыл қасиетке атқарған лауазымды қызметтері де, қол жеткен марапат, беделі де, тіп­ті адам атаулыны түрлі шиыр жолдарға салып, сан құбылтатын сындарлы шақтар да өз көлеңкесін түсіре алмағанына көпшілік куә. Мұндай еріне елі қандай құрмет көрсетсе де артық емес-ау, сірә! Тек осындай ақ сөйлеп, адал күлетін азаматтарымыздың тірлік сапары баянды һәм ұзақ болғай деп тілейік!

Бауыржан  Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале