11.07.2022, 11:15
Оқылды: 52

Бұл сапар – бұрынғыдан бөлек сапар...

Қадыр Мырза Әли  –  қазақтың заңғар ақыны. Ол өскелең ұрпаққа шығармашылық   жанкештілігімен  үлгі.  Оның мұрасын насихаттау – басты міндетіміз. Осы бағытта Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы  жүйелі  жұмыс  жүргізуде. Жуырда аталмыш  орталық жанындағы «Дала дидары» көшпелі өнер  ұжымы «Қадыр жолымен…» жобасы аясында Сырдың бойын жағалап, түрленген Түркістанға түсіп,  әрі қарай Алатау асып, айыр қалпақты ағайынмен дидарласып келді. Өнер ұжымы алыс  жолға  аттанып бара жатып, Қадекеңнің туған жері – Жымпитыға аялдады. Ақын-әншілерге, жоба мүшелеріне Шідерті өзені жағасында қонақасы берілді. Сөйтіп, Сырым  елінің  батасымен «Дала дидары» Сыр елін бетке алды. 

9a56ead6-0bcb-47c9-9e9e-fda7ef11e31e

Қазалылықтардың құрметі ерекше

Алдымыздан домбырамен шыққан Әйтеке би кенттік клубының директоры Нұрлыбек Сүлейменов Әйтеке, Бекарыстан секілді от ауызды, орақ тілді билерді, Жалаңтөс, Жанқожа, Ақтан батырларды, Қарасақал Ерімбеттей жыршы-жырауларды, Ғанидай жалынды жастарды, Кеңес Дүйсекеев сынды композиторды, Роза мен Мәдинадай күміс көмей, жезтаңдай әншілерді тал бесікке бөлеген құтты жерге табан тірегенімізді тілге тиек етіп, жырдан шашу шашты. Құшағын айқара ашып, қазақы дархандықпен қарсы алған Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов, ауданның мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Нұрлан Толыбаев ұжым мүшелерін дастарқанға шақырды. Ән-жыр айтылып, арқа-беліміз жазылды. Қызылорда облысының Қазалы ауданына аз уақытқа аялдап, қайтадан облыс орталығына апаратын жолға  түстік.

Көрерменнің  ыстық  ықыласы қуантты

Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық академиялық драма театрда әдеби-сазды кеш өткіздік.

– Сапарымызды Сыр елінен бастауымыз тегін емес. «Сыр – Алаштың анасы» дейді қазақ. Ендеше, Түркістан, Шымкент өңірлері мен Қырғыз еліне «анамыздың» ақ батасы, алғысымен аттанғалы тұрмыз, – деген жоба жетекшісі, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла іс-шараның өтуіне қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлына ризашылық білдірді. Кеште ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, республикалық байқаулардың лауреаттары Мәди Сабыров, «BatysStar», Мейірхан Аюпов абыз ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді табиғи дауыспен тамылжыта шырқады. Орталық қызметкерлері Аслан Ислямов, Назерке Махамбетова, Ақмоншақ Есетова және Әділ Ахметов өлеңдерді мәнерлеп оқудан музыкалық қойылым көрсетті. Ал Қадыр ақынның қағытпа қалжыңдарын, афоризмдерін жұрт жүрегіне жеткізу кештің модераторы Айнабек Бисенғалиевке жүктелді. Өнерпаздар өз міндетін өте жоғары деңгейде атқарып шыққанын ыстық ықылас төгіліп тұрған көрермен көзінен көруге болады. Кеш соңында өз сөзін Қадыр ақынның өлеңін жатқа айтумен бастаған Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы өнер ұжымына алғысхат табыстады. Ендігі бағыт – Түркістан!

8890ba99-4e2e-45ac-95b0-0fe7201575e6

Сөйтіп, Түркістанға да жеттік. 24 маусым күні түбі бір түркі жұртының рухани астанасында кеш бердік. Кеш барысында қазынаға толы Қадыр шығармашылығының шашауын шығармай, тыңдарманға тиянақты жеткізе білген өнерпаздар өз биігінен табылды. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шара соңында «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев сөз алып, өнер ұжымына ризашылығын білдіріп, қырғыз еліне бағытталған сапарға сәттілік тіледі.

Қошқар атадағы қошемет

 Өнерпаздарды қазақ-қырғыз шекара бекетінен Манас ауданының әкімі Доспанбет Жиенбеков күтіп алып, біздің елмен шектесетін Талас облысының күрежолымен адамзаттың Айтматовы туған Шекер ауылына бастап барды. Бұл ауылда өнер ұжымы ұлы жазушының музейін аралады. Бұдан әрі тау жоталары мен асулардан асып, Қырғызстанның жеті облысының игі жақсылары бас қосқан дүбірлі мейрам өтіп жатқан Қошқар ата жайлауына бет алдық. Бұл жерде «Құтты елдің ұраны – Манас» атты еларалық Талас форум-фестивалі өтеді деп жоспарланған. Қошқар Ата жайлауынан қазақ бауырларын Талас облысының әкімі Бақытбек Нарбеков бастаған Бақай-Ата ауданының әкімі Алғынбай Имаров, Қара-Бура ауданының әкімі Бектур Сағынбайев, Талас ауданының әкімі Нұрғазы Нармырзаев, Талас шәрінің мэрі Асқар Шабданов секілді атқамінер азаматтар құрақ ұшып күтіп алып, төрін ұсынды. Той кешке дейін жалғасты.

Театрландырылған қойылым, манасшылардың өнері, қырғыз ақындарының айтысы, көкпар ойыны және басқа да қызықтар ұйымдастырылған айтулы күнде қырғыз ағайындар «Дала дидары» ұжымының да өнерін тамашалап, қошеметке бөледі. Концертте «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина бір туған қырғыз ағайынға жыр арнады. Ақ қалпағы Алатаудан аумайтын бауырлас халық алдында сөз сөйлеген Бауыржан Ергенұлы бір елдің аманатын арқалаған өнер ұжымының табанын жерге тигізбеген алқалы жұртқа ризашылығын білдіріп, Талас облысының әкімі Бақытжан Нарбековке алғысхат табыстап, өңіріне «Сырым батыр Датұлы» төсбелгісін тақты. Осынау игі іс-шарада Қадыр шығармасы насихатталған ерекше сәтті елмен бірге Қырғызстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйнтбек Қасманбетов, Қырғызстан Республикасының Батыры, ҚР толық жаңа ұйғарым укуктуу елшісі, профессор Алиясбек Алымкулов тамашалады. «Дала дидары» ұжымының Қырғызстандағы бір күні осындай ерекше әсермен өтті.

Бішкекке барар жолда...

Қырғыз десе, Манас, Манас десе, қырғыз еске түсетіні ежелден белгілі. Етене жақын елдегі екінші күніміз Манас батырдың кесенесіне зиярат етіп, этно-кешенді аралаудан басталды. Кешенге кіргеннен-ақ әрбір тасынан Манасты тыңдадық (саябақтағы тастарға шағын колонка (ды­быс зорайтқыш) орнатып, эпостық жырды қосқан). «Манас эпосының» музейінде жалпы қырғыздың мақтанышына айналған баһадүр батырға арналған эпосқа қатысты деректер, оны жинақтаушылар, насихаттаушылар, манасшылар (залкар манасчы) туралы мағлұматтармен таныстық. Айкөл Манас атанған батырдың дүниеге келгенінен бастап, өмірден өткен сәтіне дейінгі ерлік пен өрлігі, жаугершілік замандағы халқының тыныс-тіршілігін музей қызметкері асқан шеберлікпен, толыққанды түсіндірді. Бұл музейде қырғыздың терең тарихынан сыр шертетін дүниелер көп екен. Көретін көз болса, түйетін ой да жетерлік.... Ендігі бағытымыз – Сусамыр жайлауы арқылы Бішкек қаласы. Қырғыздың бас қаласына бас батырға Құран бағыштап аттандық.

Таластан һәм Манастан шығып, Сусамыр жайлауына табан тіредік. Таластан Бішкекке жоталар арқылы биікке өрлеп, небір биік асудан асып, бұралаңы көп жол арқылы қатынайды. Әрине, тас жолы түгел асфальт. Десек те, кейбір тұсы құз-жартастардың жиегімен «тар жол тайғақ кешуге» толы екен. Ал таудың табиғаты тамаша, қолсозым жердегі ала бұлттар алабұртқан көңілге қанат бітіргендей-ақ. Таудың тасын тазарта жуып, өзінің ғана жолын білетін мөлдір бұлақтардың жөні бір басқа (жалпы, үлкенді-кішілі бұлақ көп ұшырасады). Малшы ағайын жол бойына боз үй (киіз үй) тігіп, жайлауына малын өргізген. Кез келгеніне кіріп барсаң, құрт-май, ыстық наны мен қаймағы дастарқан үстінде. Шын мәнінде,  бәрі де маңдай тердің, адал еңбектің жемісін көріп отыр. Қош, сонымен таудың 3336 метр биігіндегі Сусамыр жайлауына жетіп, жоғарыда аталған үйлердің біріне тоқтадық. Жайылған ақ дастарқанға жайғасып, қымыз ішіп, таза ауаны тамсана жұтып, «Бәріміз де табиғаты таза таудың жайлауында тұрсақ қой…» деп аз-кем армандай бастап едік… Негізгі миссиямыз еске түсті де, қырғыз астанасына қарай бет алдық.

Алатауымыз ортақ қырғыз байкелердің бас қаласына күн батуға таяу уақытта жеттік. Орналасып алған бойда ұжым құрамының бас тіреген жері Айтматов музей-үйі болды. Бішкек қаласындағы бұл музей 2014 жылы жазушы ұрпағының ұйытқы болуымен ашылған. Мемлекеттік қорғауға алынған. Қырғыздан шығып, әлемге танылған Айтматовтың есім-сойы күллі қазақ үшін де құрметті екені даусыз. Біз барған музей-үйде Шыңғыс Төреқұлұлы 1978-86 жылдары тұрған. Жазушының тұтынған бұйымдары, қолының ізі қалған заттары музейдің құнды жәдігерлері қатарында. Асханасындағы тамақ ішетін орны (үнемі өзі отыратын орны бар), жазу бөлмесі, қолжазбасы, жеке кітапханасы, алған марапаттарының басым көпшілігі осы бір шаңырақтың «меншігінде». Қырғыз бауырлар Манасты қандай зор тұтса, сол Манасты әлемге танытқан Шыңғыспен де ерекше мақтанады. Солай екені де сөзсіз. Осылайша біз заңғар тұлғаның музейін аралап, ертеңгі әдеби-сазды кешімізге рухани тұрғыда дайындалғандай  болдық.

Өнер ұжымы – тікелей эфирде

Бауыржан Халиолла бастаған «Дала дидарының» белді мүшелері Қайрат Кәкімов, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Жансая Мусина «Қырғыз радиосының» тікелей эфирінде сұхбат берді. Екі ел руханиятының тұтастығы, мәдениетінің ұқсастығы жөнінде өрбіген сұхбат барысында Қ. Кәкімов, Д. Есентеміров, Е. Өмірәлі домбырасын күмбірлетіп қағып-қағып жіберіп, әуелетіп әнге салды. Кейін Қырғыз республикасының ұлттық телерадиокорпорациясы бас директоры Қайрат Иманалиев ұжым мүшелерін қабылдады. Құстың қанатындай, түйенің өркешіндей болған екі елдің достығы әлімсақтан жалғасқанын тіліне тиек етіп, қазақ жұртының өнері мен мәдениеті қырғызға бөтен емес екенін жеткізді.

– Манас жырын қағазға түсірген Шоқан Уәлихановқа, ғылыми тұрғыда зерттеген Әлкей Марғұланға, эпостық болмысын Мәскеудің төрінде қорғап берген Мұхтар Әуезовке қырғыз халқы қашан да қарыздар. Қазақтың бас ақыны Абай, айтыстың дауылпазы Жамбылға бұл елдің құрметі ерекше. Абайдан кейінгі қазақ ақындарының жырлары қырғыз оқырмандарына жақсы таныс. Соның ішінде Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын оқып жүреміз. Тілі ұқсас, дін-ділі ортақ халықтың жыры да ортақ болуы керек, – деген Қайрат Олжабайұлы тау асып, таудай талаппен келген меймандарға алғысхат беріп, зор пейілін көрсетті. Ұжым басшысы, жоба жетекшісі Бауыржан Ергенұлы бастаманы қолдап, жеті телеарна тоғысқан корпорация басшысына ризашылығын білдіріп, алғысхат пен «Сырым батыр Датұлы» төсбелгісін табыстады.

Қырғыз телерадиокорпорациясының студиясында қонақ болдық. Қырғыз ағайынның мақтаулы манасшысы Азиз Бимырза уулы жүргізген телебағдарламада жоба жетекшісі Бауыржан Ергенұлы сұхбат құрып, өнер сапарының басты мақсатына тоқталып, толыққанды мәлімет бере кетті. Сондай-ақ ұжымның концерттік бағдарламасы көрші мемлекеттің басты арнасының тікелей эфирі арқылы қырғыз даласына жол тартты. Осылайша Қадыр шығармашылығы Қырғызстанның ұлттық арнасының қорына енді.

Түстен кейін өнер ұжымын Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Иман нұры» фракциясының жетекшісі Нұржігіт Қадырбеков қабылдады. Нұржігіт Қадырбеков – ақын-жазушы, бес бірдей прозалық, бір поэзиялық кітаптың авторы.

– Шекспирді, Байронды, Толстойды және басқа да әлем қаламгерлерін білеміз. Қырғыз Әуезовты, қазақ Айтматовты өте жақсы біледі. Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттағандарыңыз құптарлық іс. Бауырлас халық арасында осындай үрдіс жалғасын таба берсін. Қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан қаламгерлер шығармаларының аудармасын оқып жүрмін. Ендігі қолға алған мақсатым – қазақ тілін толық игеріп, түпнұсқасын оқу, – деп ағынан жарылды Нұржігіт байке. Бауыржан Ергенұлы халқының қалаулысына қазақ қаламгерлері туралы айта келіп, олардың қатарында Қадыр Мырза Әлидің есімі ерекше аталатынын, әр туындысы қазақ үшін қадірлі екенін жеткізді. Жобаның қырғыз елінде жүзеге асырылуына септігін тигізген атқамінер азаматтарға риза көңілін білдірді. Қазақтың дархан пейіл, дәстүріне сай иығына шапан жауып, алғысын айтты. Нұржігіт Қадырбекұлы қазақ қаламдасымен танысқанына қуанышын білдіріп, естелік сыйлық пен өзінің авторлық кітабын сыйлады. Қазақстандық меймандар жеті қабаттан тұратын Жоғарғы Кеңес ғимаратын аралап, қырғыз елінің талай тағдырлы мәселесі шешілген кеңес отырысының залын көрді.

«Дала дидары» өнер ұжымы Қырғыз Республикасына сапарының үшінші күнінде елдің бас қаласына концерттік бағдарламасын ұсынды. Бішкектік көрермен 3000 шақырымды артта тастаған өнер ұжымын ерекше қошеметпен қолдады. Сол қошеметтің септігі тиіп, біздің өнерпаздар бір апталық жолдан шаршағанын ұмытып, ерекше шабыт алды. Концерттік кеште Бауыржан Ергенұлы шарадағы жұртқа жақсылық тілеп, кең сарайдай қырғыз театрының да ұжымына рақметін жаудырып, театр директоры, қырғыз Республикасының халық артисі Асылбек Өзбековке алғысхат табыстап, иығына шапан жапты.

Іс-шара соңында Шаршен Термечиков атындағы Чуй облыстық театрының директоры, ел ақыны Азамат Болғонбаев сөз сөйлеп, Бауыржан Ергенұлының иығына шапан жауып, естелік сыйлығы мен «Токтогул-150» қоғамдық қорының «Токтогул Сатылганов – 150» медалін табыстады. Сондай-ақ бұл медаль қазақ айтысының жарық жұлдызы, «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусинаға да ұсынылды. Бұдан әрі Азамат Болғонбаев театр атынан өнер ұжымы мүшелері М. Аюпов, А. Бисенғалиев, М. Сабыров және Т. Мықиды дипломдармен марапаттады. Сүйініп айтатын тағы бір жаңалық ұжым мүшелерінің барлығына Қырғызстан Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі А. Жаманкуловтың алғысхаттары табысталды.

Шоқан  ескерткіші бой  көтермек

Өнер ұжымы Бішкек қаласының сыртындағы қорымға зиярат етті. Бұл қорымда 1916 жылғы азамат соғысында құрбан болған боздақтар жерленген. Қырғыз халқының біртуар перзенті – ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовқа да боздақтар жанынан топырақ бұйырған екен. Марқұмдардың рухына Құран бағыштап, бет сипадық. Әлемнің көзмоншағы – Ыстықкөл! Қырғызстандағы ақжарқын ағайынның ыстық ықыласы Ыстықкөлге де алып келді… Қазақтың Шоқаны басын бәйгеге тігіп зерттеген Ыстықкөл аймағына келгеніміз – біз үшін зор қуаныш. Ал атүсті емес, өнер сапарымен бет бұру – зор мәртебе, тарихи сәт. Бабамыздың ізі қалған жерге келіп, бір марқайып қалғанымыз рас. Облыс шекарасының кіреберіс қақпасында П. Семёнов-Тян-Шанскийдің ат жетектеген ескерткіші тұр. Алла жазса, қырғыз ағайын Шоқан Уәлихановтың да ескерткішін қоюды жоспарлап жүр екен. «Аты болдырған» Тян-Шанскийден әлдеқайда тұлғалы мүсін қасқайып тұрса, рухымыз көтеріліп қалмай ма? Әлем таныған Шыңғыстың елі Шыңғысұлының да есімін осылай ұлықтамақ ниетте. Олар «Ыстықкөл күнделігі» атты әйгілі жазбаларымен айдын көлдің қыр-сырын ашып берген қазақ ғалымына қарыздар санайды өздерін. Мерейің өсіп қалады осындайда...

Қош. Сонымен облыс орталығы – Қаракөл қаласындағы концертіміз ерекше көңіл күймен өтті. «Әлемнің көзмоншағына айналған Ыстықкөл» деп бағасын берген Бауыржан Ергенұлы жиналған бауырлас халыққа алғысын арнады. Жоба жетекшісі Б. Халиоллаға және ол бастаған ұжым мүшелері Д.Есентеміров, Е.Өмірәлі, Ж.Хасанова, Ж.Мусина, М.Сабыровқа Қырғыз Республикасы Президентінің Ыстықкөл облысындағы өкілі А.Сулаймановтың алғысхаттары табысталды. Концертімізге жиналған халық әрбір өнерпазды қызу қолдап отырды. Кеш соңында қаракөлдік ағайын риза болысып, сапарымызға ақ жол тіледі. Бұл кеште жергілікті тұрғын, қаракөз қазақ Гүлсайыр апамыз да көрермен қатарынан табылды. Ол құшақ-құшақ гүлімен келіп, туғандарына таратып, жүрек толқытар әсерге бөледі. Қырғыз еліндегі соңғы кешіміз (осы сапардағы) осындай жоғары нотада аяқталды.

Келесі күні Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы  театрда  кеш  өткіздік.

6000  шақырым артта қалды

Міне, Оралға да оралдық. Артымызда қос мемлекет, ондаған қала, мыңдаған көрермен, 6000 шақырым жол қалыпты. Осы нүктелердің бәрін Қадыр жырымен, қазақ жырымен байланыстырып шыққанымызға қуаныштымыз.

– «Қадыр жолымен» жобасы аясында құрылған «Дала дидары» (Қадекеңнің жыр жинағының атауы) көшпелі өнер ұжымының жұмысына бес жылға жуық уақыт болып қалыпты. Пандемияға дейін біраз аймақты аралап едік. Бұл жолғы алыс та күрделі сапарға тыңғылықты дайындалу үшін әжептәуір уақыт керек болды. Былтыр жыл соңында қырғыз ағайынға барамыз деген уәдем де біраз елдің құлағында жүрді. Бір жағынан, олай сөз бермесең, жауапкершілік болмайды. Әрине, құрамы өзгеріп, мазмұны жаңғырып тұратын бұл бастаманы алғаш жолға қойғандағы мақсатымыз – тұтастай Қадыр ақынның қазынасын елге насихаттау арқылы мәдениет пен өнерге үлес қосу болатын. Бірыңғай Қадекеңнің сөзі­не жазылған әндерді шырқап, әзіл-қалжыңдарын айтып, афоризмге айналған ойлары мен өлеңдерін оқып, сахнаға лайықтадық. Орталық туралы бейнефильм дайындадық. Тағы бір ерекшелігі – шығарманың барлығы дерлік табиғи дауыста орындалады. Көзбен көрмеген көрермен әу баста түсініңкіремей қалғанымен, кейін ерекше жоба екен деп қолдап жатты. Қадыр орталығы концерттік ұжым болмағасын, үнемі жергілікті әншілерге, өнер адамдарына арқа сүйеуге тура келеді. Мысалы, бұл жолы Ж.Хасанова, Қ.Кәкімов, Д.Есентеміров, Е.Өмірәлі секілді танымал әншілерге өтініш айттым. Олар ел атынан бара жатқан ұжымға қуана-қуана қосылды. Осы жерде астын сызып айта кететін бір мәселе – бұл сапарымызға жергілікті бюджеттен бір тиын бөлінген жоқ. Тасымал жағынан өнердің Жайықтағы жанашыры, «UNISERV» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Сәтбаев Нұрғазы Сәтбайұлы жәрдемдесті. Барған жерімізде ел азаматтарының көңіл-пейілі жүгімізді біраз жеңілдетті. Қалай бәстессеңіз де, мұндай тәуекелге толы шығармашылық сапар бұрын-соңды біздің өлкеде болған емес, – деді жоба жетекшісі Бауыржан Халиолла өзінің әлеуметтік желіге жариялаған жолжазбасында. Иә, өлең деген құдіреттің арқасында Оралдағы мәдениет және өнер орталығы Алатаудың арғы жағына Қадыр болып барып, қадірлі болып қайтты.

Талғат Мықи,

Айнабек Бисенғалиев,

Орал – Жымпиты – Қазалы – Қызылорда – Түркістан – Тараз – Талас – Сусамыр – Бішкек – Ыстықкөл – Қаракөл – Қордай – Шымкент – Жалағаш – Хромтау – Ақтөбе – Жымпиты – Орал

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале