Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ел аумағын көгалдандыру туралы бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы 2021 жылды «Экология жылы» деп жариялаған еді. Басты мақсат – экологиялық қауіпсіздікті қамти отырып, елдіміздің әр өңіріндегі елді мекендерді көгалдандыру болатын. Жақында «Урал ойл энд газ» ЖШС еншілес компаниясы жұмысшылары өздері қызмет көрсететін Бәйтерек ауданы аумағында көгалдандыру ісіне атсалысты.
Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ, MOL Group және «Алғашқы халықаралық мұнай компаниясы» (Sinopec Қытай мұнай-газ компаниясының еншілес кәсіпорыны) аталған жобаның акционерлері болып табылады. «Урал Ойл энд Газ» ЖШС әкімшілік қатынаста облыс аумағында орналасқан Федоров блогы шегінде жұмыстар жүргізеді. Бұл аумақтағы геологиялық барлау жұмыстары 2000 жылы басталған. Ал Орал қаласынан 70 шақырым қашықтықта, Бәйтерек ауданы аумағында орналасқан мұнайгазконденсатты Рожков кен орны 2008 жылдан бері жұмыс жасауда.
«Урал Ойл энд Газ» ЖШС басшылығы аудандық білім мекемелері жетекшілерінің келісімімен Январцев кешені аумағында орналасқан мектеп-балабақша ауласына алма ағашының бірнеше сұрыбын отырғызды. Сонымен қатар алма бағын күтіп-баптау үшін тамшылатып суару жүйесін орнатып, арнайы су сорғы алынып берілді.
Аталған серіктестік қызметкерлері көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсеткен мектеп әкімшілігіне өз алғыстарын білдіріп, күні кеше егілген жас шыбықтар үлкен терекке айналып, жемісін беріп, балаларға қуаныш сыйлайды деп үміттенеді.