6.02.2024, 10:30
Оқылды: 25

«Бұлдыртының Алтынсарині»

Өткен ғасырдың басында сауатсыздықпен, аштықпен күресу оңайға соққан жоқ. Сол бір қилы кезеңдерде қазақы қалың бұқара адал азаматтар мен ұлтжанды һәм қайраткер тұлғалардың арқасында көптеген қиындықты жеңді. Өмірін жұртқа пайдам тисе екен деумен өткізген Ғұсман Ахметов сондай біртуар азаматтың бірі еді. Ол Жымпиты ауданына қарасты қазіргі Жосалы ауылының Әз-төбе бөлімшесінде 1892 жылы кедей шаруа отбасында жарық дүниеге көрінген. Әкесі Ахмет Кетенов пен анасы Баукей Кетенова оны кішкентайынан еңбекке баулыған.

8f1b8040-06c9-4579-831f-5f944bde124a

Оқуға ұмтылған зерек ұл 1907-1909 жылдары Жымпитының екі кластық училищесінде білім алған. Өз-өзін жан-жақты жетілдіре түсуге бел байлап, 1913 жылы Орынбор облысының құрамындағы Елек қаласында екі жылдық педагогикалық курсқа қабылданған. Осы курсты тәмамдағаннан кейін 23 жастағы жас маман қазіргі Теректі ауданының Қарабұлақ ауылында балаларды оқытуға кіріскен. Ол осы шаруаны 1918 жылға дейін жалғастырды. 1920 жылы Жымпиты уездік халыққа білім беру бөлімінің хатшысы, 1920-1922 жылдары Жымпиты уезіндегі мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған. Көп ұзамай жұмыстағы табандылығы ескеріліп, №5 ауыл атанған Тамды болысына басшы болып сайланған. 1927-1930 жылдар аралығында Жымпиты мектебінің директоры лауазымын абыройлы атқарған екен.

deb42571-7d68-4059-8b62-e3aa0839762c

Ғұсман Ахметов. Ливадия санаториясы. 1928 жыл

Зайыбы Зағипа Қансұлтанқызы екеуі Ким, Кашен, Мереке, Ерік есімді төрт ұл өсірген. Тұңғышы Ким – профессор. Ол Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болды. Осы салада бірнеше жыл маңдай терін төккен Ким Ғұсманұлы оқу-ағарту ісіндегі жетістіктері жоғары бағаланып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Екінші ұлы Кашен ұзақ жыл бойы Янайкин, Көшім совхоздарында бас есепші қызметін атқарды. Үшінші ұлы Мереке – доцент, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қола медальдің иегері, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры. 1957-1962 жылдары А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінде оқыған Мереке Ғұсманұлы Мәскеу қаласындағы «Оқытудың мазмұны мен әдістемесі жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының» аспирантурасын сәтті аяқтап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шыққан. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, мерейтойлық төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал төртінші ұлы Ерік – құрылыс саласының майталманы.

c798f97a-e0ca-4bdd-97ca-53eccb9bd706

Ғұсман Ахметов

Жуырда Мереке Ғұсманұлы редакцияға келіп, әкесінің өмір жолы, атқарған игі істері жайында біраз дерек-дәйекті алға тартты. Оның сөзінше, Ғұсман Ахметов 1921-1924 жылдары ауылдық кеңестер құру, аштық зардаптарын жойып, тұрғындарды азық-түлікпен қамтуға уездік атқару комитеті атынан белсенді араласқан. 1923 жылы дауылпаз ақын, көрнекті жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің қатысуымен өткен Жымпиты уездік сиезінде Совет атқару комитетінің мүшесі болып сайланған.

«Сиез жұмысы Сәкеннің ұсынысы бойынша қазақша жүрді. Баяндаманы Сәкен қазақ тілінде жасады. Баяндама тыңдаушыларға өте ұнады. Ол кездегі небір білікті деген адамдардың өздері де татар, орыс, қазақ сөздерін араластырып, шұбарлап сөйлейтін. Сәкеннің сөйлемдері маржандай таза екен. Орнын тауып қолданылған әр сөз құлаққа жағымды естіліп жатты. Сәкен ауылдағы сауатсыздықты жоюға, балаларды оқуға беруге, әйелдерді Совет жұмысына көптеп тартуға, кедейлерге Үкімет атынан жәрдем көрсетуге, қалың малға қарсы шығуға, баспасөзді кең таратуға шақырды. Үзіліс кезінде делегаттар Сәкенді қоршап алып, қызу әңгімелесті, түсінбегендерін сұрады. Не керек, әйтеуір Сәкен сол үш күн бойы, жұмысы бастан асып жатса да, делегаттармен емен-жарқын пікір алмасып, жұмысты қалай істеу, қай мәселеге баса назар қою керектігі туралы ақыл айтты» деп жазған екен Ғұсман Ахметов «Мен Сәкенді көрдім» атты мақаласында. Бұл мақала «Орал өңірі» газетінің 1964 жылғы 29 наурызда жарыққа шыққан №60 санында жарияланған. Кейіпкеріміз сырбаз Сәкенді «үлкен қара көзді, ақ құба өңді, сұлу мұртты, ұзын бойлы» деп суреттеген. Оған қоса осы мақалада сиезде маңызды мәселелер талқыланып, нақты шешімдер қабылданғанын тілге тиек еткен.

Ұлдары

Ғұсман Ахметовтің ұлдары. 1965 жыл

1923 жылы қыркүйек айында ұсақ болыстар біріктіріліп, ірілендірілген болыстар құрыла бастаған көрінеді. Бұрынғы Тамды, Бұлдырты болыстарының жеріне Жымпиты, Соналы болыстарынан үш ауыл қосылып, ол Бұлдырты болысы деп аталған. Бұл болысқа 14 ауыл қараған. Қыркүйектің екінші жартысында ауылдық кеңестердің сайлауы өткізіліп, болыстық сиез шақырылады. Сиезде Бұлдырты болыстық атқару комитетінің төрағасы болып Ғұсман Ахметов тағайындалады. Орынбасарлыққа Аяпқали Ғабдуллин, хатшылыққа Құрман Жандалин сайланған. Болыстық атқару комитеті қызу іске кірісіп, мектеп ашу, сауатсыздықты жою бағытында жұмыстана бастаған. Ол кезде бүкіл болыс көлемінде небәрі үш-ақ бастауыш мектеп болған. Олар ауылдағы балаларды тегіс қамти алмаған. Кедей шаруалардың балалары, жетім-жесірлер мектеп деген­ді тіпті білмеген көрінеді. Сол себепті кеңес қайткен күнде де, болыс аумағында ең болмаса бір мектеп-интернат салуды мақсат тұтады. Ең қиыны – қаражат табу еді. 1924 жылы мамырда болыстық атқару комитетінің мәжілісі өткізіліп, мектеп және интернат салуға қаржы табудың жолы іздестірілген. Ақырында әлді шаруаларға өзара салық салу есебінен 6 000 сом жинап, 70 орындық интернат салу ұйғарылған. Кеңес бес және одан аз ірі қарасы бар шаруа­ларды салықтан құтқару, мектеп құрылысына қажетті қаржыны әлді шаруаларға малының санына қарай бөліп салу туралы қаулы шығарады.

«Өзара салық арқылы қаражат жинауға рұқсат етілмейтіндігін пайдаланып, қиқаңдаған байлар да болды. Бірақ кеңес белсенділері оларға жол бермеді. Мұхамбетқали Мырзағалиев, Жұмағұл Өтелгенов, Сүлеймен Әлжанов, Оразғали Ахметов салық жинауда зор белсенділік көрсет­ті. Нәтижесінде жиырма күн ішінде өзара салық түгел жиналып, кеңеске тапсырылды. Кеңестің бұл істеп жатқандары заңсыз деп губерниялық финанс бөлімі біздің үстімізден губерниялық партия комитеті мен жұмысшы-шаруа инспекциясының губерниялық комитетіне арыз беріпті. Кешікпей сол арызды тексеруге Оралдан комиссия келді. Комиссия істеліп жатқанның бәрі кедей шаруа балаларының қамы үшін екенін анықтап, кеңес дұрыс бағыт ұстап отыр деген тұжырымға келді. Комиссия мүшелерінің қорытындысы біздерді рухтандыра түсті. Бұдан кейін мектеп пен интернат салу ісіне қызу кірістік. Қажетті материалдар алдыру үшін Орынборға әдейі кісі жібердік. Құрылыс бригадасы тағайындалып, онымен шарт жасалды. Бригаданы Хабиболла Оразбаев, Бексұлтан Тілеулиев басқарды. Орынбордан тақтай сатып алынды. Тас соғуға кірісілді. Сөйтіп, қыркүйектің аяғында мектептің екі бөлігі тұрғызылып та болды. Мектептің орны жөнінде де бірталай айтыс-тартыс болды. Ауыл байлары Жақсығали, Төлеп Есполовтар, хазрет Біләл Әбдірахманов дегендер кеңестің мектеп пен интернат салуға белгілеген жері біздің жеріміз, онда мешіт бар, ал мешіт жанына мектеп салуға болмайды деп таласты. Бірақ болыстық атқару комитетінің шешімімен орын мәселесі тез шешілді. Мектеп жанынан кеңес кеңсесі салынып, сол жер болыстың орталығы болды» дейді Ғұсман Ахметов «Алғашқы мектептердің бірі» мақаласында. Бұл мақала «Орал өңірі» газетіне 1967 жылы жарияланған.

70 балаға арналған интернатқа негізінен жетім, асыраушысы жоқ балалар орналастырылған. Сол жылы қазан айында пайдалануға беріліп, «Коммуна» мектебі деп аталған. 200 орындық мектептің алғашқы директоры – Ақбала Көпжасаров. Файзолла Ғұсманов, Өтеш Байғабылов, Дүйсен Тәжібаев, Жайман Күбішев сынды мұғалімдер оқушыларға ілім-білім үйреткен. Балаларға киім мен тамақ тегін берілген. Бір жылдан кейін Жақсыбай, Ащысай ауылдарында да білім ошағы бой көтереді.

Бұлдырты мектебінің 80 жылдығына орай жарыққа шыққан «Елмен бірге есейген» атты жинақта Сырым ауданының құрметті азаматы Тасболат Сембиев: «Коммуна» мектебі тың жерден шыққан жалғыз ағаштай жыл сайын тамырланып, кеңінен жапырақ жая берді. Мектептің өз алдына шаруашылығы болды. Мысалы, 1924-1941 жылдар арасында мектепте 16 өгіз, 16 бұзаулы сиыр, 5 жылқы, 4 бас түйе болған. Өгіз жегіліп, 2 сабан айдалды. 15 гектар жерге егін салынды. Жыл сайын тарыдан 500 пұт өнім алынды. Малға керекті азықты мектеп өзі дайындайтын деп еске алды Рахметов Оразғали қария. Бұл кісі 20 жыл­дан астам мектеп шаруашылығын басқарған. Сонымен қатар мектептің 4-5 фургон арбасы, 7-8 шанасы болды» деп жазып қалдырған екен.

– Әкем азамат соғысы жылдарында жергілікті жұрттың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында жүйелі жұмыс істеген. 1919 жылы қазан айының соңында Қызыл әскер Жымпиты уезінің шекарасына жақындапты. Сол кезде әкем 211-атқыштар дивизиясының штабымен кездесу мақсатында Александров ауылына барған екен. Әкеме қос солдат қолғабыс етіп, №5 ауыл атанған Тамды болысында кеңес құрылған. Оның төрағасы болып өзі сайланады. Ол осындай кеңестің көрші ауылдарда да құрылуына ықпал етеді. 1921-1924 жылдары арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жұмысына белсенді араласып, қарақшылармен күреседі. Ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамту мәселесіне баса назар аударады. Серов, Долматов және басқа да қарақшыларды қолға түсіру ісіне тікелей қатысқан. 1921 жылы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында бандылармен соғысады. Сол айқаста 11 қызыл әскер қаза табады. Ақыр соңында жасақ бандылардан астық тиелген 200 арбаны тартып алып, Жымпитыға әкелген, – дейді Мереке Ахметов.

Бұлдырты жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Алмагүл Бисәлиеваның айту­ынша, «Коммуна» 1935 жылы Бұлдырты орталау мектебі­не айналдырылса, 1937 жылы Бұлдырты орта мектебі болып аталған. Ал 1942-1943 оқу жылынан бастап сабақ екі тілде жүргізіле бастаған. Ал 1976 жылы жаңа үлгідегі ғимарат салынған екен.

– 2002 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өтті. 2003 жы­лы 25 орындық интернат жаңартылды. Ауыл маңайындағы елді мекендерден келіп оқитын бала санының азаюына байланысты 2020 жылдың қыркүйек айында интернат жұмысын тоқтатты. Бүгінгі таңда Бұлдырты жалпы орта білім беретін мектебінде 357 оқушы білім алуда. Оларды 55 маман оқытады. Мектеп пән мұғалімдерімен, педагог мамандармен 100 пайыз қамтылып отыр. Жас мамандар да бар. Түлектер жоғары оқу орындарында, колледждерде білім алуда. 2011-2023 жылдары 37 түлек «Алтын белгі», 7 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Биыл мектептің 100 жылдығын атап өтпекпіз, – дейді Алмагүл Төлеуқызы.

Осы мектептің іргетасын қалаған Ғұсман Ахметов талай қызметті жауапкершілікпен атқарды. 2004 жылы Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен шығарылған «Алаштың ақ ордасы» атты кітапта Ғұсман Ахметұлының Орда аудандық партия комитетінің хатшысы, Шымкент облысындағы Арыс аудандық атқару комитетінің төрағасы, Петропавловск қаласындағы «Главтабак» кеңсесінің меңгерушісі болғаны жазылған. Аталған кітапта баяндалғандай, ол 1942 жылы туған жеріне оралысымен РКФСР (Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы) мен Украинадан көшіп келген бір колхоздың төрағасы ретінде қызмет істеген. Ал 1950-1953 жылдары Жымпиты совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы болған. Зейнеткерлікке шыққанша облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде абырой­лы қызмет атқарған. 1931-1935 жылдары Орталық атқару комитетінің мүшесі болған. Ерекше қызметі және партиялық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін 1957 жылы оған республикалық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалады. 1967 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай азамат соғысына және 1917-1922 жылдарда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Бар ғұмырын елін, жерін көркейтуге, қарасирақ қазақ балаларының сауатын ашуға, қарапайым тұрғындардың жағдайын жақсартуға арнаған тұлға 1970 жылы бұл фәниден бақи дүниеге аттанды. Қанша жыл өтсе де, оның атқарған ісі, істеген жұмысы ұмытылған жоқ. Қолымызға түскен деректерде оның өте қарапайым болғаны, біраз басшылық қызмет атқарса да, өзін басқалармен тең ұстағаны жазылған. Біздің мақсат-міндетіміз – Ғұсман Ахметұлы секілді елдің дамуына еңбегі ерекше сіңген тұлғалардың өмірін, еңбек жолын насихаттау.

Мақаланың атауын әкесі жайлы сыр шерткен Мереке Ахметовтің өтініші бойынша «Бұлдыртының Алтынсарині» деп қойдым. «Орал өңірі» газетінің 2004 жылы 4 қыркүйекте жарияланған №107 санында білім саласының ардагері Тастай Исмағұловтың мақаласы дәл осындай атаумен жарияланған екен.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале