Жуырда Алматыдан «Бұршақ» шығармашылық бірлестігі өкілдері Оралға келді. Олардың қатарында Айжарық Сұлтанқожа, Әлішер Рахат, Берікбол Батан, Ақжан Аманжол, Диана Қанапия бар. Бірлестік өкілдерінің қатысуымен 4 күн ішінде бірнеше іс-шара өтті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы түрлі кездесулер ұйымдастырды.
Бұршақтың» бағдаламасы бойынша алғашқы күні Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ақын Айжарық Сұлтанқожа мен Ақжан Аманжолдың поэзия кеші оздырылды.
Кеште оқылған өлеңдер қаламыздың сөз өнеріне жаны құштар жастарының көңілін тербегені анық байқалды.
Келесі күні бірлестік мүшелері толық құраммен Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясында болып, әдебиетке, өнерге жақын оқушылармен «Жазу миссиясы – ой еркіндігі» тақырыбында кездесу кешін ұйымдастырды. Оқушылар мен гильдия мүшелері емін-еркін сұхбаттасты. Өлеңдер оқылып, әсем ән шырқалды. Бірлестіктің алдағы жоспарлары мен идеялары жайлы сөз қозғалды.
Әдеби төрткүндіктің үшінші күні Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы Әлішер Рахат пен Берікбол Батанның шығармашылық кеші өтті. Қос қаламгердің жан сырын ақтарған әдеби кеш те оқырмандарды ұйытып, эстетикалық ләззатқа бөледі. Осы орайда жас қаламгерлерді іздеп жүріп оқитын қала тұрғыны, «Toqsansegiz»-телеграм арнасының администраторы Ернұр Салауат кештерден алған әсерін бөлісті.
– Мен бұрын әдеби кештердің Алматыда, басқа да ірі қалаларда ғана өтіп жататынын естіп, қызығатынмын. Біздің қаламызда да неге осындай кештер жиі өтпейді екен? деген сұрақ мазалайтын еді. Міне, осы күзде өзім жүздескім келетін ауторлармен жолығып қуанып қалдым.
Шығармашылық байланыс орнады. Жақын араласып, достасып та кеттік. Осындай мүмкіндіктерге жол ашып, барлық мәдени іс-шаралардың өтуіне мұрындық болған жас қаламгер достарыма және кітапхана ұжымына алғысым шексіз. Әдеби кештердің көп өтуі қала жастарының ішкі мәдениетін дамытып, ізгі рухын оятады деп білемін, – деді Ернұр Өміржанұлы.
Төртінші күні М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студентерімен кездесу өткізілді. Кездесу барысында шығармашылық бірлестіктің «Monopoly» ойынының үлгісінде жасалған «Бұршақ» зияткерлік ойынының тұсаукесері жасалып, сол ойынды университет студенттерімен бірге ойнап, еркін байланыс орнатты. Әдеби іс-шаралардан бос уақытта қаламыздағы көрікті жерлерді аралап, мәдени орындарға экскурсия жасады.
Айжарық Сұлтанқожа, ақын, «Телеграмма қабылдап алыңызшы» кітабының ауторы:
– Алғашқы әдеби сапарымыз Орал қаласынан бастау алды. Вокзалдан түскен бойда жылыұшырап қарсы алған бауыр, қарындастарымды көргенде қатты қуандым. Қаланың тарихтан сыр шертетін бейнесі мен игі тұрғындарын көріп, сапарымыздың оңды болмағына күмәнданбадым. Орал қаласының әдебиетсүйер қауымымен жолығып, поэзия кешінде өз шығармаларымызды таныстыру бұйырды. Таныс жандармен жүздесіп, жаңа оқырман таптық. Аутор ретінде бұл сапар мен үшін маңызды болды, өз шығармашылығыма өзге призмадан қарау арқылы жаңа ойлар түйдім. Ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айтқым келеді.
Әлішер Рахат, жазушы, «Махаббатым – constant» кітабының ауторы:
– Орал қаласына жасаған алғашқы әдеби сапарымыздың ең басты мақсаты – қазіргі қазақ әдебиетін насихаттау еді. М. Өтемісов атындағы университет студенттерімен, Д.Қонаев атындағы мектеп оқушыларымен, Х. Есенжанов атындағы кітапханада өткен кездесулер маған жаңа серпіліс сыйлады. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа да қалаларын аралау жоспарда бар.
Берікбол Батан, жазушы, «...Өліктердің уысында ериді» кітабының ауторы:
– «Бұршақ» шығармашылық бірлестігін құрудағы түпкі мақсатымыз шығармашыл адаммен оқырман арасында байланыс орнататын кеңістік жасау болатын. Орал сыйлаған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оралдық жас ақындар Нұртілеу Қадырқұл мен Аманжол Исламғали, болашақ жазушы Гүлбибі Бақытбаева кездесулерді жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оралда өткен әрбір минут қызыққа толы болды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаевтің ресми қабылдауында болдық. Филология факультетінің деканы, Phd докторы Айдарбек Ахметұлы да өтіп жатқан іс-шараға қолдау көрсетіп, әдебиеттің жанашыры екенін байқатты. Біз қалаған еркін байланыс пен жаңа сипаттағы кездесулер жоғары деңгейде өтті.
Ақжан Аманжол, ақын, «Дактиль» онлайн әдеби журналы поэзия бөлімінің редакторы:
– Оралға алғаш келген сәттен бастап, уақыт тоқтап қалғандай күй кештім. Қала вакуум ішінде орналасқан секілді. Адамдар баяу ырғақпен тіршілік ететіндей көрінді. Жөңкілген көліктердің шуы тыныштықты бұзбайды. Көне ғимараттардың жаны бар сияқты, тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Оралға ғашық болмау мүмкін емес. Бұл қалада жаныңа ем болатын жайлылық бар.
Диана Қанапия, суретші, «Бұршақ» шығармашылық бірлестігінің дизайнері:
– Орал сапары мені ерекше әсерге бөледі. Қала жастарының еркіндігі мені таңғалдырды. Әдебиеттен бөлек, кескіндеме өнеріне қызығатын адамдардың аз еместігіне қуандым. Нағыз шығармашылықпен шұғылданатын қала екен деген ойда қалдым. Өзімді жаңа қырымнан ашып, көптеген дүниеге көзқарасым өзгерді. Бұл көркем шаһарға әлі талай сапарлап келгім келеді.
Нұртілеу Қадырқұл,
М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенті,
«Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі