Бадминтоннан Қазақстан командасының көшбасшысы Дмитрий Панарин Париж Олимпиадасына жолдама алды. Ол аталған спорт түрінен Олимпиада ойындарында сынға түсетін алғашқы қазақстандық спортшы болмақ", - деп хабарлайды Olympic.kz.
Фото: olympic.kz
Команданың бас бапкері Асқар Ормановтың айтуынша, Дмитрий Панарин соңғы үш ай бойы әлемнің әр нүктесіндегі жарыстарға қатысқан.
«Шыны керек, соңғы үш айда үйде болмадық. Олимпиадалық рейтингте ұпай жинап, жолдама алатын спортшылар қатарына кіру үшін бар күшімізді салдық. Біздегі Олимпиадаға іріктеу жүйесі дзюдо спортына қатты ұқсайды. Бәрі рейтинг арқылы анықталады. Ал көп ұпай жинау үшін көбірек жарысқа қатысып, мейілінше жоғары орыннан көріну қажет.
Олимпиада ойындарына рейтингте алғашқы 38 орында тұрған спортшылар жолдама алады. Панарин 25 005 ұпаймен 31-орында. Негізі, ресми түрде іріктеу кезеңі 28 сәуірде аяқталады. Оған дейін әлі екі жарыс бар өтетін. Бірақ бұл турнирлердің қорытындысы бізге еш әсер етпейді. Ешкім бізден орнымызды да, лицензияны да тартып ала алмайды. Сондықтан, қазірден бастап сеніммен жариялап отырмыз.
Жоғарыда үш ай бойы шетелдік жарыстарға қатысқанымызды айттым. Қаңтар айының басында Малайзияда екі апта оқу-жаттығу жиынына қатысып, ол жақтан Иранға ұшып келдік. Ирандағы жарыстан соң Әзірбайжандағы турнирге аттанып, кейін Малайзияға қайта келдік. Себебі, командалық Азия чемпионатына қатысуымыз керек болды.
Кейін Угандаға ат басын бұрып, Дима үшінші орын алды. Угандадан Германияға, Германиядан Қазақстанға келдік. Елдегі жарысқа қатысып, 4-5 күннен соң Португалиядағы турнирге ұшып бардық. Португалиядан Францияға, Франциядан Польшаға, Польшадан Таиландқа барып, кейін Орал қаласындағы турнирге қатыстық. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Осы турнирлерге қатысу арқылы Панарин рейтингілік ұпайлар жинады. Иә, барлық жарыстан жүлде алу мүмкін емес. Кейде жоғарылыса, кейде төмендеді. Бірақ мұның бәрі бізге маңызды ұпай алуға көмектесті.
Қазір ол Қазан қаласындағы оқу орнына диплом қорғауға кетті. Бәріне үлгеріп жүр спортшымыз. Қазақстанда бадминтоннан бұрын-соңды Олимпиада ойындарына ешкім қатыспаған. Соны айта кету керек. Рейтингіде көп ұпай алуымызға Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындары тікелей әсер етті. Сол сында Панарин үздік сегіздікке кіріп, ұпай қорын молайтып алды», - дейді бас бапкер Асқар Орманов.
Айта кетелік, Дмитрий Панарин 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын қорғаған.
Фото: Сали Сабиров