Ғали Нәжімеденұлы Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен келгенде Шалғай ауылдық округі Талавой ауылы маңында орналасқан «Чамчиян» тоғанына арнайы барды.
Жалпы аумағы 22 гектарды құрайтын тоғанның су қоры 20 миллион кубтан асады. Барлық жағдайы ескеріле жасалған су жинаушы орында артық суы ағып кететін арнайы шлюздері де болған. Бірақ жиырма жылдан астам уақыт қараусыз қалған су қоймасының кей жерлеріндегі дамбалар бұзылып, суы кеуіп кеткен. Кезінде сол маңдағы ауылдар мен ауылшаруашылық жерлеріне қажет ылғалды толық қамтыған және көршілес Ресей Федерациясының кей аймақтарына қажетті суды жіберіп отырған тоғанды осы күні қалпына келтіру ісі жүруде. Бүгінде округ әкімі Талғат Қантеміров тоғанды қалпына келтіруге дайын инвесторды тауып, қажетті құжаттарын ретке келтірген.
– Тоған суын ұстап тұратын екі үлкен шлюзі бар, оларды қалыпқа келтіріп, дамбаны жөндейтін боламыз. Қазір тоғанды жалға беру туралы құжаттар дайын. Инвестор ең алдымен бұзылған бөгетті қалыпқа келтіріп, суды ұстап қалу ісін қолға алмақ. Болашақта осы айналада болған суармалы жерлер мен бақшаны қалыпқа келтіру жоспары құрылды, – деді округ әкімі Т.Қантеміров.
Егер су жиналып тоған толса, қосымша 20-25 миллион куб су сақтауға болады. Ол дегеніміз тағы екі мың гектарға жуық жерге бақша егуге мүмкіндік туғызады деген сөз.
– Мұндай үлкен істі бастағаныңыз қуантады. Бірақ инвестор тек суды сатып қана отырмай, басқа да елге қажетті істі жасайтындай болсын. Тоғанға балық жіберіп, шаруашылықтың осы түрін де дамытуды қолға алғаны жөн. Бұл мәселені де қарастыру керек, – деді Ғали Есқалиев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz