Мемлекетіміздің өркендеп гүлденуі отбасының беріктігіне де байланысты. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасының босағасы берік болуы керек. Ал некенің бұзылуы отбасына ғана емес, қоғамға да кері ықпалын тигізеді.
Облыс бойынша сот құрылымдарына неке бұзуға арыз беретіндердің 70%-ы – әйел адамдар. Ажырасуға тұрмыстық зомбылық, материалдық қиындықтар, жұмыссыздық, көзге шөп салу, ата-ананың екі жастың өміріне араласуы, жастардың үлкен өмірге ойланбастан дайындықсыз келуі, әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі және тағы басқа жайттар себеп болып отыр.
Ажырасудың қазіргі қоғамда қалыпты жағдайға айналғаны өзекке өкініш ұялатады. Дұрыс құрылмаған қарым-қатынас тікелей өзімізге байланысты, яғни оған өзіміз себепкерміз. Жастар қызығушылықпен отбасын құрып, кейін өмірлік көзқарастарының өзге екенін байқайды. Асығыс шешім қабылдайды. Алайда жастардың ажырасуының алдын алғанымыз жөн. Жас шаңырақ шайқалмауы керек.
Статистикалық көрсеткішке көз жүгіртсек, облыста сот құрылымдарына 2020 жылы неке бұзу туралы 2350 арыз түсіп, 1538 неке бұзылған. Ал 2021 жылы осындай 2373 арыз қаралып, 1491 жұп ажырасқан. 2022 жылы 2426 жұп ажырасуға арыз берген. 1464 ерлі-зайыптының жолы екіге айырылған. Ал 316 жұп татуласып, 597 арыз қараусыз қалдырылған.
Соңғы үш жылды салыстырсақ, неке бұзу көрсеткішінің азаймай тұрғанын байқауға болады. Алайда медиация тәртібімен атқарылған жұмыстың нәтижесінде көптеген отбасының некесі сақталып отыр. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Сотқа түскен неке бұзу туралы арыздың басым көпшілігі медиация рәсімімен қаралады. Мүліктік даулар, баланы асырап, бағу, оның тұрғылықты мекенжайын анықтау, ата-ана құқықтары сияқты сұрақтар медиатор арқылы оң шешіліп жатады. Алайда отбасының береке-бірлігін сақтау – екі жақтың да міндеті. Ер де, әйел де осы жауапкершілікті сезініп, бір-біріне рухани және материалдық қолдау көрсетулері тиіс.
Облыстық соттың баспасөз қызметі