БҚО әкімі Алтай Көлгінов есепті кездесуінде өткен жылы білім саласында туындаған мәселелер мен олардың шешімдерін де айтты.
Біріншіден, алдыңғы жылдары 3 ауысымда оқитын 3 мектеп тіркелді. Сонымен қатар 1 апатты жағдайдағы білім беру нысаны тіркелді. Былтыр өңірімізде әлеуметтік сала бойынша 46 нысанды күрделі жөндеуден өткіздік. 24 жаңа білім беру нысаны салынды. (8-і мектеп, 3-і балабақша, 1 интернат, 1 спорт лагері, 1 спортзал және 10 жеке балабақша). Сол арқылы біз 3 ауысымдағы 3 мектептің және апатты жағдайдағы 1 мектептің мәселесін шештік.
Сонымен қатар кадр тапшылығы байқалып, мұғалім жетіспейтіні анықталды. Кадр тапшылығын өткен жылы алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 200 мектеп түлегіне білім гранты беру арқылы шеше бастадық. Сол 200 гранттың 66-сы болашақ мұғалімдерді дайындауға жұмсалды. Педагог мамандар дипломын алған соң, келісім шартқа сәйкес, маман жетіспейтін мектептерде жұмыс істейтін болады.
Және урбанизация мен туу көрсеткішінің оң нәтижесінің ықпалынан балабақшада орын болмайтын жағдайлар кездесті. Егер 2016 жылы 24 қана жеке балабақша болса, қазір ол көрсеткіш 43-ке дейін көбейді. Соның нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелермен қамту 99,9 процентке жетті. (2015 жылы 97,9%, 2016 жылы 99,7%) Бұл бағытта жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы мемлекет және жеке серіктестігі аясында жұмыстар жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар облыс мектептеріндегі ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 процентті құрады. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалардың 61 процентін қамтыды. Интернетке облыстың 380 мектебі толық қосылса, оның 330-ы кеңжолақты интернетпен қамтылған.
zhaikpress.kz