Семейде дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан чемпионатына Астан, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ, еліміздің 16 облысынан барлығы 517 спортшы қатысып жатыр, деп жазады Prosports.kz.

«Абай-Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан ел біріншілігінің ашылу салтанатына Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Дзюдодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев, Абай облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымов және Абай облысының дзюдо федерациясының президенті Әділ Медеуов қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев Абай облысындағы дзюдо спортының даму қарқынын тілге тиек етіп, ел біріншілігін ұйымдастырушыларға алғысын айтты және жас дзюдошыларға сәттілік тіледі.
«Абай облысы Қазақстанға мықты балуандарды сыйлаған дзюдо мектебі қалыптасқан өңір. Қасиетті Семей топырағынан әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған талай татами шеберлері шықты. Бүгінде бұл дәстүр өз жалғасын тауып келе жатыр. Қазақстан ел біріншілігін жоғары дәрежеде ұйымдастырып жатқаны үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен облыс әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін.
Дәл осыдан он жыл бұрын Семей жерінде дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Араға он жыл салып, ел біріншілігі балуандар мекеніне қайта оралды. Бүгінгі жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер Қазақстан жастар құрамасының қатарына қосылады. Чемпионат нәтижесінде жасақталған құрама 2023 жылғы халықаралық жарыстар мен Азия, әлем біріншіліктеріне қатысады.
Кәсіби спортқа алғашқы қадам болып саналатын Қазақстан чемпионаты болашақ Олимпиада чемпионатының жұлдызығн жағады деп сенемін!», - деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев мырза.
Айта кетерлігі, жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты 10 наурызға дейін жалғасады.