Қазіргі таңда осы сұрақ қоғамды алаңдатуда. Өйткені ChatGPT секілді жасанды интеллект жүйелерінің көмегімен оқушылар үй тапсырмасын орындайды, студенттер диплом жазады, ал мұғалімдер сабаққа дайындалады. Бір кездері қиял болып көрінген нейрожелілер қазір күнделікт өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Соңғы жылдары жасанды интеллектіге негізделген құралдар, соның ішінде ChatGPT, білім беру саласына кеңінен ене бастады. Кез келген тапсырманы бірнеше секундта орындап беретін бұл технология қазіргі оқушы лар үшін күнделікті қолданатын ажырамас негізгі құралға айналды. Мұғалімдер тарапынан «Қазіргі оқушылар ойлана алмайды, телефондарын жинап алсақ, кәдімгідей қиналып, ашуланады» деген әңгімелерді жиі естіп жүрміз.

Сурет: istockphoto.com
ChatGPT-дің пайдасы
Ең алдымен, ChatGPT-дің пайдалы тұстарын зерделеп көрейік. Ол оқушыға күрделі тақырыпты түсінуге көмектеседі, қосымша ақпарат ұсынады, ойды жүйелеуге және сауатты жазуға бағыт береді. Әсіресе ауылдық жерлерде немесе қосымша репетиторға мүмкіндігі жоқ оқушылар үшін бұл – үлкен көмек. ChatGPT-ді дұрыс пайдаланған жағдайда жеке көмекші, тіпті оқу мотивациясын арттыратын құралға айналдыруға болады. Нейрожелі адаммен қарым-қатынас барысында өзі де үйренеді, ал оны қолданушы – оқушыда да миды. Себебі, нақты әрі сапалы жауап алу үшін сұрақты дұрыс қою қажет.
Жасанды интеллектіні сауатты басқару арқылы сапалы баяндама, мақала немесе визуалды өнім жасауға болады. Бұрын оқушылар дайын жауаптары бар кітаптарды сатып алса, кейін интернет сайттарды іздейтін болды. Ал қазір барлығы бір чатта – кез келген уақытта, кез келген жерден қолжетімді. Жасанды интеллект қысқа мерзімде дайын әрі сапалы ақпараттар ұсына алады. Бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
ChatGPT-дің зияны
Мұғалімдердің айтуынша, соңғы кездері кейбір оқушылар тапсырманың мәніне үңілмей, ойланбастан дайын жауапты көшіріп алуға үйреніп барады. Бұл өз бетінше ойлау, талдау, салыстыру және қорытынды жасау сияқты маңызды дағдылардың дамуын тежейді. Уақыт өте келе оқушы ақпаратты өзі іздемей, дайын жауапты көшіріп алуға бейім болып кетеді. Тағы бір қауіп – ChatGPT көмегімен жазылған жұмыстарды оқушы өз еңбегі ретінде тапсыруы жиілеген. Мұндай жағдайда бағалау жүйесі өзінің негізгі қызметін жоғалтады, ал мұғалім оқушының нақты білім деңгейін анықтай алмайды.
Бұл білім беру жүйесіне деген сенімге де кері әсерін тигізеді. ChatGPT берген ақпарат әрдайым қатесіз, дұрыс болады деп сенуге болмайды. Оқушыда сыни ойлау қалыптаспаған жағдайда, жасанды интеллект ұсынған кез келген жауап «ақиқат», яғни дұрыс жауап ретінде қабылданады. Сондықтан оқушы оны тексеріп, електен өткізіп қолданғаны дұрыс.

Аман Киров, №37 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
– Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру жүйесі қарқынды өзгеріске ұшырауда. Ақпараттық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллектінің дамуы оқу үдерісіне жаңа мүмкіндіктер алып келді. Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек техникалық салада ғана емес, мектеп қабырғасындағы сабақ барысында да кеңінен қолданылып келеді. Ұстаз ретінде бұл үдерістің оң және теріс тұстарын өз тәжіри беммен байланыстыра отырып, талдау маңызды деп санай мын. Ұстаздық тәжірибемде цифрлық платформалар мен жасанды интеллект элементтерін біртіндеп қолдана бастадым. Алғашында бұл – уақытты үнемдейтін, жұмысымызды жеңілдететін құрал сияқты көрінді. Шынында да, тест алу, жедел кері байланыс беру, оқушының білім деңгейін саралау сияқты тұстарда жасанды интеллектінің көмегі бар. Әсіресе үлгерімі әртүрлі оқушылармен жұмыс істеуде оның мүмкіндігі мол. Сабақ барысында жасанды интеллект негізіндегі платформалар арқылы оқушылар тапсырмаларды өз деңгейіне сай орындап, бірден кері байланыс ала алады. Мысалы, мен өз сабақтарымда кейбір онлайн білім беру платформаларын қолданамын. Онда оқушылар тест тапсырмаларын орындап қана қоймай, қателерін бірден көріп, тақырыпты қайта пысықтауға мүмкіндік алады. Бұл әсіресе үлгерімі төмен оқушылар үшін тиімді. Өзім ағылшын тілі пәні мұғалімі болғандықтан, 5-9 сыныптар аралығында мәтінмен жұмыс кезінде жасанды интеллектіге негізделген платформаларды қолдандым. Мысалы, оқушыларға берілген мәтін бойынша жоспар құру немесе негізгі ойды анықтау тапсырмасында кейбір оқушылар жасанды интеллект ұсынған дайын жауаптарды сол күйінде көшіріп алуға тырысты. Бұл – жасанды интеллектіні тиімсіз қолданудың айқын көрінісі деп түсінемін. Сонымен қатар сабақ барысында кездескен негізгі кедергілердің бірі – оқушылардың тапсырманы орындау жолын толық түсінбеуі. Кейбір оқушылар ЖИ-ге нақты сұрақ қоя алмай, нәтижесінде мағынасы бұрмаланған немесе деңгейіне сай емес жауаптар алды. Мысалы, 9-сыныпта оқитын оқушым эссе жазу тапсырмасында «шағын пікір жаз» деген талапты дұрыс түсінбей, жасанды интеллекттің көмегімен тым күрделі, 11-сынып деңгейіндегі эссені «жазған». Бұл жағдайда оқушының өз білім деңгейі мен орындаған тапсырма арасындағы айырмашылық анық байқалды. ЖИ-ді үй тапсырмаларын орындауда дайын жауап көзі ретінде қолданатын оқушылардың көп екенін жасыра алмаймыз. Бұл әрекетті жиі жасайтын оқушылар өздігінен ойлануға ұмтылмайды. Олардың сыни ойлау, талдау қабілеті төмендейді. Ал енді грамматикалық тақырыптарды бекіту кезінде ЖИ арқылы жасалған жаттығуларды оқушылар қызығушылықпен орындап жүрді. Қате жіберген жағдайда жүйенің бірден кері байланыс беруі оқушының өз қатесін түсінуіне мүмкіндік жасады.
Бұрын белсенділігі төмен болған кейбір оқушылар дәл осы сипатта жұмыс істегенде өзіне деген сенімділігін арттыра бастады. 5-9 сынып оқушыларымен жұмыс тәжірибем көрсеткендей, ЖИ элементтері ағылшын тілі сабағында тиімді қолданылса, оқушыға тірек бола алады.
Алайда ол оқушының орнына ойлайтын құралға айналмауы тиіс. Ұстаздың міндеті – технологияны басқару, оны білім мен тәрбие мақсатына бағындыру. Жасанды интеллект – сабақтың өзегі емес, ұстаз бен оқушы арасындағы байланысты нығайтатын қосымша құрал болғанда ғана өз нәтижесін береді.

Индира Баймулдина, Теректі ауданына қарасты Подстепный №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– ЖИ-дің өнімі қазіргі кезде барлық салаға еніп үлгерді. Мұғалімдерге сабақ түсіндіруде, практикалық тапсырмалар орындату барысында тиімділігі жоғары. Тек мұғалім ғана емес, кез келген маман иесінің жұмысын жеңілдетіп, түрлі әдістермен түрлендіруге мол мүмкіндік береді. Бірақ сол ЖИ-дің мүмкіндіктерін жиі қолданатындар қатарында оқушылардың көптігі бізді алаңдатады. ChatGPT-ге сеніп, тапсырманы бұлжытпай орындайтын оқушы – сол тапсырманы өз бетімен орындауға келгенде қиналады. ChatGPT-ді үнемі қолдану баланың шығармашылық тұрғыдан дамуына кері әсерін тигізеді. Оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілетін өшіреді. Сондықтан дайын жұмысты пайдалану дұрыс еместігін, өз ақыл-ойына сүйеніп, көп оқу керектігін шәкірттерге де, ата-аналарға да түсіндіріп жатамыз. Жазу мен оқуда көп қиналмас үшін кітапты көп оқытып, өз бетімен ізденіп, тапсырманы өздері орындау жұмыстарын өз тәжірибемде жиі қолданамын. Оқушылар сауатты жаза алғанымен, тілдері шорқақ, сөздік қорлары аз. Сөйлем құрауда ойларын еркін жеткізе алмай жатады. Сөйлемді байланыстыру да стилистикалық қателер жиі кездеседі. Дегенмен, жоғары сынып оқушылары болғаннан кейін қатесіз жазуға тырысады. Кейбір оқушылар емлені түсініп, өз кемшіліктерін дер кезінде түзейді. Шәкірттері ме «ChatGPT-ге сүйеніп алмаңдар» деп әр сабағымда жиі ескертемін.

Ботакөз Тасеменова, психоанализ бағытындағы психолог:
– Балалардың, әсіресе оқушылардың смартфонға тәуелділігі мен жасанды интеллектіні шамадан тыс пайдалануы баланың психикалық дамуы, бейсаналық процестері және тұлғалық қалыптасуына әсер етеді. Жалпы кез келген адамның психикасы жағымды сезімдерге ұмтылады және күйзелістен, жағымсыз сезімдерден қашуға тырысады. Ал смартфон тез мақтай қояды, сұрағаныңды бірден бере салады (лайк, видео, ойын), ішкі мазасыздықты уақытша басады, зерігуден, жалғыздықтан құтқара ды. Балаларда эго әлі толық қалыптаспағандықтан, олар импульстерді тежей алмайды. Сондықтан смартфон бейсаналық ләззат көзіне айналады. Объектілік қатынастар теориясына сүйене отырып айтсам, бала өзін қауіпсіз сезіну үшін «маңызды объектіге» (ана, қамқоршы) мұқтаж. Ал смартфон, оның ішіндегі түрлі технологиялар өтпелі объект қызметін атқарады. Смартфон тез жұбатады, тыныштандырады, жалғыз қалдырмайтын «виртуалды ана» рөлін атқарады. Мұндай жағдайларда бала шынайы эмоционал дық қарым-қатынасты цифрлық объектімен алмастырады. Жасанды интеллектіні шамадан тыс пайдалану баланың өз бетімен ойлау қабілетін әлсіретеді, қателесуін, ойланып қиналуын, төзімділікті төмен детеді. Бала бейсаналық түрде, неге ойлануым керек, егер ЖИ дайын жауап берсе деген позицияға өтеді. ЖИ – бәрін білетін, қателеспейтін, дауламайтын беделге айналады. Соның нәтижесінде бала мұ ғаліммен, ата-анамен, ішкі «суперэгомен» диалогты әлсіретеді. Смартфон мен ЖИ қарсылық көрсетпей баланың қалауын бірден орындайды. Бұл эмоцияны реттей алмау, шынайы әлеуметтік қатынаста қиындықтарға әкелуі мүмкін. Психоанализ тұрғысынан қарасақ, ЖИ-ге сүйеніп алу эмоциялық жетілудің тежелуіне, символдық ойлаудың әлсіреуіне, бейсаналық мазасыздықтың артып, тәуелділік мінез-құлықтың қалыптасу қаупін туғызады. Смартфонды алып қойған кезде баланың агрессия танытуы – тәрбие кемшілігі деп емес, психологиялық реакция деп қарауға болады. Қазіргі бала үшін смартфон жай ғана байланыс құралы емес, эмоциясын реттейтін, күйзелісті басатын «айнымас досына» айналған. Оны кенет шектеу балада фрустрация туғызады, яғни қалағанын ала алмаудан пайда болатын ішкі қысым. Эмоциясын сөзбен жеткізуге әлі дағдыланбаған бала бұл күйді агрессия арқылы білдіреді. Сонымен қатар смартфон миға ләззат гормондарын тұрақты түрде бөліп отыруға үйретеді. Ал одан бірден ажырату тәуелділікке ұқсас реакцияға әкелуі мүмкін: ашу, қарсыласу, жылау. Әсіресе жасөспірім кезеңінде бұл жағдай балаға өз шекарасы бұзылғандай әсер етеді. Сондықтан алдын ала келісу, түсіндіру және балама әрекеттер ұсыну баланың агрессиясын азайтып, эмоциясын қауіпсіз жолмен білдіруіне мүмкіндік береді. Менің ойымша, мәселе технологияның өзінде емес, оны баланың мазасыздықты басу құралына, эмоционалдық бос орынды толтырушы объектіге, ойлаудың орнына пайдаланатын «психикалық протезге» айналдыруында. Сондықтан үлкендердің шешімі – тыйым салу емес. Баланы эмоциясын бақылай білуге, қалауы орындалмаса күте білуге, ең бастысы айналамен шынайы қарым-қатынас құра білуге үйретуіміз қажет.
Түйін. Біз қаласақ та, қаламасақ та ChatGPT – қазіргі білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Дегенмен, ең үлкен қауіп – тірі интеллектінің жасанды интеллектіден кейін қалып қоюы, яғни ойлау деңгейінің мүлдем әлсіреп кететінінде болып тұр. Өйткені қазіргі таңда технология сыйлаған «жайлылықтың» адамды рухани дағдарысқа ұрындырып жатқанын жиі байқап жүрміз. Сондықтан ең дұрыс жол – прогресті қабылдай отырып, білім берудің жаңа әдістерін адамның ақыл-ойын дамытуға бағыттау.
ЖИ – құрал. Ал басқарушы – адам болуы тиіс деген пікірдеміз. Сіз не дейсіз, оқырман?
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»