17.12.2021, 11:20
Оқылды: 42

Цифрландыру дәуіріне қадам бастық!

2000-шы жылдардан бері әлем бойынша цифрландыру үрдісі қарыштап дамыды.

Қазақстанды алып қарайтын болсақ, сол кездегі Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының маңыздылығына арнайы тоқталған болатын. 2017 жылдың 12 желтоқсанында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды.

00B4BD8F-D8C5-48CB-9159-B2A5085F4170

Алайда бұған дейін ҚР Үкіметі тарапынан 1990-2000 жылдар аралығында индус­триалды-инновациялық дамыту сияқты мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануы, нәтижесінде электронды Үкімет қалыптастыру, Astana hab халықаралық технопаркінің, еркін экономикалық аймақтардың, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы цифрландыру бағытындағы жұмыстардың алғышарты болғанын айта кету керек.

Цифрландыру – мемлекет пен жеке бизнес, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, құқық саласы, яғни азаматтардың өзара да, мемлекетпен де күнделікті қарым-қатынасын толықтай қамтитын маңызды процеске айналуда. Ал соңғы екі жылдағы пандемия бұл процесті жеделдете түсті.

Пандемия жағдайында сот құрылымдарында «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде электрондық іс жүргізу толықтай іске қосылды, оны сот құрылымдарының «ТӨРЕЛІК»  автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі қамтамасыз етті. Аталмыш жүйе сот құжаттарының электрондық мұрағатын, ішкі портал, кадрлық жүйе, соттардың интернет-ресурстары, Call-центр, сот құжаттарымен танысу жөніндегі барлық сервистерді біріктіруге мүмкіндік берді. Жалпы, тек адвокаттар емес, барлық іске қатысушы тараптар үшін соттардың пандемия кезінде онлайн режімге өтіп кетуі айтарлықтай қиындық тудырмағанын атап өту керек. Оған себеп – Қазақстанда пандемияға дейін де электронды Үкімет, сот кеңсесі порталдары тиімді жұмыс істеп тұрған. Заңгерлердің басым бөлігі осының арқасында бұрынғыдай қағазбастылықтан арылып, әсіресе азаматтық істер бойынша талап-арыздар мен өтініштерді электронды түрде беруді бастап кеткен болатын. Өз басым соңғы он жыл көлемінде бұрынғы кездегідей заңдардың, кодекстердің қағаз нұсқасын пайдаланбай, ҚР ӘМ-нің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі базасын пайдаланамын, әріптестерімнің де осы жүйеге көшкендеріне сенімдімін.

Нәтижесінде 2020 жылы әлемді шарпыған пандемия кезінде, сот жүйесі кедергісіз өз жұмыстарын жалғастырып кете алды.

Осыған орай бір мысал келтіре кетейін. Пандемияға дейін, яғни 2018 жылы Франция астанасы Париж қаласына жұмыс бабымен барған кезімде, Атырау қаласындағы ісім бойынша қорғауымдағы азаматқа қатысты қалалық сот қамауға алуға санкция бергені туралы хабар жетті. Қолданыстағы заң бойынша қамау туралы сот санкциясына шағым беру мерзімі – 3 тәулік. Мен сол жерде кездесуде отырған клиенттерімнен 20 минутқа рұқсат сұрап, ноутбук арқылы дереу шағым жазып, оны сот кеңсесі арқылы жолдап жібердім. Кейін сол жерде отырған ұлыбританиялық адвокат әріптестерім менен шағымды қалай, қайтіп жібергенім туралы сұрап біліп, таң қалысты. Тек Ұлыбритания емес, көптеген Европа елдері бұл жүйеге әлі көше қоймағанын мен сол кезде ғана білдім.

Одан кейін, 2018-2019 жылдары ҚХР-дан қашып келген Сайрагүл Сауытбайға қатысты іспен айналысу барысында БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі Комитет, «Хьюман Райтс Вотч» сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдарына қылмыстық іс бойынша құжаттарды жолдау барысында да осы жағдайлардың куәсі болдым.

Яғни халықаралық ұйымдар сот Үкімдерінде неге судьяның қолы жоқтығын, неге мөрі қойылмағандығын сұрап, менің сот кеңсесіне жолдаған өтініштерім мен шағымдарымда өз қолым қойылмағанын, сот кеңсесі тарапынан қай күні қабылдап алғанын растайтын кіріс мөрлері жоқтығын түсіндіруімді талап етті.

Осыдан соң мен Қазақстан Үкіметі тарапынан бұл бағытта жұмыстар жақсы жолға қойылғанына көзім анық жетті. Бұл – қазіргі кез, бүгінгі күннің шындығы. Нәтижесінде пандемия кезінде құқық қорғау саласы тез арада және еш қиындықсыз жаңа заманның талаптарына бейімделіп кете алды.

Құқық саласын цифрландыру туралы айтқанда, оны экономикамен бірге қарастыратын боламыз. Себебі мамандардың айтуынша, 2040 жылдарға қарай әлем бойынша сауда-саттықтың 95 пайызы онлайн сауда арқылы жүзеге асатын болады. Одан, әрине, Қазақстан да тысқары қала алмайды. Онлайн сауда айналымындағы триллиондаған доллар айналымының кибер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тиісті нормативтік-құқықтық актілер дайындау, заң бұзылған жағдайда оны тергеу жұмыстары т.б., заңгерлерді қандай ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанынан хабар бермей ме?!

Екінші мысал, қазіргі кезде, әсіресе биылғы жылы әлемдік майнинг индустриясының 75%-ы бір өзіне тиесілі Қытай халық республикасы майнинг фермалар қызметіне, яғни криптовалютаны өндіруге тыйым салған соң, Қазақстан нарығында майнинг өндірісі дереу артты. Онсыз да Қазақстан соңғы уақытта майнер мемлекеттердің алдыңғы бестікте келеді, енді мамандар тарапынан Қазақстанның әлем бойынша, тіпті ең алдыңғы орынға шығу мүмкіндігі туралы айтылуда. Осыған байланысты майнинг фермалар ашып, криптовалюта өндірумен айналысатын тұлғалардың қызметін заңдастыру, барлық қатысушыларға бірдей түсінікті «ойын ережелерін» бекіту, салық салуды реттеу, ол саладағы түрлі құқық бұзушылықтардың алдын-алу – кезек күттірмес шаруалардың біріне айналып отыр. Себебі осы бағыттағы жұмыстарды сауатты ұйымдастыра алсақ, ол Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ететін бірден-бір факторға айналған болар еді. Ол өз кезегінде осы саладағы өз білімімізді, сауаттылығымызды арттыру қажеттілігін тудырады!

Нақты бір мысал, 2019 жылы менің Ержан есімді кәсіпкер танысым өзінің қаражатын криптовалюта нарығында жаңадан ашылған бір фирмаға салғанын және өте қомақты қаржыны енді салғалы жатқанын айтып, осыған заңгерлік кеңес беруімді сұрады. Мен дереу ол фирманың құрылтай құжаттарын тексеру барысында оның  Таллин қаласында енді тіркелгенін, криптовалюта нарығындағы тәжірибесінің жоқтығын айтпағанның өзінде, Ержаннан қаражат алған кезде, тіпті ешқандай тіркеуде болмағанын, «Астана» ХҚО-да тіркеуге тұрмағанын, жалпы ҚР-мен ешқандай байланысы жоқтығын, жалғыз құрылтайшысы Ресей азаматы екенін, бұрын өз елінде осы салада алаяқтық дерегімен істі болғанын, кәсіпкерлер салған криптонарықтағы қаражат күйіп кеткен жағдайда, ол ақшаның қайтарылуына ешқандай кепілдіктің жоқтығын анықтадым. Осыдан кейін ол фирмаға қатысты мәліметтермен қазақ және орыс тілдерінде әлеуметтік желіде бөлісіп, Ержаннан басқа да алданған адамдар туралы мәлімет жинай бастадым. Сол кезде осыған дейін салынған қаражатты қайтармай отырған фирма өкілдері бірден байланысқа шығып, клиентімнің барлық ақшасын қайтарып берді.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы алаяқтық қылмыстары тек көбейе беретін болады. Ал алданған азаматтар, кәсіпкерлер кімге жүгінеді? Әрине, заңгер ретінде біздің көмегімізге. Сондықтан да біз осы жұмыстарға қазірден дайындықты күшейтуіміз керек. Олай болмаған жағдайда, нарықтағы бұл қызмет түрін шетелдік кибер заңгерлер оп-оңай иелік етіп кететін болады. Өздеріңізге белгілі, қазірдің өзінде кез келген фирманың сенімхаты негізінде шетелдік заңгерлер ақылы кеңес беру, сотқа дейінгі талап дайындау, құқық қорғау құрылымдарына арыз дайындау, эксперт ретінде кеңесшілік қызметтерді ешқандай  кедергісіз  атқара  алады.  

Кибер құқық бұзушылықтар санының артуы – Қазақстанның да мемлекет ретінде өз кибер қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін тудырады. Кибер шабуылдар тек қана экономикамызға емес, қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздігімізге де нұқсан келтіретін күшке ие.  Осыған орай Қазақстан Үкіметі тарапынан 2017 жылы «кибер қалқан» концепциясы әзірленді. Мен ол құжатпен танысып шықтым, жалпы болашақты бағдарлай отырып, жақсы жазылған деп есептеймін.

Алайда осыған біздің мамандарымыз дайын ба? Егер мамандарымыз сақадай сай отырмаса, ешқандай реформа жүзеге аспайды. Біздің жағдайда ол тергеушілер (анықтаушылар), адвокаттар, прокурорлар мен соттардың дайындығы.

Мамандарды дайындауда екі жолды көріп отырмын?

1. IT саласында мамандарды дайындау. Қазақстан үкіметі тарапынан ол жұмыстар басталды.  

2. Заңдық, құқықтық тұрғыдан дайын кәсіби мамандарды қайта бейімдеу! Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстан билігі тарапынан дереу қолға алынуы керек.

Әуелі кибер қылмыс дегеніміз не? Қысқа-нұсқа айтар болсақ, ол – қазіргі замануи техникалық құралдар (гаджет, ноутбук, компьютер) арқылы интернетті пайдаланып жасалатын кез келген қылмыстар. Олардың қатарына ақша бопсалау мақсатында программаларға хакерлік шабуылдардан бастап, әлеуметтік желідегі азаматтардың ар-намысына тиетін жазбаларға дейін кіреді.

Енді осындай «заманауи» қылмыстармен айналысатын мамандардың да заманына сай білімі болуы шарт.

Мысалы, кибер тергеушіні алып қарайық. Оның әдеттегі қылмыстық, қылмыстық-процестік, криминалистика заңдылығынан бөлек, компьютерлік бағдарламар тілі, DoS-шабуыл, шпиондық бағдарламалар, мәліметтерді шифрлау жүйесі сияқты арнайы салалық білімі болуы керек. Оның тек форма киіп, құқық қорғау құрылымдарында қызмет етуі шарт емес, кез келген ірі компаниялар мен корпорациялар да өз штатында кибер тергеушілер ұстайды.

Кибер адвокатқа да, кибер прокурорға да дәл осындай талаптар қойылады.

Шешімін табуы керек және бір мәселе бар, ол қолданыстағы қылмыстық процестік заңнамаларға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу, қылмыстық процесті тергеу сатысынан бастап, толықтай цифрландыру жұмыстарын жолға қою. Бұл – жұмыстар тек кибер қылмыстарға қатысты емес, жалпы іс­терді қамтуы тиіс. Бұл бүгінгі күннің талабы! Атап айтатын болсақ, қылмыстық іс бойынша арыздың тіркелген сәтінен, тергеушінің (анықтаушының) ол арыз бойынша қабылдайтын барлық процестік шешімдері (істі тоқтату,  сараптама тағайындау, тараптардың өтініштері бойынша шешімдер қабылдау т.б.) толығымен цифрландырылған күйде бізге, адвокаттар мен басқа да іске қатысушыларға онлайн режимде қолжетімді болуы тиіс. Ал қылмыстық істің тергелуі аяқталған соң, барлық материалдың қолжетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс.

Бұған бірінші кезекте біздер, адвокаттар мүдделі болуымыз керек. Себебі тәжірибеде тергеу құрылымдары тергеу барысында шешім қабылдау процесінің жабықтығын пайдаланып, көп құжаттарды кейінгі датамен қабылдауы, адвокаттарға қабылданған шешімдер туралы уақтылы хабарламауы, тіпті, мүлдем хабарламай қоюы сияқты деректер кеңінен көрініс табады. Ол үшін ешбір тергеушіге не прокуратура тарапынан, не тергеу соттары тарапынан шара қолданылмайды. Мысалы, қолданыстағы ҚР ҚПК-мен сараптама тағайындау туралы Қаулымен адвокатты және оның қорғауындағы адамды материал сараптамаға кетпей тұрып таныстыру міндеттелген, алайда тәжірибеде ол заң талаптары сақталмайды. Бірақ осы заң бұзушылық тергеушінің әрекетін заңсыз деп танып, қабылданған шешімді бұзуға негіз болып табылмайды. Ал адвокаттың қорғауындағы адамның құқығы сөзсіз аяққа тапталады. Егер цифрландырылған құжаттар уақтылы базаға енгізіліп отыратын болса, адвокаттар тергеушінің артынан «жүгіріп» жүретін, не онымен «жақсы қарым-қатынас орнатуға» деген тәуелділіктен арылған болар еді, ол бірінші кезекте қылмыстық істің орбитасына тартылған азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша негіз болған болар еді.

Ерте ме, кеш пе, бізге осы мәселені, яғни қылмыстық іс процесін цифрландыруды шешуге тура келеді. Бірақ оны шешудің біраз алғышартта­ры бар. Жалпы мамандардың айтуынша цифрландыру үдерісіне мобилді қосымшалардың болуы, олардың қолжетімділігі, интернет пен байланыс сапасы, электронды форматта қызмет көрсету және мамандардың дайындығы секілді факторлар әсер етеді.

– Техникалық мәселелер Үкімет тарапынан біртіндеп шешілуде, алдағы уақытта Қазақстанның барлық елді мекендері толық интернетпен қамтамасыз етілетін болады, –  деп сендірді Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Қазіргі күні көп адамдар, оның ішінде өз әріптестерім де бар, сот-құқық саласындағы өзгерістерді (онлайн соттар, кибер қылмыстар санының көбеюі) жаңалық деп емес, пандемия жағдайына байланысты уақытша жағдай деп қабылдайтынын байқап жүрмін.

Ал медицина саласының  мамандары ковид-19 вирусының біздің өмірімізге ұзақ уақытқа, тіпті біржола келгенін айтуда. Күндердің күнінде ол вируспен де грипп сияқты «үйренісіп» кетуіміз әбден мүмкін екен.

Бірақ бір нәрсе анық – ковидттің де емі табылар, пандемия да жойылар, ал цифрландыру адамзат өмірінде қалады, біржола қалады! Біз цифрландыру дәуіріне қадам бастық!

Абзал Құспан,

адвокат, «Заң және біз» арнайы бетінің қоғамдық редакторы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале