6.01.2026, 16:15
Оқылды: 38

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту қажет деді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындарды құттықтаған Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады.

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.53.46

БҚО цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тәулік бойы ikomek109 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Ол тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюды көздейді. Қазіргі таңда саll-орталыққа жасанды интеллект функциясын қосу жұмыстары жүргізілуде. Егер ол іске қосылса, тұрғындардың қоңырауларына робот аутоматты түрде жауап бермек. Былтыр Орал қаласында жасанды интеллектке (ЖИ) қосылған 300 бейнекамера орнатылған. Сонымен бірге орман өртінің алдын алу және өртті ерте анықтау мақсатында ЖИ функциясымен 10 бейнекамера іске қосылған. Ал қалалық №2 емханада халыққа жасанды интеллект арқылы аутоматты түрде қоңырау шалатын жүйе енгізілді.

2022 жылы аталған басқарма Astana Hub IT қауымдастығымен бірлесіп Startup Tech orda бағдарламасы аясында IT-Hub бағдарламалау мектебін ашты. Төрт жыл ішінде Astana Hub халық-аралық технопаркі IT-Hub бағдарламалау мектебіне 61 грант бөлді. Бағдарламалаудың жеделдетілген курстарында 58 жас маман оқыған. Былтыр бұл мектепке 20 грант бөлініп, осынша студент қараша айынан бері білім алып жүр.

Облыста «Batys Hub» алаңы ашылған. «Astana Hub» корпоративтік қорымен ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Алаңның мақсаты – оқыту және инкубациялау, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, IT-тақырыптарға жүйрік талантты жастарды анықтау арқылы IT-стартаптарды  ілгерілету.

«Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығын орындау шеңберінде облыстың бюджеттік жоспарлау процестерін цифрландыратын «Орал 365» ақпараттық жүйе енгізіліпті. БҚО әкімдігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің сайттарын оңтайландыру шеңберінде bkogov.kz бірыңғай интернет-ресурсқа 900-ден астам сайт орталықтандырылған.

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале