20.09.2022, 9:30
Оқылды: 49

Цифрлық серіктес – сапалы интернетке кепіл

Өңірде интернет желісін тұтынушыларға арналған «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасы серпін алмақ. Бұл жөнінде облыс әкімі аппаратының мәжілісінде ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрлан хабарлады. 

IMG-20220920-WA0003

"Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу жөніндегі жоба сәтті аяқталды. Облыс бойынша 92 ауылға сапалы интернет желісі  («Қазақтелеком» АҚ – 81 АЕМ, «Транстелеком» АҚ – 11 АЕМ) жеткізілген.

Биыл «Қазақтелеком» АҚ «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасын қолға алып отыр. Ауылдарға жылдамдығы жоғары интернет желісін жеткізу үшін «Қазақтелеком» кәсіпкерлерді серіктес болуға үндейді. Жоба мақсаты – қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою, ауылдарда АКТ инфрақұрылымын құру, шалғайдағы тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету, шағын байланыс операторлары мен шағын-орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету.

Жоба нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауылдық жерде электронды сауданы дамыту, онлайн төлемдерді пайдалану секілді қазіргі технология жетістігі анағұрлым қолжетімді болады. Цифрлық серіктес ЖК (жеке кәсіпкерлік) немесе ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) ретінде тіркеліп, жобаға қатысу үшін ismet.kz сайты арқылы өтінім  жолдайды.

Ең бастысы, «Қазақтелеком» АҚ  магистральды талшықты-оптикалық желіні ауылға жеткізуі керек. Ал серіктестің міндеті – абоненттік роутерлерге сигнал беретін антеннаны орнату немесе ауыл ішінде кабель жүргізу және интернет қызметін сату. Жергілікті оператор төл сауда белгісімен интернет таратуға құқылы әрі ұйымның барлық шығынын өзі өтейді. Оның ішінде байланыс жиілігіне арналған лицензия алу, колл-орталық, монтаждау тобын және басқа да сервистерді ұйымдастыру  мәселесі  бар.

Интернет желісінің жылдамдығына байланысты ауылға арналған абоненттік төлем тарифтері шамамен есептелінген. Егер абонент 12 Мбит/с-ға дейінгі жылдамдықтағы интернетті қолданғаны үшін айына 5500 теңге төлесе, 20 мБит/с-ға дейінгі ғаламтор қызметі үшін төлем мөлшері 6000 теңгеден аспайды. Сондай-ақ жылдамдығы 20 мБит/секундтан асатын немесе заңды тұлғалар үшін арнайы тарифтік баға бекітіледі. Баға саясатына шағын оператор жауап береді және кәсіпорынның бизнес-моделіне байланысты болады.

Облыс бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында оптикалық желі жүргізілген 11 аудандағы 81 елді мекенде жобаны жандандыру көзделген. Бүгінгі күні екі серіктес Бәйтерек ауданының Январцев, Янайкин,  Щапов, Көшім, Рубежин, Үлкен Шаған ауылдарына және Тасқала ауданының Мереке ауылына интернет желісін өткізу үшін өтінім берген. «Бұл жоба жөнінде неге бұрыннан құлағдар емеспіз?», – деп сұрақ қойды облыс әкімі Ғали Есқалиев басқарма  басшысына.

– Бұған дейін «Қазақтелеком» осындай бастамаларды қолға алды.  Компания шарттары бизнес үшін тиімсіз болғандықтан, мұндай жобалар  қарқын алып кете алмады. Бұрын ортақ жобадан түскен кірістің 60 пайызы «Қазақ­телекомның» үлесі болып есептелінген және бес жылдан кейін кәсіпкер сатып алған құрал-жабдықты меншіктеп алатын болған. Қазіргі уақытта монополияның үстемдік етуіне қарсы мемлекет жүргізіп жатырған іс-шараларға байланысты компания жаңа бетбұрыс жасауда, – деп түсіндірді Нұрсұлтан Нұрлан.

– «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасы тамыз айы­нан басталды. «Қазақтелеком» АҚ 81 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартты. Аудан әкімдері жергілікті кәсіпкерлерді немесе қаладағы бизнес иелерін оператор болуға шақыруы керек. Енді компания серіктесі оператор ретінде тапқан табысының 100 пайызына иелік етеді, барлық құрал-жабдық өзінде қалады. Меніңше, кәсіпкер бір жылдың ішінде шығынды өтеп алады. Бұл жоба олар үшін тұрақты табыс көзі болады, – деді Ғали Есқалиев.

Сапалы интернет желісін тартуға байланысты жоба пысықталған соң, Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов шаһарды абаттандыру жайын баяндады. Шаһар басшысы қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізілетінін жеткізді. Облыс орталығында жылдан-жылға үй құрылысы қарқын алуда. Соған байланысты жаңа шағынаудандар бой көтеретін жер қарастыру – өзекті мәселенің бірі.

Миржан Сатқанов осы мәселенің шешімін табу үшін  бұрынғы Ет комбинаты секілді ескі өндіріс аумақтарын және гараж кооперативтері орналасқан жерді құрылыс алаңына айналдыруды жоспарлап отырғанын айтты.  10 ірі гараж кооперативі орналасқан жер телімдерінің жалпы ауданы 80 гектар. Жаңа шағынаудан салу үшін қала әкімдігі Шаған (818 гараж топтасқан) және Победа (2 000 гараж) гараж кооперативтерінің орнын егжей-тегжейлі жобалауға кірісіп  кеткен.

Әрине, гараждарды үйге алмастыруды көздейтін жобаның нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді. Қала әкімі Миржан Сатқанов апатты және ескі үйлердің орнына жаңа баспана салу, демалыс саябақтары мен тынымбақтарды абаттандыру, мүгедектігі бар адамдарға арнап ғимараттарды жабдықтау мәселесі туралы айтты. Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылды қайта көркемдеуге назар аударылады. Даңғылды қиып өтетін Пугачев пен Молдағұлова көшелерінің аралығын екі кезең бойынша жаяу жүргіншілер жүретін арбат ретінде жасақтау жоспарланған.

– Орал қаласындағы тарихи-мәдени 90 ғимарат мемлекет қорғауында. Соның 54-і – сәулет ескерткіші, 36-сы – тарихи ескерткіш. Сәулетті нысандардың көпшілігі Н. Назарбаев даңғылында орналасқан. Аталған даңғыл бойынша 251 нысан бар, соның ішінде 56 нысан ресми түрде «Тарихи-мәдени ғимарат» мәртебесін алды. 2020 жылы 26,4 млн теңгеге Н.Назарбаев даңғылы бойынша дизайн код жасақталды, – деді Миржан Сатқанов.

Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале