ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова үй карантинін ұйымдастыру үшін қандай талап қойылатындығын түсіндірді.
Вице-министрдің Facebook парақшасындағы жазбасына сәйкес, симптомсыз вирус тасымалдаушылық кезінде пациентті оқшаулау жағдайы туындағанда амбулаториялық жағдайларда медициналық бақылауға және үйде оқшаулауға (үй карантині) жатады.
Бұл ретте үй карантинін ұйымдастыру үшін тұру жағдайларына бірқатар талап қойылады.
Біріншіден, байланыста болған адам көршілерден (басқа отбасы мүшелерінен) оқшаулана алатын жеке пәтер (жеке дәретханасы бар жеке бөлме) болуы керек.
Екіншіден, байланыста болған адам және отбасының/үй шаруашылығының басқа мүшелері жеке қорғаныш құралдарына (медициналық маскалар, қолғаптар) қол жеткізе алуы және сақтық шараларын (қолды сабынмен жиі жуу, ылғалды жинау жүргізу, үй-жайды желдету) сақтауға қабілетті болуы тиіс.
Үшіншіден, үй шаруашылығында COVID-19 инфекциясынан кейін асқыну қаупі жоғары (65 жастан асқан адамдар, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, иммунитеті әлсіз немесе жүректің, өкпенің немесе бүйректің созылмалы аурулары бар адамдар) адамдар жоқ болуы қажет.
Төртіншіден, стационарлық телефоны немесе ұялы байланысқа қолжетімділігі болуы шарт.
Бесіншіден, үй карантинін сақтау жағдайларын міндетті орындау туралы қол қойылған қолхат беріледі.
Алтыншыдан, адам үй карантині режимін сақтау жөнінде өзіне міндеттеме алады және қолхатта жеке қол қоюымен растайды. Үй карантині режимін бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Аталған талаптарды сақтау мүмкін болмаған жағдайда карантин карантиндік стационарда жүзеге асырылады.
«Үйде оқшаулау үшін жағдайлар болмаған кезде емдеуге жатқызу туралы шешімді медициналық-санитарлық көмек маманы әрбір жағдайда Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті аумақтық бөлімшесінің эпидемиологымен келісім бойынша жеке қабылдайды», – деді Людмила Бюрабекова.
Оның атап өтуінше, үй карантиніндегі адам үйден шықпауы, пәтерде отбасының басқа мүшелері тұратын жағдайда есігі жабылатын, жақсы желдетілетін жеке бөлмеде болуы қажет. Тек қажетті шаралар үшін және қысқа уақытқа ғана бөлмеден шығуға рұқсат етіледі. Бұл ретте ауыз бен мұрын медициналық маскамен жабылуы тиіс. Вирустың таралуын болдырмау үшін түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір рет қолданылатын қол орамалымен жапқан дұрыс. Осыдан кейін қолды сабынмен жуу немесе оны спирт негізіндегі антисептикпен өңдеу қажет. Тамақтану алдында, сондай-ақ дәретханаға барғаннан кейін қолды сабынмен жуу немесе спирт негізіндегі антисептикпен өңдеу керек. Қолды сүрту үшін бір рет қолданылатын сулықтарды пайдаланған дұрыс. Мүмкіндігінше, жеке дәретхананы пайдалану қажет. Температура немесе әлсіздену белгілері пайда болған кезде карантин туралы хабарлап және жүгіну себебін көрсете отырып, COVID-19 бойынша колл-орталыққа жүгіну немесе жедел жәрдемге қоңырау шалу керек.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер