Жуырда ақын Қадыр Мырза Әлидің немересі Сырым Мырза Әлимен кездесіп, аз-кем сұхбаттастық. Ол өзі және атасы жайлы біраз естелік айтып, ойларымен бөлісті.
Киржачтан Алматыға дейін...
Сырым – 1988 жылы 4 қазанда Мәскеу шаһарының маңындағы Киржач қаласында дүниеге келген. Алматыға көшкенде 3 жаста болыпты. Содан 7-сыныптан кейін отбасымен Оралға қоныс аударған. Орал қаласындағы №30 жалпы орта білім беретін мектептің 8-10-сыныптарында оқыған. Сондықтан да оған Орал шаһары жақсы таныс.
Қадыр Мырза Әлидің Қуаныш, Қазбек, Ғазиз есімді ұлдары бар. Сырымның әкесі Қуаныш осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озған. Көзі тірісінде кәсіппен айналысқан. Сырымның анасы Наталья Геннадьевна отбасылық кәсіптің тінін үзбеді.
Жалғыз қарындасы бар. 2018 жылдан бері күреспен, джиу-джитсумен шұғылданады.
– Мен мектепте қазақша оқыдым. Бала кезімде ақын болғым келді. Ұйқастырып, тақпақтар жазатынмын. 3-4-сыныпта оқыған болсам керек, 1-2 шумақ шимай-шатпағымды атама апарып, көрсеттім. Ол оқыды да, үнсіз қалды. Пікір айтпағанына сәл өкпеледім. Неліктен ештеңе айтпады екен деп қамықтым.
Көп ұзамай Мұқағалидың кітабындағы бір өлеңді ақ параққа көшіріп жазып, атама «Тағы бір өлең жазып әкелдім» дедім. Ол оқып, өлеңнің мықты екенін айтты. Сол сәттен бастап-ақ мен өзімнің ақын емес екенімді түсіндім. Өзімді басқа саладан іздей бастадым, – дейді Сырым Қуанышұлы. Оның айтуынша, тесттен жинаған балға ауылдық квота қосылатын болғандықтан, 11-сыныпта кері Алматыға кеткен.
Бұрынғы Қарасай ауданында орналасқан Б. Соқпақбаев атындағы қазақ мектебінде білім алған. Ол кезде С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі оқу ақысы 700 мың теңгеге жуық қаражатты құраған екен.
Сырым 2006 жылы сынақты жақсы тапсырып, аталмыш жоғары оқу орнына грант ұтып алған. 3-курсқа дейін атасының үйінде тұрған. Осы жылдар оны ақынға жақындастыра түсті. Біз жырларын жатқа соғатын заңғар ақынмен 4 жыл бойы емін-еркін сырласып, тәлім-тәрбие алды.
Қадыр Мырза Әлидің бірнеше немересі бар. Олардың көбі өнерге жақын. Мәселен, Мұхит есімді немересі – суретші. Ортаншы баласы - Қазыбектің қызы Айсұлу да сурет салумен шұғылданады, дизайн саласында қызмет етеді.
«Денсаулықтың құны жоқ...»
Сырым С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде шығыс медицина дәрігері және интернатура бойынша терапевт мамандықтарын игеріп, 2013-2014 жылдары Санкт-Петербург қаласында да білімін тереңдетті.
Жеті жылға жуық уақыт бойы неврология саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Бүгінде Алматы қаласындағы балалар реабилитациясы мен неврология ауруларын емдейтін «Нәтижелі медицина орталығының» директоры. Бұл орталықта 10-ға жуық жоғары білімді маман жұмыс істеуде. 2017 жылы ашылған емхананың халыққа тегін қызмет еткен кездері де болған.
– Невропатолог Қайрат Бақтыбаев маған Қаскелеңдегі және Алматы қаласындағы «Көк базардың» маңындағы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған медициналық кабинеттерді сеніп тапсырып, мамандығым бойынша жұмыс істеуге себепші болды. Осы шағын кабинеттерде науқастарды қабылдап, медициналық қызмет көрсеттік. Тәжірибе жинағаннан кейін жеке емхана ашуға бел байладым. Ми ауруларын емдеу оңай емес. Бізге көбіне мүмкіндігі шектеулі балалар келеді. Перзенті дерттен сауыққан ата-аналар рақметін жаудырып жатады. Ешбір ата-ана сәбиінің сырқат екенін айтқысы келмейді. Оңашада ағынан жарылып, алғыстарын жаудырып жатады. Ересектер өз денсаулығын бағаламайды. «Денсаулық – зор байлық» екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеуіміз керек. Қысқасы, қазақстандықтар денсаулықтың қадірін түсінбей келеді, – деген невропатолог Сырым ішімдік ішпеген, темекі тартпаған адамның ағзасын қайта қалпына келтіруге болатынын тілге тиек етті. Біздің кейіпкеріміз басшылық ететін емхананың жұмысымен instagram әлеуметтік желісіндегі OSTEOPATIYA.KZ аккаунты арқылы танысуға болады.
«Уақыт – орны толмас ресурс...»
– Атам әр кез отбасымен бірге болды. Жалғыз қарындасына қашанда қамқорлық көрсетті. Еңбекқор жан еді. Мен оның нұсқауымен батыс өнеріне, батыс технологиясына қызығушылық таныттым. Бір орында тұрып қалуға болмайтынын, үнемі ізденіп, өз-өзіңді дамытуға күш жұмсау керек екенін жиі айтып отыратын. Мен оның әлеміне еніп кеттім. Талапшылдығының да әсері шығар, әрбір ісіме жауапкершілікпен қарайтын болдым. Нақты нәтижеге қол жеткізбесем, көңіл күйі түсетін. Ал өзі жұмыс істемеген күні мазасы кетіп, тұнжырай беретін. Мен ол кісі дүниеден озғанда 22 жаста едім, – дейді Сырым өзі үлгі ететін тұлғаның жақсы қасиеттері жайлы тебіреніп.
Сырымның айтуынша, атасы жұмыспен беріле айналысқан және айналасындағылардың да еңбекқор болғанын қалаған. Алайда өз көзқарасы туралы қайта-қайта айтып, балаларын шеңбер ішіне қамамаған. Керісінше, еркіндік берген. Шығармашылыққа, әдебиетке өзін құрбан еткен. Депутаттықтан да бас тартқан. Дүниеқоңыздыққа салынбаған. Өнерге, халыққа қызмет еткен. Ешқашан табиғи образына қарсы келмеген.
– Оның байып кетуге мүмкіндігі көп болды. Бірақ ол жолды таңдамады. Басына не күн туса да, ұстанымдарын ақшаға сатқан жоқ. Біз оның үнемшілдігінен үлгі аламыз. Қаражатын өте үнемдеп ұстады. Өздігінен қыдырып, ешқайда барған жоқ. Тек әдеби іссапарларға шықты. Мен оған жиі массаж жасайтын едім. Әжем Салтанатпен сыйластықта өмір сүрді. Қонаққа сирек баратын. «Уақытты – орны толмас ресурс» деп санады. Өз уақытына қызғанышпен қарады. Пайдалы іс коэффициенті төмен отырыстарға мүлде барған жоқ. Арақ-шараптан аулақ болды. Ішімдік – Кеңес одағындағы теріс идеологияның жемісі. Шығармашылығын бірінші орынға қойды. Ақындардың арасында Тұманбай Молдағалиевпен жақын араласты. Ол әдебиетпен шұғылданудан рақат алды және оған сол жеткілікті болды. Кітаптарының бәрін оқыдым. Атамның шығармашылығы қазіргі таңда жақсы насихатталып жүр. Оралдағы Қадыр орталығының осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанына ризамын, – деп кейіпкеріміз бір көсілді.
Сырым Мырза Әли – еліміздегі ең мықты невропатолог дәрігердің бірі. Алматы қаласында тұрады. Ақбас тауларға қарап, атасы жайлы көп ойлайды...
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz