Қаратөбе ауданында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымының концерттік бағдарламасы өтті.
Табиғаттың жаңаруымен қатар келетін Көрісу айты мейрамында қасиетті өңірге сапарлаған өнер ұжымы талғампаз қаратөбелік көрермендердің қошеметіне бөленді.
Өнер кешінің ашылуында мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла сөз сөйлеп, мәдени шараның мәні мен мақсатына тоқталды. Киелі сахнаның шымылдығын жыр шашумен ашқан айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев қасиетті Қаратөбе топырағында дүниеге келген дарынды тұлғаларды арнауына арқау етіп жергілікті көрерменді бір желпінтіп тастады. Әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев Қадыр ақынның сөзіне жазылған өз туындысы «Не жетеді...» әнін фортепиано аспабының сүйемелдеуімен және «Сыған серенадасын» нақышына келтіре орындады. Сахна төріне көтерідген «Батыс star» тобы «Тамаша» әнімен кештің шырайын кіргізсе, Дастан Есентеміров «Ақжайық», «Жар» әндерін әуелете шырқап берді.
Мерекелік концерт соңында аудан халқының атынан шынайы алғысын жеткізген Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Берлешұлы өнер ұжымына шығармашылық табыс пен сәттілік тілеп, арнайы алғыс хат пен сыйлық табыс етті.
Серікбай ХАСАНОВ
Қаратөбе ауданы