6.06.2022, 9:45
Оқылды: 47

«Дала кеуде»

Осындай атаумен Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Асантемір Қаршығаұлының шығармашылық кеші өтті. Ақынның кешіне ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қуандық Түменбай, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Жанаева арнайы келді.

285289650_1209955926442015_69863789984083025_n

Жайықтың жағасындағы жыр мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қамал алар қырық жасқа әдеби жетістігімен, азаматтық абырой-беделімен жеткен Асантемір Қаршығаұлына сый-құрмет көрсетіп, ақынның Ақ Жайыққа арнаған өлеңін оқып берді.

Шығыстан батысқа арнайы келген ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов ақынның болмысы туралы әсерлі әңгімеледі.

– «Ақын болу – міндет емес, азамат болу – міндетің» деп айтылады. Бұл – Некрасовтың сөзі. Осы сөз халайықты адастырып тұрады. Әр ақын – азамат, әр азамат – ақын бола алмайды. Ақынның ойы көркем, тілі жетік келеді. «Ақын болу оңай деймісің, қарағым?» деген Төлеген Айбергеновтың сөзі бар. Ақын болып өмір сүру оңай емес. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ақындар қашанда елінің мұң-мұқтажын өлеңге қосқан. Сондықтан да қазақ ақынын құрметтеген, – деп сөзін сабақтаған ақын ағалық ілтипатпен кеш иесі Асантемір Қаршығаның өлеңін оқып берді.

Кеш иесінің шығармашылығына қоса, ерекше қасиеттерін атап өткен белгілі жазушы Қуандық Түменбай ақын інісіне алтын қалам тарту етті.

Шығармашылық кештің шырайын ашқан сәттің бірі Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі шер» атты жаңа кітабының тұсауы кесілгені болды. Бұған дейін ақынның «Өзімнің аспанымның астындамын» және «Тәңірге хат» жыр жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ әдеби кеште облыстық халық шығармашылығы орталығы жариялаған «Шідерлі шер» атты жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы паш етілді. Жыр бәйгесіне 12 ақын қатысты. Мүшәйраның бас жүлдесі казталовтық жас ақын Абзал Есенғазыға, бірінші орын теректілік Әділет Орынбасарұлына бұйырды.

Ақ тілектер ақтарылып, сыйластықтың шынайы үлгісі паш етілген рухани кеш жиылған жұртшылыққа серпіліс сыйлағаны анық.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале