20.12.2024, 20:00
Оқылды: 23

«Далада жатқан жер жоқ, оны мақсатына сай пайдалан!..» – маман

Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруде – ауыл шаруашылығы саласын дамыту басым бағыттардың бірі. Жерді пайдаланушы инвестиция салу арқылы адал еңбек етіп, ырыздық-несібесін жерден тауып, жерді мақсатына сай игеріп жатса – ел экономикасының басым бағыты саналатын аграрлық сектордың кең қанат жайып дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

0c87bc3c-4cd4-417d-b9ce-3f94988f5550

Алайда, мемлекеттен мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын алып, бос иеленіп алумен шектеліп, жердi оның түпкі мақсатына сәйкес пайдаланбайтын жағдайлар жиі кездеседі.

ҚР Президентінің тапсырмасымен 2022-2023 жылдары аралығында 10 млн га астам пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз берілген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылы да өз жалғасын тауып, республика бойынша барлығы 2 млн га игерілмей бос жатқан жер учаскелерін қайтару көзделді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына арнаған Жолдауында заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуға тиістігін атап өтті. 2024 жылы облыс бойынша 110 мың га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару жоспарланып, Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің жергілікті атқарушы және жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдармен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 111,1 мың га ауыл шаруашылығы алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жалпы субъектілермен жер ресурстарының ұтымды және тиімді пайдаланылуы – үнемі басты назарда. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуы жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен жүргізілген тексерулер кезінде 119,7 мың га ауыл шаруашылығы жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқандығы анықталып, 105 субъектіге қатысты аталған заң бұзушылықты жою жөнінде нұсқамалар енгізілді.

Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімше жазалаушы орган емес, жер заңнамасы талаптарының сақталуы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ өз кезегінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының жер учаскесін игеру үшін белгілі бір уақыт пен мүмкіншілік береді. Яғни, жер учаскелерін пайдаланбауына байланысты нұсқама табыс етілгеннен кейін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін  1 жыл мерзімде уақыт беріледі.

Жыл басынан бері департамент тарапынан нұсқамалар енгізіліп, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін субъектілермен 5,5 мың га жер учаскелерін пайдалануға кіріссе, 0,6 мың га жер учаскесін өз еркімен мемлекет меншігіне тапсырды.

ҚР Жер кодексінің 65-бабына сәйкес, жер пайдаланушылары мен меншік иелері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерді алқаптардың белгіленген түріне сәйкес пайдалануға міндетті. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына не жатады?

1) егістікте – жер учаскесін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі;

2) шабындықтарда – жер учаскесінде шөп шабудың жүргізілмеуі, оны арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі және шөп бітіктігі жұтаңдануының өзге де белгілерінің болуы;

3) жайылымдарда – жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының елу пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы;

4) көпжылдық екпелерде – егісті күтіп өсіру, жинау жұмыстарының жүргізілмеуі және есептен шығарылған көпжылдық екпелердің тамырларының алынбауы.

Егер ауыл шаруашылығы жері мақсатына сай пайдаланбаған жағдайда мұның салдары шаруа үшін бастаған кәсібінің одан әрі дамуы тежеліп, экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылмай өзі де шығынға ұшырап ұтылары хақ. Осы ретте,мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскелерінің иелеріне заң аясында түрлі әкімшілік шаралар қолданылады.

Айта кетсек:

1) Жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған соң Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі.

2) ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 338-бабына сәйкес, ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

3) ҚР «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңына сәйкес жер учаскесіне ауыртпалық қойылады.

4) ҚР Салық кодексінің 509-бабының, 5-тармағына сәйкес, жер учаскелерінің базалық салық мөлшерлері жиырма есеге ұлғайтылады. Мысалы:шаруа қожалығы 1200 га жайылымдық жер учаскесі үшін төленетін орташа жылдық салық мөлшері 37 мың тг қоса жер учаскесін пайдаланбағаны үшін салық сомасы 20 есеге ұлғайып, 740 мың тг көлемінде төлейді.  Ал,1000 га егістік алқабы пайдаланылмаған жағдай орташа жылдық салық мөлшері 77,7 мың тгқосымша 1,5 млн тг салық мемлекетке өндіріледі. Яғни, жерді игермеген шаруа мемлекетке қомақты қаржы түрінде салық төлеуге мәжбүр болады.

5) Жер учаскесі сот шешімімен мәжбүрлі түрде қайтарылып, субъектілер жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тиісті тізіліміне (реестр) енгізіледі. Ал шаруа қожалықтары аталған қара тізімге ілінсе ҚР Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша өткізілетін конкурстарға қатысуына тыйым салынады және аталған тұлғаларға 3 жыл қатарынан жер учаскелері берілмейді.

Жер – баршамыздың ортақ байлығымыз және оны кім игерсе соған тиесілі болуы тиіс. Дегенмен, жерді пайдаланбаса оған мыңдаған қаражат төлеп, қолда ұстап отыру тиімсіз. Сондықтан, қазіргі уақыттан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін қайта экономикалық айналымға енгізу мақсатында жерді пайдалану кезінде заңнама талаптарын саналы мақсаты бойынша мүлтіксіз пайдалану қажет.

Тахир Нұрахметов

Батыс Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале