5.03.2022, 15:10
Оқылды: 7

«Даладан тауып алған шешем еді...»

Қала шетіндегі сай түбінде өз-өзімен бұйығы жатқан «Венера» бау-бақша серіктестігі деген ауыл бар. Бұл ауылда жыл сайын жаңа үйлер бой көтеріп, халық саны көбейіп келеді. Ауыл тұрғындарының іздегенін оңай табуға көмектесетін, бір-біріне көмек қолын созуға арналған «Венера» деп аталатын чатқа да жаңа қоныстанған тұрғындар жиі қосылып жатады.

C72CDC36-FE1B-4F0F-BD79-DAF17033B61C

Бірде сол чатқа бейтаныс адам өзге ұлтты әжейдің суретін салып, «Үйін таба алмай жүр, танысаңыздар, айтып жіберіңіздерші?!» деп өтініп, жазба қалдырыпты. Аз уақыттан соң «Ол – менің шешем ғой. Біздің үйдің адамы. Қазір барам. Сол жерде қасында тұра тұрыңызшы», – деп егделеу апай жанұшырып жазып жатты.  Суретке қарап отырып, «Апайдың мамасы өзге ұлтқа ұқсайды екен» деп  ойлап үлгергенімше «Даладан тауып алған шешем еді. Үйден шығып кетсе, адасып кетеді солай»  деп жазып жіберіпті анасын іздеген апай. Шынымды айтсам, «Даладан тауып алған шешем еді» деген сөз мені селт еткізді. «Қазіргідей жат түгілі, жақынына да жанашырлық таныту азайып бара жатқан уақытта бейтаныс адамды үйіне қалай кіргізген? Оны қайдан, қалай тауып алған?» деген сұрақтар санама маза бермеді. Бірден апаймен хабарласып, кездесетін күнді белгіледік.

Осыдан біраз жыл бұрын Айнагүл апай отбасымен облыстық аурухана маңайындағы Лермонтов көшесінде пәтер жалдап тұрады. Сол кезде өздерінен төрт-бес үй кейін тұратын жалғызбасты әжейді сырттай көріп жүреді. Үнемі ит-мысықты тамақтандырып жүретін кейуана  өткен-кеткеннің қоқысын алып қалып, жануарларына береді екен. Кейіпкеріміздің кішкентай баласы ит-мысықты қызық көріп, арасында  әжейдің үйіне барып тұрады. Үйге келген соң «Әженің көп күшігі бар, мысығы бар. Ол маған сок, кәмпит берді» деп әңгімелеп жүреді. Әжейдің қоқыс жинайтынын, лас тұратынын  білгендіктен, «Ол үйден ештеңе жеуші болма!» деп ескертеді ұлына.  Солай жылдар өте береді. Кейіпкерім отбасымен «Венера» бау-бақша серіктестігінен жер алып, қазіргі үйлерін салып жатады. Жаңа үйге әне-міне көшеміз деп жүргенде, көктем кезінде  көшеде жамбасымен жорғалап жүрген әжейді  көреді.

– Бұл 2017 жылдың мамыр айы болатын. Жол бойындағы әжейді көріп, аңтарылып қалдық. Өзі азып-тозып, аяғы ісіп кеткен. Жамбасының терісі тесіліп, арасы топыраққа толып қалыпты. Сол жерде дәрігер мен полиция шақыртып, әжейді носилкамен үйге алып бардық. Үйдегілердің бәрін сыртқа шығарып жіберіп,  шелек-шелек су ысытып, суға түсірдім. Үйдің ішін жаман иіс алып кетті. Қанша дегенмен, өзінен әлі кеткесін, көптен жуынбағаны көрініп тұрды. Жуындырып, таза киім кигізіп, емханаға алып барып, жамбасындағы жараны емдеттім. Түгелдей тексерістен өткізіп, ешқандай жұқпалы аурумен ауырмайтынына көз жеткіздік. Он күннен соң, шешей өз аяғымен жүре бастағанда  туған баласын шақырттым.  «Ол менің үйімде тұрмайды. Бөтен кісіден қорқады» деді. Әжей болса «Мен онымен бармаймын, ол мені қарттар үйіне тапсырады. Сенде қаламын» деп менің үйімде қалды. Ол кезде балаларым үйленген жоқ еді. Енді ол кісінің  зейнет­ақысын алайық десек, жеке куәлігі жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлік алуға өтініш бергенімізде шешейдің бесінші рет алайын деп тұрғанын білдік. Өйткені қоқыс толы үйінде құжатын жоғалтып ала береді екен.  Құжатын қайта рәсімдедік. Солай ол біздің үйдің бір мүшесіне айналды, – деді әңгімесін бастаған Айнагүл апай.

Қараусыз қалған  кейуананы  қолына алып, қамқорлық танытқан кейіпкерімізді «Үйіне қызығып алды» деп сөгетіндер де көп. Бірақ ақыл-есі түзу, зиянды әдеті жоқ, қартайып, өзінен әл кеткен шағында айналасына жаутаңдап, адамдардан жылулық күткен шешейдің аянышты халіне көз жұма қарай алмапты.

«Біз де адамбыз ғой. Шешеміздей адамның азып-тозып, жаутаңдап, далада отырғаны жаныма батты. Ол арақ ішіп, сондай күйге жеткен болса, қарайламас едім. Кәріліктен, денсаулығы болмағандықтан бейшара күйге түскен жанға қамқор болғым келді», – дейді Айнагүл апай.  

Әжейдің есімі – Алла. Оны шешесіндей көретін Айнагүл апай қазіргі күнде немерелерімен бірге үлкен кісінің бабын жасауға тырысады. Жыл сайын 1 қаңтарда Алла әжейдің туған күнін отбасымен атап өтеді. 5-6 жылдың ішінде ол кісінің қандай тағамды, қандай киімді  жақсы көретінін әбден зерттеген. Қазір қарияның көкөніске толы сорпасын дайындап, ыңғайлы киімдерін сатып әпереді. Бір қызығы, үлкен кісі көйлек кигенді ұнатпайды екен. Сондықтан жайлы шалбар, жұмсақ жейделер алып береді. Киімі, төсегі таза. Әжей жас кезінде қаладағы зауыттардың бірінде лауазымды қызмет атқарған. «Өзінің әңгімесінен, үйіндегі кейбір заттарынан күнінде бақуатты адамдардың бірі болғаны байқалады», – дейді кейіпкеріміз.

– Үйін жинауға барғанда қорапта тұрған таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер, құнды заттарды көп көрдім. Кезінде өз машинесін өзі жүргізген. Әңгімелескенде «Жағдайым жақсы болды» деп айтып отырады. Қызы Ресейде, ұлы қалада болғанымен, көп қарайламайды, - дейді Айнагүл апай.

Бірде Алла әжей ауруханаға жатып, емделіп шығады. Сонда әжей дәрігерлер мен мейірбикелерге «Қазір қызым келеді» деп күтіп жатады екен. Бір күн бармай қалса, алаңдап, уайымдап қалады.  

– Мен барсам, «Сен мені осы жерге тастап кетейін деп жүрген жоқсың ба? Тастамашы. Өзіңмен бірге алып кетші» деп жалынып, жылайды. Мен тамағын тасып, жиі барып тұрдым. Дәлізден «Мать моя» деп айқайлап кіремін. Дауысымды естіп, қуанып қалады.  Жасы үлкен кісі болғасын ба, тынымсыздау. Аздап қырсық-қыңырлығы да бар. Сыртқа шықса, құлап қала ма деп зәреміз ұшады. Сондықтан көзімізден таса қылмай, соңынан қарап жүреміз, – дейді ол.  

Бірде кейіпкеріміздің денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жатады. Сол кезде қасында жатқан өзге ұлтты әжейге киімдерін жуып, өзін де жуындыруға көмектесіп, тамағын дайындап беріп жүреді. Аз уақыттың ішінде өзіне жасалған шынайы қамқорлыққа тәнті болған әжей Айнагүл апайға «Мені үйіңе алып кетші» деп жалынады. Үйіндегілерге хабарласып, «Мында бір әжей мені алып кет деп жатыр» десе, бала-шағасы «Бізге біреуі де жарайды, қажетемес» деп азар да безер болады. Өзі де қиналып кеткен ол «Менің маңдайымда жалғызбасты кемпірлерді бағатын әйел» деп жазулы тұр ма деп абыржып қалады.

Кейіпкеріміздің туған шешесіне құрметі зор болғанымен, оны дәл осылай әлпештеп,  бағып көрмепті. Қарашаңырақтан көп ұзай қоймаған анасы ауылда аз күн ғана  ауырып, өмірден өткен. Сондықтан Алланың аманатындай болып, өмір жолында жолыққан қарияны өз шешесіндей аялап, қасы мен қабағына қарап, қалағанын  орындауға тырысады.

Көпшілікті «Кемпірдің үйі не болды?» деген сұрақ мазалайды. Қарияның өзі де «Сол үйді сатып, мына балаларға үй алып бер. Осы үйде өзіміз тұра берейік» деп жиі айтады екен.

– Құдайдың берер ырыс-несібесі таусылмасын. Тек бұл кейуана емес, жалпы адамдарға жасаған жақсылығымның шапағаты балаларыма тисе екен. Жай ғана көмек көрсету, қолдан келгенінше жылағанды жұбату біздің міндетіміз ғой. Ал үй туралы шешейдің ұсынысын уақыты келгенде көрерміз. Ол маған «Менің бергенім аз. Саған Құдай менен де көп береді. Жасаған жақсылығың мың есе болып қайтады» деп үнемі алғысын айтып отырады, – дейді Айнагүл апай.

Қым-қуыт тірлікпен жүгіріп жүріп, көшеде жолыққан қамкөңіл жандардың хал-жағдайын сұрап, көмектеспек түгілі, жанына тоқтамай өте шығатындар да аз емес. Жаттан бөлек жақынымен де араласатын уақыт таппай жүрген заманда бейтаныс адамға төрінен орын беру кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. «Әлемді мейірім құтқарады» демекші, біздің қоғамды Айнагүл апай сияқты мейірімді адамдар ұстап тұрғандай...

Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале