10.03.2022, 10:00
Оқылды: 32

«Дәнекер болсақ деп едік...»

Ең ұзақ деген үшін­ші оқу тоқсаны да аяқталуға таяу. ҰБТ деген шешуші сынақтың ережелері өзгергелі бұрынғыдай жанталас жоқ. Қай түлектің қай шамаға жететіні, қай межені алатыны болжанып қойған уақыт.

Бірақ бәрібір  тап осы кезең – мектеп бітіріп,  ересек өмірге аяқ басу кезеңі  жас түлек үшін  қиын да, күрделі саты болып қала бермек. Қатарластарынан қалып қоймау,  ата-ананың үміт-тілегін ақтау, мектебіне, сыныбына ұят келтірмеу сияқты жан-жақтан құрсаған проблеманың ортасындағы бозбаланың немесе бойжеткеннің халін елестетіп көріңіз. Оларды аяп жатқан, ҰБТ-дан азғантай балл жинап қалу дүниенің ақыры емес екенін айтып,  қасынан табылып жатқан ешкім жоқ. Бұл - бір.

D0A89921-5D85-4C2E-BFD2-6C7585CF5C02

Екінші, мектеп қабырғасында да  күн сайын бейқам,  бақытты өмір бар деп айту қиын.  Оның жәйін  балалары мектепте оқып жүрген, со­ның ішінде түрлі қиыншылыққа тап болғандар бек жақсы біледі. «Балалы үйдің ұрлығы жата ма?» – мектеп өмірінде түрлі әділетсіздік,  баланы алалау,  кемсіту,  қағажу жасау сияқты толып жатқан антипедагогикалық  келеңсіздіктердің де болып қалып жататыны сізге де,  бізге де аян. Ең  жаманы, ол ұмытылмай қалып қояды адамның көңілінде. Үш деп қойыңыз. Бұл үстірт қана бір шолып өткенде  ойға түсіп  жатқаны.

Кез келген ата-ананың алдынан шығуы мүмкін: мектеп – бала - отбасы арасындағы  қарым-қатынас ұсақ-түйек нәрсе емес.  «Екі шоқып, бір қарауды»  қажет етеді ол.

Білім саласының біраз ұңғыл-шұңғылын бір кісідей-ақ  білетін адам  болғасын, «Бүгінгідей  зыр жүгірген, әркім жеке мүддесін ғана  күйттеген заманда мектептегі түйіндерді шешкісі, мәселенің мәнісіне үңілгісі, араласқысы келетін кім бар дейсің, бір-бірімен ырың-жырың  болып жүре беретін шығар осылай  өздерімен өздері» деп ойлаушы едім, жасыратыны жоқ. Қате екен оным.

Осыдан алты-жеті ай бұрын бір келіншек қоңырау шалды.

«Біз - бір топ жеке кәсіпкер әйелдерміз. Кейбіріміз бұрынғы мұғалім,  жалпы бала өсірген ата-ана ретінде  білім саласы мен қоғам арасында дәнекер болсақ деп екі жылдан бері өзімізше бір нәрселер жасап жүрміз. Аты-жөнімізді айтып, жарнамаламаймыз,  көмегіміз тиген жандар туралы да  айтқымыз келмейді. Бірақ осындай ізгі ниетті негіз етіп, осы бағытта ата-аналар қауымдастығы ма, әлде басқаша бір тірек ұйым ба,  бірдеңе құрсақ, қатарымыз көбейіп,  бұдан да ауқымдырақ көлемде жыртыққа жамау, сызатқа қамсау болуға мүмкіндік туар еді. Сізбен ақылдасқымыз келеді»  дейді.

Кездестік. Әңгімеміз жарасты. Педагог-психолог екен.

Аты-жөндерін жұртқа айтып,  көзге түскілері келмейтіндерін басты шарт қылып тағы бір шегеледі.  Екі жылдан бері біраз жастың аяққа тұрып кетулеріне, қандай да бір үзіктерін жалғап жіберуге қол ұшын беріп, демеуші  болып жүрген де,  әлде бір әділетсіздікке ұшырап, алдарына жылап келген ата-аналардың ісіне араласып,  мектеп пен бала арасындағы  жағдайды шиеленістірмей шешуге ықпал еткен де біраз тәжірибелері бар, тыңдап қарасам.

Ең бастысы,  қазірдің өзінде бір-бірін танып,  ортақ мүддеге жұмылып жүрген бір қауым ел болып құрала бастапты. Ата-аналар да топтасуға ниетті екен төңіректеріне.

ҰБТ конкурсынан бір-екі балл жетпей сүрініп,  ақылы оқуға  қолдың қысқалығы ке­дергі болып тұрған, жақсы оқыса да, ҰБТ тапсыруға батылы жетпеген,  ақылы оқуға түссе де,  қаржысын төлей алмай, қиналып жүрген білімді  жастарды мектеп басшылықтарына,  оқу орындарына тікелей ұсыныспен өздері барып анықтап,  демеушілік көмектерін ұсынған деректері де бар.

«Негізінен ұлдарға көмек бергіміз кеп тұрады. Сағы сынбасын деп олар туралы мүлдем айтпайтынымыз сол.

Сабақтан бос уақыттарында ақша табулары үшін  жұмысқа да алып, қамқорлап жібереміз. Жақсылық тек кетпейді. Олардың мүлдем танымайтын адамдардан, қоғамнан жылу көрген кездегі жанарларын көрудің өзі бір дүние...» дейді танысым өзінің де  көзі  жасаурап.

Өздері арнайы грант бөліп,  оқытып отырған соң, ол  студенттердің жетістіктеріне  де құлақ түріп, қарап отырады, әрине.

– Өмірге құштарлықтары ерекше,  адамгершілікті азамат болып өсіп келе жатқандарына қуанамыз.  Өзіміз айтқымыз келмесе  де,  осындай жақсылыққа кенелгенін халықпен бөліскісі келетіндер,

«Ертең аяғыма тұрған соң мен де кейінгілерге сіздер сияқты   шын жүректен көмектесіп тұратын боламын» деп  сыр бөлісетіндері  бар, – дегені құлаққа майдай жағып,  сол  жастармен жүздескім де  кеп кетті. Бүгінгінің «Фантомастары»  дерлік осынау кәсіпкер қыз-келіншектерге  деген ризашылық та,  таңданыс та болмай қалған жоқ.

Студент жастармен көзбе-көз кездескім келгеніммен, сыпайылық  сақтап,  бара қоймадым. Қайырымды қыздарды да жүзбе-жүз көргенім жоқ әзірге.  Кейін бір сәті түсер. Ал телефон арқылы хабар алған  бір ұлдың  және  оның анасының  әңгімелерін өз келісімдерімен осы жерде  баяндап берейін.

«Ата-аналар қауымынан грант ұтып алғаным – мен үшін күтпеген жаңалық  әрі үлкен демеу болды. Мектепте қанша жақсы оқығаныммен, ҰБТ алдында толқыныс та, қорқыныш та көп болады ғой. Ал мына грант маған сенім  мен қуаныш сыйлады. Болашақта мамандығымды алып,  елге аянбай еңбек етсем  деген мақсатым бар.

Осы мүмкіндікті сыйлаған қамқор апаларға үлкен рақмет айтамын. Бұйырса, күні ертең мен де басқа балаларға осылай  өз көмегімді беріп тұратын боламын» деді БҚО жоғары медициналық колледжінің 1-курс  студенті Каримолла Еслямұлы (суретте) аз сөзбен  үлкен арманын  ұқтырып.

Ал анасы жүрегіне сыймай жүрген алғысы мен  ойларын ақтарып салды:

«Өмірімізде қанша қиындықты көріп келе жатсақ та, я мемлекеттен, я жеке адамдардан көмек сұрап та,  алып та көрмеген басымыз, мектептен хабарласып, баламның осы бір игі грантқа ие болғанын айтқанда, көзімнің жасы бұрқ етті. Бір жағы, таң қалдым. Талабы көп, материалдық мүмкіндігі аз жастарды қолдап жүрген осындай  жомарт жүрек жандар бар екенін біреу айтса, сенбес едім.

Осы гранттың арқасында  балам өзі армандаған оқуына түсті. Оқуы жақсы. Мұнда да, мектебіндегі сияқты білім жарыстарына қатысып,  жүлде,  алғысхаттар  алып  жүр.

Егер  кәсіпкер аналар қамқорлап, 318 500  теңге оқу ақысын  төлеуге көмек қолдарын ұсынбағанда,  бұл колледжге түсу арман болып  қала беретін еді.

Мүмкін,  Алла қосса,  күні ертең  фельдшер болып шыққанда менің балам да талай сырқаттың сауығып шығуына себепші болып, алғысқа бөленер. Періште-қанат апаларының  еңбегін солай қайтарар. Жолдасым ерте қайтыс болған, өзім денсаулықтың себебінен  еңбекке жарамаймын.  Баламның дәрігерлікті таңдағаны да сол  шығар...»

Ия, мұндай ізгі бастама қанатты кеңге жайса игі.  Бір жерге топтасса, игі мейірімімен жан-жағын жылытуға әзір жандар.

Мектеп, білім басшылары жатсынбай, әр тарапқа тартпай, біріге жұмыс жасаса,  жаман болмас еді. Прогресшілдік  қой  алға – Жаңа Қазақстанға  апаратын.

Айтпақшы, сол бастамашы  келіншек ата-аналарға арнап сауалнама құрастырып, білім саласының лауазымды  қызметкеріне барып жолыққан екен. Ойларын қостапты. Анкета арқылы ата-аналар қауымының жалпы  ой-пікірін зерттеуді қолға алған сыңайлары бар.

Танысып,  сауалнамаға қатысамыз десеңіз,  мәтіні  міне:

Ата-аналарға арналған анонимдік сауалнама:

  1. Неше балаңыз бар?
  2. Жоғары сыныпта оқитын балаңыз бар ма?
  3. Мектеп ауыстырдыңыз ба? Ауыстырған болсаңыз, себебі?
  4. Балаңыздың білім сапасына көңіліңіз тола ма? Оны қалай тексересіз?
  5. Репетитор жалдауға қалай қарайсыз? Сіз қай сабақтардан репетитор алар едіңіз?
  6. Мектепке, сабаққа қызығып бара ма балаңыз?
  7. Ата-аналар жиналыстарына барып тұрасыз ба? Өтуіне көңіліңіз тола ма? Не ұсынар едіңіз?
  8. Мектеппен, мұғаліммен, сыныптастарымен конфликт жағдайлары болды ма? Болса, қандай? Шешімін қалай таптыңыз?
  9. Балаңызбен бірге оқитын сыныптастарын, достарын танисыз ба? Ата-аналарын ше?
  10. Сізге мектеп тарапынан ең ұнамайтын және ең ұнайтын не нәрсе?
  11. Балаңызды Оқу орталығына бердіңіз бе, берсеңіз, ойыңыз қалай?

Жауабын 8 747 081 74 37; 8 777 468 65 34 whatsapp нөмірлеріне жөнелтуіңізге болады.

Ескерту: сауалнамаға барлық ата-аналар қатыса алады. Балалары мектеп бітіріп кеткендер,  студенттер де ойларын жазса,  құба-құп.

Соңғы кезде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен Оқу орталықтары мен сол  орталықтарға баласын  ақылы  оқуға берушілердің көбейіп кеткені де қоғамның назарынан тыс қалмауы тиісті мәселе.  Тіпті мұғалімдердің өздері оқушыларды ҰБТ-мен қорқыта-қорқыта, айына 50-60 мыңнан төлеп, Оқу орталығына  барып оқуға шамасы келмеген балаларды  Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан бас тартатын жағдайға жеткізетін «тәсілдер» де кездеседі. Мұның артында қаржы қарпып қалуға мүдделі топтар тұр, бір. Мұғалімнің еңбек нәтижесін тасалау әрекеті тұр, екі.  Бұдан соң мектепте бедел қала ма?  Шәкіртті ҰБТ-ға мектеп мұғалімдерінің  өздері  дайындамаса, бұл дегеніміз – олар үшін ардың ісі болмаса, ұстаздықтың қадірі қайтіп артпақ?

«Бұл ұсыныс қолдау тауып, ата-аналар қауымдастығы құрылып жатса, пайдасы көп болады» деп  тұжырдым осынау  аз ғана топтың атқарып үлгірген  адамгершілік істерімен таныса келе. Осы мақаланы  жазып отырғаным да сол.

Ата-ана мен мектептің байланысын нығайту қанша­лықты қажет болса,  білім саласы мен қоғамның   байланысын  нығайту соншалықты қажет екенін уақыт көрсетулі. Сол  талаптың  үдесінен табыла алсақ қане...

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале