Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қолға алынған жаңа ауқымды реформалар туралы айтып берді.
«Бүгін өздеріңізді марапаттай отырып, Қазақстанның көркейтуге үлес қосқан барлық азаматқа ризашылық білдіреміз. Сіздер нағыз отаншылдықтың, кәсіби білік пен адал еңбектің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Осыдан бір жыл бұрын мен үлкен мерейтойды шусыз, даңғазасыз, ысырапсыз нақты жұмыстармен атап өту қажеттігін айттым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жаңа ауқымды реформалар қолға алынды. Сондықтан, бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар», - деді Мемлекет басшысы наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде.
Президент экономика мен әлеуметтік салалар жан-жақты жаңғыртылып жатқанын еске салды. Індетке қарамастан мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде.
«Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы, қаржы секторы жүйелі түрде дамып келеді. Өңірлерде ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Кешенді жаңғырту білім беру және денсаулық сақтау саласында да жүріп жатыр. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, зейнетақыны, жәрдемақыны, жалақыны тұрақты арттырады. Мемлекеттік басқару жүйесінде де үлкен өзгерістер болды. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған 10 ұлттық жобаны бекіттім.
Қоғамдық саяси салада елеулі өзгерістер жасалуда. Мен ұсынған саяси реформалар топтамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Біз Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлауды өткіздік. Биыл маусым айында адам құқықтары саласындағы алдағы шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат құқық қорғау саласын кешенді түрде жаңыртуға бағытталған. Қоғамдық диалогты біртіндеп дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мұның бәрі азаматтарымыздың шешім қабылдау және мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Еліміздің ең жоғары атағы – «Қазақстанның еңбек ері» марапаты үш адамға табыс етілді.
«Отан» орденімен еңбек ардагері, көрнекті мелмекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбек пен танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева және көрнекті жазушы Сәбит Досанов марапатталды.
Ал І дәрежелі Барыс орденімен мемлекет және қоғам қайраткерлері – Нұртай Әбіқаев, Дариға Назарбаева, Қуаныш Сұлтанов және белгілі ғалым Тілектес Есболов, «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев марапатталды.
Қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің мәдени дамуына және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат «Парасат» орденімен марапатталды.
Сонымен бірге, Президент шахматшы Жансая Әбдімәлікті «Құрмет» орденімен марапаттады.
Ал Күнсұлу Закарияға әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық табысталды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ұсынған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету: озық ғылыми технологиялар және өндіріс» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закарья бас директор болып табылатын авторлық ұжымға берілді.
Дереккөз: ҚазАқпарат