Апта басында Дубайда ересектер арасында бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Он салмақ бойынша сынға түскен жігіттерімізге алтын медаль бұйырмады.
Бұл чемпионатта, әдетте қазақстандықтар үшін мықты бәсекелес саналатын Өзбекстан боксшылары ғана емес, моңғолиялық және үндістандық боксшылар да командалық есепте алға шықты. Финалдық қазақстандық бес боксшы да жеңіліс тапты. Алайда көзі қарақты көрермен бұл сайыста төрешілер тарапынан әділетсіздіктің көп болғанын біледі. Финалға шыққан Даниял Сәбит (49 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Василий Левит (91 кг) және команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) күміс медальді місе тұтты. Ал бокстан әйелдер құрамасы ел тарихында бұрын-соңды болмаған жеңіске қол жеткізіп, сегіз алтын медаль жеңіп алды. Олардың қоржынында бір-бірден күміс пен қола жүлде және бар.
Чемпионатта жерлесіміз Даниял Сәбиттің ел намысын қорғап жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Ол – боксқа келгеніне бас-аяғы 2 жылдан астам уақыт өтсе де ел чемпионы атанып үлгерген спортшы. Былтыр Шымкентте Қазақстан чемпионатында ең жеңіл салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған еді. Сол кезде Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев оның жеңіске деген құштарлығын, табандылығы мен еңбекқорлығын жоғары бағалады. Талантты боксшының ұлттық құрамаға қосылатынын айтты. Дубайдағы чемпионатта Даниял бапкерлердің сенімін ақтап, талайдың таңдайын қақтырды. Өйткені шаршы алаңдағы айқаста оның жалынды жігеріне, батылдығы мен шапшаңдығына көпшілік куә болды.
– Даниял биыл Санкт-Петербургте өткен халықаралық жарыста қола жүлдегер атанып, бапкерлердің көзіне түскен еді. Сол кезде ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев оны Азия чемпионатына қатысатындардың қатарына қосты. Даниял кешегі өткен чемпионаттағы алғашқы жекпе-жегінде индонезиялық өте тәжірибелі боксшы Корнелис Квангумен кездесті. Бірінші раундта Даниял ұпай санымен ұтылып жатты, бірақ 2 және 3-раундтарда басымдық танытып, қарсыласын шаршатып жеңді. Жартылай финалда өзімен шамалас филиппиндік боксшы Лестер Дюренспен айқасты. Ол дөте жылдам, алғыр боксшы екен. Бірақ Даниял оны үш раундта да бас көтертпей, жеңіп, ақтық сынға шықты. Финалда Нодиржон Мирзахмедов есімді Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 26 жастағы өзбек боксшымен кездесті. Меніңше, Даниял тәжірибесі сәл жетпесе де, өзбек боксшысына үш раунд бойы демалуға мұрша берген жоқ. Сөйтіп чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Алайда мен төрешілердің бұл жекпе-жекте 5:0 есебімен өзбекке басымдық бергенімен келіспеймін. Меніңше, екеуінің арасындағы жекпе-жек кем дегенде 3:2 ұпаймен аяқталу керек еді. Бір-екі дәл соққы тигізіп, қашып жүріп қозғалғаны болмаса, өзбек боксшысы айқын басымдықпен жеңетіндей белсенділік танытқан жоқ. Екеуі теңбе-тең бокстасты. Керісінше, шабуылдағанда Даниял белсенді болды. Көрермендер де қазақ боксшысы алда болғанын айтып жатты. Бұндай жағдай Даниялдың ғана басынан өткен жоқ. Шәкіртімді жас, тәжірибесіз деп санаса да, басқаларына әділ баға беру керек еді.
Даниялдың боксқа қатысқанына 2 жылдан асты. Ал чемпионатқа 10-15 жыл бокстасқан тәжірибелі спортшылар қатысты. Даниял чемпионаттан соң, өзінің тәжірибесіздігін айтып, жеңілгеніне өкінішін білдірді. Әрине, шәкіртімнің алар асуы алда. Сондықтан оның жасымай, болашақта арман-мақсатына қол жеткізетініне сенемін, – деп ойымен бөлісті Даниялдың бапкері Саттар Сұлтанғалиев.
Даниял мен бапкері енді қазан айында Сербия елінде өтетін әлем чемпионатына баруды жоспарлап отыр.
Дайындаған Айна Имашева,
zhaikpress.kz