Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Берлин кинофестивалінің беделді бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы таратқан мәліметке сенсек, 2022 жылы 10-20 ақпан аралығында өтетін 72-ші халықаралық Берлин кинофестивалі «Форум» атты беделді бағдарламасына қатысатын бірнеше фильмнің тізімін жариялаған.
«Олардың қатарында қазақстандық туынды режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі де бар. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді» делінген хабарламада. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға батқан басты кейіпкер нәзік жүректі ақындардың өмірі қашан да қиын болғанын түсінеді. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты автобиографиялық әңгімесі желісімен жазылған. Фильмдегі басты рөлді «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев сомдайды.