14.03.2024, 11:45
Оқылды: 75

Дариға Мұштанованың мерейлі жасына орай «Наурыз назы» атты әдеби-музыкалық кеші өтті

 «Атамекен» өнер ордасында «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы, ұстаз Дариға Мұштанованың мерейлі жасына орай «Наурыз назы» атты әдеби-музыкалық кеші өтті.

432729714_2177260189282917_5366669003809843430_n

Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды.

432738631_2177260325949570_8083238629204359451_n

Ақынның кешіне облыс әкімі Нариман Төреғалиев, еңбек ардагерлері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өлеңге іңкәр өңір жұрты қатысты.

432703235_2177260182616251_505297848158201339_n
Кеш барысында ақын Дариға Ғазезқызының өмірі мен өнері, еңбек жолы, қайраткерлігі туралы мазмұнды бейнебаян көрсетілді.

Бейнесюжетте ақын өзінің өскен ортасы, туған жері, шығармашылық кезеңдері мен айтысқа қатысқан жылдарын, ұлы қызмет – ұстаздық жолын әсерлі жеткізеді.

432753585_2177260239282912_1083942695062320547_n

Ақынның көптің көңілінен шыққан, елдің жүрегінде сақталған бірқатар өлеңін театр өнерінің тарландары Ербол Есендосов, Медғат Өмірәлиев, Қуандық Қыстықбаев бейнепоэзия арқылы оқыды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Еркін Өтегенов, Күләш Қуанышқалиева, Майра Хайдарова, Ақмарал Ахметова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова, «Үшқоңыр» тобы Д.Мұштанованың сөзіне жазылған әндерді әуелетті. «Назерке», «Салтанат», халықтық «Ақжайық» би ансамбльдері де көрерменнің қошеметіне бөленді.

432773955_2177260209282915_3427204710051259387_n

Сондай-ақ Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Азат Мыңбаев Д.Ғазезқызының төл туындысы «Құрманғазы монологін» оқыса, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов Д.Ғазезқызының сөзіне жазылған, Қ.Қисметовтің «Өмір» атты әнін шырқады.

432702585_2177260249282911_4170217069378421998_n
Кеш иесі Дариға Ғазезқызы емеурін танытып келген ел-халқына ерекше ризашылығын білдіріп, тебірене өлең оқып, Жайық жұртына жауһар жырдан шашу шашты. Сондай-ақ бұл күні Дариға Ғазезқызының су жаңа «Нәркес» кітабының тұсауын Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Амангелді Шахин мен белгілі ақын-журналист Ғайсағали Сейтақ кесіп, ізгі тілектерін білдірді.

432777232_2177260309282905_4096652756379431724_n
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Ақ Жайық өңірінің аяулы ақыны Дариға Ғазезқызын мерейлі жасымен құттықтады.

- Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің еселі еңбегіңізге қай кезде де құрметпен қараймыз. Бүгінгі шығармашылық кешіңізде жоғары деңгейде өтуде. 1 сағаттық кештің артында үлкен еңбек, бір адамның ғұмыры жатыр. Жас ұрпаққа және өңір жастарына үлгі-өнеге болатындай ғибратты ғұмыр кешкен қадірлі жансыз. Сізге елдің атынан да, өзімнің атымнан да мың алғыс білдіремін, - деп облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы кеш иесіне құттықтау хат, гүл шоғын табыстап, иығына зерлі ақ камзол жауып, сый-құрмет көрсетті.
Айта кетсек, Дариға Мұштанова – айтыс өнерін жаңғыртуға атсалысқан ақын. «Адамның жаны – бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат» жыр жинақтарының авторы. Біраз жыл ұстаздықпен айналысып, Қазақстан білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері атанған.

Алтынбек Ермекқалиев,

фотоға түсірген автор
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале