31.10.2023, 17:00
Оқылды: 38

Дәрігер жолы

Жер бетіндегі абыройлы, құрметті мамандықтардың бірі – дәрігер.  Алай­да ол қаншалықты құрметті болса, жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Дәрігер нау­қасты емдеп қана қоймай, оның жанын түсініп, жылы сөзімен дем беруі де керек. Мі­не, осындай мамандық иелері­нің бірі – Клара Хамзина.

клара бакытжанкызы

Клара Бақытжанқызы 1962 жы­лы 2 қарашада Орал облысының Жәнібек ауданындағы Ақоба ауылында дүниеге келген. Замандастарымен бірге мектепке барып, оқу бітірген соң, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түседі. 1986 жылы жоғары оқу орнының емдеу ісі факультетін бітіреді. Кейін Орал қаласында интернатураны тәмамдайды.

К. Хамзина еңбек жолын 1987 жылы Бөкей ордасы аудандық ауруханасында дәрігер болып бастаған. 1990 жылы отбасын құрып, Жаңақала ауданына қоныс аударады. Сол аудан орталығындағы ауруханада дәрігер-терапевт, кейін жасөспірімдер дәрігері болып қызметін жалғастырады. Антына адал маман талай адамның алғысын арқалап, денсаулығын жақсарту үшін аянбай еңбек етті.

«Дәрігер болу – абыройлы да жауапты іс. Өйткені адамның өмі­рі бәрінен де қымбат. Сонымен қатар дәрігер мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы болуы керек», – дейді ақ халатты абзал жан.

Клара Бақытжанқызы Жаңақала ауданы халқының денсаулығын сақтауда күн-түн демей еңбек етті. Қыстың аязды күндерінде, көктем мен күздің жауын-шашынында, аптап ыстықта жедел жәрдем көлігімен жолда жүрді. Талай ауыр науқасқа дер кезінде көмек көрсетіп, ажал тырнағынан арашалап қалды. Көптеген жанның білте шамдай үмітін үзбей, сауығып кетуіне барын салды. Шаңырақтарға шаттық сыйлады. Ал жасөспірімдер дәрігері ретінде, әсіресе, қыз балаларға үнемі ақыл-кеңес айтып отырды. Клара Бақытжанқызы көп жылғы абыройлы да еселі еңбегі үшін бірнеше мәрте аудандық, облыстық деңгейдегі грамоталармен және дипломдармен марапатталды. «Пациент дауысы» байқауының жеңімпазы болды.

Клара Хамзина қазір Оралдағы №2 қалалық емханада жасөспірімдер дәрігері болып қызмет етеді. Мұнда да науқастарға шипалы ем дарытуда.

Әлемді шарпыған індет елімізде де орын алып, қауіпті дерттің таралуы қарқын алған кезеңде алдыңғы шепте жүрді.  Осылайша кәсіби білікті дәрігердің қандай жағдайда да халыққа қызмет көрсетуге дайын екенін дәлелдеді.

Клара Бақытжанқызы жұбайы екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Анасының жолын қуған кіші қызы Дария былтыр М. Оспа­нов атындағы БҚМУ-ды бітірді. Биыл Алматыдағы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да генетика саласы бойынша резидентурада білім алып жүр. Дертпен күрескен денсаулық сақшысы Клара Бақытжанқызы қарашаның 2-сінде талай жылғы еңбегінің жемісін көріп, зейнет демалысына шығады. Науқастарға шипа дарытып, алғысын арқалаған абзал жанға шат-шадыман ғұмыр тілеймін.

Жамал Биляшева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале